
Қамыс қашанда қажетке жараған
Каспий теңізі жағалауындағы қалың өскен шөптің, әсіресе қамыс-қоғаның өртенуі кешегі кеңестік кезеңдегі атакәсіп – мал шаруашылығы қатты дамып тұрған заманда да кездесетін. Дегенмен ол уақытта мұндай төтенше жағдай тым сирек, оқта-текте бір қайталанатын. Ал бүгінде бұл халықтың тынышын кетіріп, үрейлендіретін көрініске айналған.
Жағалауда қамыстың «көкесі» сол іргелі шаруашылықтардың дәуірлеп тұрған мезгілінде болды. Ол уақытта қамысты шауып, оны түрлі мақсатқа пайдаланғанын көрдік. Мәселен, қора салу, үй тұрғызу, боран-шашыннан ықтасын жасау, тас басқанда мықты болуы үшін балшыққа қосып илеу, тіпті қамысты ұсақтап шауып, жүгеріге қосып малға азық ретінде де қолданды. Жайық өзенінің бойын жайлаған Индер, Махамбет, Каспий теңізі өресіндегі Исатай, Құрманғазы аудандарының шаруашылықтары, әсіресе малшылары орылып, бауланған қамыс матысынан қысқы үй салып, одан қалса қора-қопсысын сайлап алғанын құлағымыз естіп, көзіміз көрді. Қамыстан тұрғызылған қыстақ орындарында ұсақ жандық өз алдына, мүйізді ірі қараға, негізінен аналық сиырлар үшін сауын гурттары салынды. Кейіннен бұлар механикаландырылған тауарлы сүт фермалары деп те аталды. Сонда қанша қатал қыс болса да, малдың тұяғы сетінемей шығатын. Жылытылған қораларда бұзауларға қолайлы жағдай жасалып, олардың да басынан шығын болмаушы еді.
Кезінде Нарын құмында қазіргі Исатай ауданына қарасты «Новобогат» пен Чапаев атындағы кеңшарлардың сиыр табыны да осы жерлерде қыстатылғанын білеміз. Оңтүстіктен жел соқса, теңіз суы малшылар отырған жерге тақалып келіп, кері қайтатын. Демек табиғаты қатал, қысы қатты малды өңірлерде қыста қолда ұстап, қорада бағылатын малдың басынан шығын болмай, түліктің өз төлі есебінен өсіп-көбеюіне бірінші кезекте себепші болған табиғаттың берген байлығы – айдын аумағын қаулап өскен қамысы екені шындық.
«Біз өрт дегенді білмеуші ек…»
Бұрын Каспий жағалауындағы ақши мен қалың қамыс өскен аумақты ықтасын пана қылу үшін төрт түлік қара күзден бастап, мамыр айының ортасына дейін қыстап, әрі азық қылып, сосын Нарынға жайлауға шығатын. Индер, Махамбет, Новобогат және Теңіз аудандарының бүкіл малшысы теңіз жағалауындағы осы аумаққа қыстаушы еді. Осының өзінен-ақ қамыстың шаруашылыққа да, мал баққан адамға да неғұрлым пайдалы болғанын байқаймыз.
Сол жылдары «теңіз жағасындағы қамыс өртеніпті» дегенді тым сирек еститінбіз. Әрине, ол кезде қазіргідей «резерват» деген мекеме жоқ, әр шаруашылық теңіз жағалауындағы өзіне тиесілі аумақтан шөп шауып, сүрлем салып, қысқа дайындығын жасайтын. Теңіз жағалауына тұрғындар да қостанып барып шөп шауып, оны маялап үйіп алып, түнде сол пішеннің үстіне жатып, таң бозарысымен шәй-суын ішкен соң ымырт үйірілгенше қол орақпен шөп шапқанына өзіміз куәміз. Сонда от жағып тамақ пісіріп, бірнеше күн жатсақ та теңіз бойында өрт болғанын көрмедік. Әр кеңшардың пішеншілерінде «ДТ-75» маркалы шынжыр табанды трактор бар. Батпақты жерде жүре алатын жалпақ табанды техника қандай жағдайда да өрттің алдын алу үшін пішен шабатын алқапты айналдыра жыртып қоршап тастайтын.
Жыл сайын ол аумақтағы қамыс мал азығына шабылғандықтан жазғытұрым жағалауға балақұрақ өсіп отырушы еді. Қазір теңіз жағалауынан пішен дайындалмағандықтан, жылда өскен қамыс шіріп қопа болып, қамысы қалыңдай береді. Егер өрт бола қалса, бықсып жанып болмайтыны да сондықтан. Қамыс бір өртенгесін түбі құрғап кеуіп, қызыл шоқ болып, әлсін-әлсін тұтана береді. Ал, ондай өртті ауыздықтау қиынға соғатыны белгілі жайт.
Бұрындары теңіз жағалауындағы қыстақтарды қарауылдап қалған адамдар жан-жаққа хабарлап, шұғыл шарасы алынатын-ды. Жас кезімізде қамыс өртенгенде, халықтық тәсілмен өрттің алдынан от қойып, артын сөндіре отырып, өрттің жалғасып кетуіне жол бермеген адамдарды да көргенбіз.
Қазіргі өрттің тез таралуына сол мезетте оның маңайында адам болмауы да себепші болса керек.
