
Қамысты кәдеге жарату керек
Құрманғазы ауданында Қиғаш өзені бойында орналасқан орман алқаптарының жалпы көлемі 17 595 гектарды құрайды. Оның 98 пайызы қамыспен көмкерілген. Бұл – жылдар бойы шабылмай, ретсіз өсіп кеткен қамыс. Мұндай жерлерде өрттің жиі шығатыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан қамысты алқаптардағы өрт – қазіргі таңда өте өзекті және күрделі мәселе болып отыр. Дәл осындай жағдай Атырау қаласындағы «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында да байқалады.
Бұрынғы тәжірибе бойынша қамыс жыл сайын жүйелі түрде шабылып тұратын. Құрақ аралас шөппен бірге қамыс мал азығына дайындалып, қыстық жем-шөп ретінде пайдаланылатын. Сол кезде өрт дерегі де болмаған. Кеңестік кезеңдегі тәжірибелерге сүйенсек, Құрманғазыдағы дәл қазіргі қамыс қаптаған алқаптарда шөп ұдайы шабылатын. Осындай тұрақты ұйымдасқан жұмыстардың нәтижесінде өрт қауіпсіздігі қамтамасыз етілетін.
Қазіргі таңда қамыс шабылмаған соң орманды алқаптар қамысқа толып кетті. Бұдан шығатын жол – қамысты міндетті түрде шабу және бұл жұмысты жүйелі түрде жүргізу. Бұл ретте сол жылдардағы тәжірибені облыс көлемінде қайта жаңғырту қажет.
Сонымен қатар Қиғаш бойындағы орманды алқаптарды аралдардан шығару үшін жаңадан тың жерге 500 гектарға жерге орман ағаштарын егу қолға алынғалы жатыр.
Айта кету керек, қамыстың өзін де кәдеге жаратуға болады. Мысалы, Қызылорда облысында бір кәсіпкер әйел бірнеше жылдан бері қамысты шауып, оны Еуропаға экспорттауды жүзеге асырып келеді. Осындай тәжірибені біздің өңірде де қолдану жағын қарастыруға әбден болады, бұл ең бастысы өрттің алдын алады әрі экономикалық пайда әкеледі.
Ал «Ақжайық» резерватына келер болсақ, бұл – ерекше қорғалатын табиғи аумақ. Сондықтан ондағы қамысты толық жойып жіберуге болмайды. Өйткені ол жер – аң мен құстың табиғи мекені.
Жалпы, Ақжайықтағы өрттің басты себебі Каспий теңізінің тартылуынан орын алып отыр. Бұл – тек экологиялық емес, стратегиялық маңызы бар күрделі мәселе. Сондықтан осы өңірлерге қайтадан су тарту, гидрологиялық тепе-теңдікті қалпына келтіру жұмыстары республикалық деңгейде қаралуы тиіс деп есептеймін. Сонымен қатар әр адам өрт қауіпсіздігінің алдын алуда табиғатты қорғауда салғырттық танытпай, белгіленген ережелерді қатаң сақтауы керек.
Сәрсенбай ҚАЛИЕВ,
Құрманғазы аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы