Қоғамдық тыңдау: Жауапсыз қалған сұрақтар
Өткен аптада Майкөмген ауылында «Теңізшевройл» ЖШС 2025-2027 жылдар аралығында нысандарды пайдалану және жоспарланған қызмет жобаларына арналған экологиялық рұқсатты алу туралы қоғамдық тыңдау өткізді. Оған Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова, компания өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты. Тыңдауда өндірістік нысандарды пайдалануға экологиялық рұқсат алу үшін құжаттар пакеті мен 2025-2027 жылдарға арналған 52 жобаның жобалық құжаттамасы ұсынылды.
Компания ұсынған жобада күкірт карталарын қалпына келтіру процесінде қалдық күкіртпен араласқан қиыршық тас пен құмнан тұратын картаның қорғаныш жоғарғы қабатын алып тастау көзделген. Әсіресе, алтыншы, жетінші және сегізінші карталарға қатысты сұрақтар көбірек туындады.
Осылайша, оларға «қалдық» емес, «материал» мәртебесін бере отырып, оны оқшаулағыш қабатсыз, ашық аспан астында сақтау жоспарлануда. Күкірт, тас, құм араласқан бұл қалдықтың көлемі – 315 мың тонна. Ал, тұрғындар тарапынан күкірт алаңын әрі қарай пайдалану тәсілі, егер пайдаға аспаса қалай кәдеге жаратылатыны немесе жою тетіктері сұралды.
Облыстық мәслихат депутаты, экобелсенді Арман Хайруллин бұл мәселеге алаңдаушылық білдіріп, Zoom бейнеконференциясы арқылы өзін толғандырған сұрақтарын қойды. Оның сөзінше, 19 қарашадағы қоғамдық тыңдауда карталардағы күкірт қалдығының мөлшері 10% делінген. Ал, өзі жобаның түсіндірмесінен қарағанда жиынтығы 79% болыпты.
– Бұл қалдықтарды «қалдық» емес, «материал» деп дәлелдейтін анықтама беріңіздер. Және бұл жай қағаз жүзінде емес, ғылыми зерттеу нәтижесі болуы керек. Немесе осыларды пайдалануға мүмкіндік беретін құқықтық-нормативтік актілер тізімінде бар құрылыс стандарттарын халық алдына ұсыну қажет. 315 мың тоннаны сатып алып кетеміз деп ант-су ішетін құзыреттілік күші бар келісім-шартты көрсетуді сұраймын. Әйтпесе бұл қалдықтар экологиялық талаптарға сай сақталмаса топырақ, жерасты суы және ауаны улайды. Күкіртті сутегі мен күкірт диоксидін бөліп, қоршаған ортаны, халықты тағы да сорлатуы мүмкін, — деді А.Хайруллин.
Мәслихат депутатының сөзінше, 2003 жылы облыстағы жауын-шашынның құрамындағы минералдылығы бірнеше ондаған есе лас болған. Ал, ластаушы заттар одан бері тек кумуляцияланып жатқанын ескерген жөн.
– Жауындағы күкірт қышқылын 2002 жылдан бері зерделеп отырмын. Атырауда көрсеткіш көбінесе 77-100 мг/л-ден түспеген екен. Көмір, азот қышқылдары бойынша да барлық мәлімет адам шошырлық. Республиканың басқа өңірлерімен салыстырғанда көрсеткіштеріміз ондаған есе көп. Біз бұл жобаға келісім бере алмаймыз. Күкірт аралас қиыршықтасты «қалдық» ретінде қарап, қайта пайдаға асыру жобасын жасаңыздар, — деді депутат.
Компания 2006-2011 жылдар аралығында 1413 гектар жерге жасыл желек егуге міндеттелген, оның қанша пайызы орындалғаны да белгісіз. Сондай-ақ, А.Хайруллин компанияның санитарлық қорғау аймағы, Болашақ кеңею жобасына қатысты да сұрақтарына нақты жауап беруді сұрады.
Депутаттың пікірінше, компания қоғамдық тыңдауға тиісті деңгейде дайындалмай келген, тіпті ол заңнамада көрсетілген талаптарға сәйкес өтпеген.
