
Қазақстанға керқұландардың жаңа тобы жеткізілді
Жуырда Қазақстанға жаңа керқұландар тобы әкелінді. Бұл — “Жабайы жылқылардың оралуы” жобасы аясындағы екінші халықаралық тасымал, — деп хабарлайды республика Экология және табиғи ресурстар министрлігі.

Жаңа керқұландар тобы Прага зоопаркі мен мажар Hortobágy ұлттық паркінен әкелінді. 2 маусым күні жеті жылқы тиелген екі әскери ұшақ Чехия мен Мажарстан елдерінен ұшып шықты. Жануарлар бір тәуліктей алыс жол асырды. 3 маусым күні таң ата екі ұшақ Арқалық әуежайына келіп қонып, жануарлар «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерватының аумағындағы жабайы тұяқтыларды реинтродукциялау орталығына тағы 5 сағат жол жүрді. Олар осындағы кең қашаларда бір жыл ұсталады да, кейін жабайы табиғатқа жіберіледі. Орталықта жылқыларды жайғастыратын қажетті инфрақұрылым мен күтіп қарайтын мамандар бар.
«Қазақстандағы биоәралуандықты сақтау жұмысының жетекші органы ретінде табиғатымызды қалпына келтірудегі осындай маңызды кезеңді басқару — біз үшін асқан құрмет. Бір жылдық жұмыстың керемет нәтижесі — екінші топ керқұландар аман-есен келіп жетті, ал бірінші топ әбден көндігіп, «Алтын Дала» мемлекеттік резерватының инспекторларының қорғауымен жабайы табиғат тіршілігіне толық дайын», — дейді Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев.
Прага зоопаркінің директоры Мирослав Бобек бұл Прага зоопаркінің Чехия әскерімен серіктестікте керқұландарды Орталық Еуропадан Қазақстанға екінші рет тасымалдауы екенін айтты.
– Еуропалық зоопаркілер мен асыл тұқымдыларды өсіретін орталықтардан келген бұл жылқылар жабайы табиғатта жергілікті популяция құруға негіз болады. Тіршілікке бейімді әрі генетикалық алуан түрлі популяция қалыптаспайынша, алдағы жылдары осы күрделі жобаны жалғастыруға барынша тырысамыз», — дейді М.Бобек.

Керқұлан (Кертағы) — әлемдегі жабайы жылқылардың ақырғы түрі. Ол XX ғасырдың ортасына қарай жабайы табиғаттан құрып кетті. Содан бері түрді қалпына келтіру бағдарламаларына зоопаркілерде сақталған бүкіл керқұланның үлесі тиді. Қазақстанда жабайы жылқыларды қалпына келтіру жобасы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетімен, АСБК-мен, Франкфурт зоология қоғамымен, Нюрнберг зоопаркімен, Берлин зоопаркі және Берлин жануарлар паркі бірлескен Tierpark Берлинмен, Hortobágy ұлттық паркімен серіктестікте 2024 жылы басталды. Жабайы жылқыларды Қазақстанға қайта жерсіндіру жұмысы бұдан бұрын жануарлардың Прага зоопаркінен Моңғолиядағы мекеніне сәтті қайтарылған тәжірибесіне сүйене отырып жүзеге асады.
Бірінші топ 7 бас керқұлан Қазақстанға 2024 жылғы маусымда келді. Орталықтың мамандары мен мал дәрігерлері жыл бойы жылқыларды бақылады. Жануарлар алғаш рет Торғай даласындағы -30 °C аязды қысын аман-есен қыстап шықты, үйренді, қажетті ветеринарлық тексерулерден өтті. Умбре мен Веспе деген екі биеге жануарларды босатқаннан кейін қозғалысын бақылайтын GPS-қарғыбауы тағылды. Босатылған жылқыларды қорғау және бақылау жұмысын мемлекеттік инспекторлар мен АСБК қызметкерлері орындайды.
«Керқұландардың алғаш тобын Орталық Қазақстанның жабайы табиғатына жіберу — түрді тарихи мекеніне қайтару жобасын іске асырудағы маңызды қадам. Реинтродукция орталығында жыл бойы күтіп қаралған жануарлар — мамандар мен мал дәрігерлері командасының атқарған тиімді жұмысының нәтижесі», — дейді АСБК атқарушы директоры Вера Воронова.

2029 жылға дейін Торғай даласына жануарлардың одан әрі көбейіп, тұрақты популяция түзуіне жетерліктей 40–45 бас жылқы әкелу жоспарда. Қостанай облысының оңтүстігіндегі «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерваты жайылым жері жақсы, суы бар болғандықтан жерсіндіру орны боп таңдалды. Жабайы табиғатқа жібергеннен кейін жылқылардың қауіпсіздігін мемлекеттік инспекторлар қамтамасыз етеді.
Жылқылар мен құландар секілді ірі тұяқтылардың дала экожүйелерінің қалыпты жұмысына тигізетін пайдасы орасан зор. Олар алыс арақашықтықта өсімдік жамылғысын ретке келтіріп, топырақтың құнарлануына ықпал етеді. Өсімдік биомассасын азайту арқылы өрт қаупін де төмендетеді, олардың көңі мен қалдығы — омыртқасыздардың көптеген түрлеріне ресурс. Бұл жануарлардың маусымдық қоныс аударуы экожүйелердегі шалғай аумақтарды өзара жалғайды. Қыста олар өзге де түрлердің тіршілігін жеңілдетеді — суға апаратын жол салады, қалың қарды таптап, астынан жем-шөп алып жеуін ықшамдап қояды. Қоректік тізбек қатарына кіретін тұяқтылар жыртқыштар мен өлексе жегіштерге азық.