Жарнама
Экология

Қоршаған ортаны қалай жақсартамыз?

Атырау облысында экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған нақты қадамдар қолға алынып, өңірде «жасыл бастамаларға» кеңінен жол берілуде. Атмосфераны ластайтын зиянды заттардың көлемі азайып, кәсіпорындар  біртіндеп заманауи экотехнологияларға көшіп жатыр.

Облыста I санаттағы 83 кәсіпорын жұмыс істейді, олардың басым бөлігі мұнай-газ саласына тиесілі. 2023 жылы атмосфераға таралған зиянды заттар көлемі 289 мың тонна болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 283 мың тоннаға дейін төмендеді. Бұл экологиялық ахуалдың біртіндеп жақсарып келе жатқанының айқын дәлелі.

Былтыр өңірде бірнеше өндіріс орны зиянды шығарындылар көлемін едәуір азайтты. Мысалы, «Ембімұнайгаз» АҚ – 318 тоннаға, «AEKK Munai» ЖШС – 32 тоннаға, «Светланд Ойл» ЖШС – 25 тоннаға, «Қожан» АҚ 132 тоннаға төмендетті.

Мұндай деректер туралы Атырау облысы бойынша экология департаментінің кезекті алқа отырысында жан-жақты айтылды.

Департаменттің экологиялық реттеу бөлімінің басшысы Индира Агенованың айтуынша, бұдан былай кәсіпорындардан ең үздік қолжетімді технологияларды (ЕҮТ) қолданысқа енгізу талап етіледі.

–Біз табиғат қорғау іс-шаралары аясында кәсіпорындардан заманауи реконструкция және модернизация құралдары арқылы өндірісті жаңартуды талап етеміз. Бұл ауаға таралатын зиянды заттардың көлемін айтарлықтай азайтады. Сонымен қатар облыста көгалдандыру жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. Осы мақсатта облыс әкімдігі, төрт ірі кәсіпорын мен мекемелер арасында арнайы меморандумға қол қойылды. Бұл келісім өңірдің экологиялық ахуалын жақсартуға қосымша серпін мен мүмкіндік береді, — деді ол.

Аружан МАКСИМОВА,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті журналистика бөлімінің студенті
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button