Өткеннен сабақ алар кез келді
Меніңше, қазіргі қамыс өртінің туындауының бірнеше себебі бар. Біріншіден, аңшы болсын, балықшы болсын, көбінесе өздері пайдаланған от ошағын дұрыс сөндіріп заласыздандырмайды. Шашылып қалған шыны шөлмек, пластмасса құты күн сәулесімен қызып, өрттің тұтануына себепші болатынын тәжірибе көрсетіп жүр. Бұған табиғи факторлар да себепші, мысалы күн күркіреп, найзағай ойнаса да «тілсіз жау» тұтануы мүмкін. Жаңбыр қаншама қатты, нөсерлетіп жауғанның өзінде де әбден қалыңдап кеткен қамыс-қопаның түбіне жетпей, толық өшпегесін астынан бықсып жанып, қайтадан өрши түседі.
Ендеше, бұған қандай да бір қарекет жасауымыз қажет қой. Облыста ауыл шаруашылығы өркендеп тұрғанда жем-шөп дайындау тек теңіз жағалауында ғана емес, әр кеңшарда шөп шығаратын көлтабандарға су жіберу жүйесі болды. Мысалы, өзім тұрған Чапаев атындағы кеңшардың Ауқайраң, Есіркеп учаскелеріндегі осындай алаңдарда жаз бойы пішен дайындалатын. Жылма-жыл су жібергесін әрі-беріден соң жер тұзданып не тозып, шөп сапасы нашарлайды. Қоға, қараөлең өскесін аудан басшыларын облыстағылар қолдап, Теңіз ауданының аумағындағы Новинск аралын берді. Қамыс мол шығатын бұл аралға шабушылар бригадалары қоныстанып, пішеншілер паналайтын баспаналар салып, мал азығы мәселесін шешкен болатын.
Күш біріксе, шешілмейтін шаруа жоқ
Кеңшарлар таратылғасын жағдай қиындап, қатқыл етекте шөп тапшылығы пайда болды. Мал өсірумен айналысқан кейбір қожалықтар Нарын құмына қоныстана бастады. Соңғы кезде жауын-шашынның жиі болмауына байланысты жер қуаңданып, Нарын да бұрынғы келбетінен айырыла бастады. Жаңбырдың жаумауы бір себеп болса, екінші себебі Нарынға Еділден тарайтын өзекшелердің суы жетпей қалды. Құмның терістік беткейіндегі Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданы аумағындағы Сарыөзен Нарын құмына жетіп құйса, Саратов жақтан келетін Қараөзен, Мәстексай елді мекенінен Нарындағы Қамыссамар жайылмасына келіп құйып, құмдағы 11-12 ауылға жеткен соң құмға сіңіп кететін.
Ал, Жайық өзенінен тарайтын шағын өзендер, Жаңақала ауданының бұрынғы «Жаңаталап» кеңшарының тұсынан құятын өзекшелер де Нарынға жетпей қалған. Жайықтан шығатын Бағырлай арнасы да солай.
Бұдан жарты ғасыр бұрын Нарын құдықтарының тереңдігі шамамен бір метр жарымдай, суы мол, тұщы еді. Ал, қазір құм құдықтарының тереңдігі үш метрден де тереңдеп, суы ашып барады. Бүгінде табиғат құбылысының болжаусыз өзгеруі өзіндік қиындықтарды туындатуда, әсіресе мал шаруашылығымен айналысып отырған шаруа адамдарына қиын соғып отыр. Жаз жайлауы өз алдына, қыстаққа түскенде жем-шөптен тапшылық көруде. Жыл санап жайылымдық пен шабындықтың өрісі де тарылып келеді.
Осындайда «баяғыша теңіз жағасынан шөп шабу тәжірибесін қайта енгізген дұрыс-ау» деген ой келеді. Өкінішке қарай, қамысты орып, баулап кәдеге жаратуға да мүмкіндігіміз шектеліп, қауқарымыз бен пәрменіміз жетпей қалды. Ал барының өзін батпақты, тағы басқаны сылтауратып, ақырында «тілсіз жаудың» тұзағында қалдырып отырғанымыз қынжылтады.
Кеңесіп пішкен тон келте болмас
Бір кездері Астрахан облысында қағаз, картон шығаратын комбинат болды. Сонау жылдары осы Қарақамыс жерінен қамыс плиталарын және ши тоқитын өндіріс болғаны да есімізде. Ал Батыс елдерінде ірі қамыстың сояу сабақтарынан фанера типтес плиталарды тығыздап, қарапайым халық үй құрылысына пайдаланғанына да куәміз. Егер осы тәжірибені жаңғыртып, қолға алса қалай болар еді? Қамысы шабылған жерге келесі жылы балақұрақ шығып, мал азығына орама пішен шауып, қолжетімді бағада сатса қандай жақсы болар еді.
Әрине, мұндай жұмысты ұйымдастыру да оңай болмас. Әйтсе де, теңіз жағалауындағы қамысты пайдаға асыру үшін қордаланған шаруаның түйінін ақылдасып шешу қажет. Ол үшін алдымен арнайы мекеме құрылғаны жөн. Сосын әр округ аумағында бұрынғы су шығару жүйесін қарап, оларды зерттеп-зерделеп, іске кіріскені дұрыс. Ол үшін облыс, тіпті республика деңгейінде қолдау қажет. Жекеменшік шаруашылықтарды мал азығымен қамтамасыз ету үшін қолында шөпті шауып дестелейтін, престейтін техникасы бар бригадаларды ұйымдастырған дұрыс.
Шынтуайтқа келгенде, осының бәрін де ретке келтіріп, шешуге болады. Тек соған ынта-жігер, құнт, бірлескен күш керек.
Мұрат БЕКТЕНОВ, Исатай ауданының Құрметті азаматы
Тұщықұдық ауылы