Қоғамдық тыңдаудың төрағасы, аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова күкірт алаңдарындағы қалпына келтірілетін 6-8 карталарға қатысты қоғамдық тыңдау пысықталуы қажеттігін, тақырыптың тиісті деңгейде ашылмағанын, сол себепті келесі жылғы тыңдауларға ұсынылатынын ашық айтты. Бірақ ТШО компаниясының қоғамдық тыңдаулары талапқа сай өткенін жариялады.
– Қоғамдық тыңдау бұл тақырыпта алғаш рет 19 қарашада өтті. Онда күкірт карталарына қатысты сұрақтар туындаған соң, 22 қарашаға белгіленді. Екі жұмыс күні ішінде хаттама дайындалып, талаптарға сәйкес ашық көздерде (экопортал және әкімдік сайты) орналастырылды. ТШО өкілдері осы жоба бойынша жеке баяндама мен таныстырылым дайындап, экологиялық бағалау нәтижелерін ұсынды және жобаның мақсатын түсіндірді. Қоғам өкілдері жобаны жетілдіріп, күкірт карталарының жоғарғы қабатын басқару бойынша нақты жоспарларды ұсынуды талап етті. Хаттамаға жобаны жетілдіру және оны қоғамдық тыңдауларда қайта талқылау қажеттілігі туралы ескерту енгізілді, яғни бұл жоба қабылданған жоқ, — деді Гүлнафис Аязберікқызы.
Тыңдау хаттамалары қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органға ұсынылмақшы.
Алмас ҚАБДОЛОВ
Жылыой ауданы
* Сұрақ-жауап
Қалың бұқараны алаңдатқан жағдайға байланысты туындаған сауалдарға «Теңізшевройл» компаниясының баспасөз қызметі төмендегідей жауап берді.
– Күкірт карталарының қалдығындағы күкірт мөлшері неше пайыз?
– Гидрооқшаулау негізінде пайдаланылмайтын 6, 7, 8-нші күкірт карталары құрылымының ажырамас бөлігі – құм-қиыршықтас қабаты бар. 2015 жылға қарай осы күкірт карталарынан күкірт шығарылды, ал олар содан бері пайдаланылмаған. Қазір осы карталарда таза (араласпаған күйінде) күкірт жоқ.
Қоғамдық тыңдауда талқыланған «Бұрынғы 6, 7, 8 күкірт карталарынан жоғары қорғаныс қабатын алып тастау және шығару» жобасында алынбайтын қатты күкірт қалдықтарымен араласқан осы құм-қиыршықтас қабатын алып тастау және оны өнім өндіру үшін қайта пайдалану қарастырылған.
– Компанияның санитарлық қорғау аймағының көлемі қанша?
– Санитарлық-қорғау аймағы (СҚА) – Теңіз кен орнындағы өндірістік нысандар мен елді мекендер арасындағы бөлінген аймақ. Қазір Теңіз өндірістік нысандарының айналасындағы СҚА өлшемдері Қазақстан Республикасының заң талаптарына толық сәйкес келеді. ТШО-ның СҚА радиусы – орталықтан 50 км және ең шеткі көзден 10 км. Ең жақын елді мекен СҚА шекарасынан 48 км қашықта орналасқан.
ТШО Экологиялық кодекс талаптарына сәйкес «Өндірістік экологиялық бақылау» бағдарламасы аясында санитарлық-қорғау аймағының шекарасындағы ауа сапасына тұрақты мониторинг жүргізеді. Мониторинг нәтижелері артықшылықтардың жоқтығын растайды, бұл белгіленген СҚА шекараларының жеткіліктілігі мен өзектілігін көрсетеді.
– Кейбір қоғам белсенділері жобадағы құжаттардың бір-бірімен сәйкес келмейтінін айтады, онымен келісесіз бе?
– ТШО үшінші тұлғалардың мәлімдемелеріне түсініктеме бермейді. Құжаттардың сәйкестігі туралы құзыретті мемлекеттік орган шешім қабылдайды.
Алайда, қоғамдық тыңдауға ұсынылған жобалық құжаттама жобалардың мазмұны мен құрамына қойылатын нормативтік талаптарға сәйкес келетінін атап өткен жөн. Жобалар экологиялық рұқсаттарды беру процесінде міндетті мемлекеттік экологиялық сараптамадан өтеді, оның аясында құзыретті мемлекеттік орган жобалардың экологиялық, басқа да заңнамалық талаптарға сәйкестігін тексереді.
Коллажды жасаған: Сая РАМАЗАНОВА