
Қамыс өрті қаскөйлердің ісі ме?
Жуырда «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватында болған өрттің шығу себебі белгісіз болып қалды. Халықтың наразылығын тудырған оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалғанымен, күдіктілер әлі анықталмады. «Тілсіз жау» шарпыған аумақты бақылайтын камералардың қаскөйлерді анықтауға мүмкіндігі жетпеді. Апаттың алдын-алу бәрінен маңызды десек, айтылған өзекті мәселелердің шешімі неде? Облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында осы сұрақтар талқыға түсті.
Өрт қалай ауыздықталды?
«Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватындағы өртке қатысты тұрғындардың айтар шағымы көп. Тынысы тарылғандар дәрігердің көмегіне жүгінуге мәжбүр. Жұртшылықтың жанайқайынан хабардар облыстық қоғамдық кеңес мүшелері кезекті алқалы басқосуды осынау маңызды мәселеге арнады. «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты директорының орынбасары Әлімғали Дауылбаевтың баяндауынша, 13-24 маусым аралығындағы өрт 13 маусымда түс әлетінде басталған.
– Біздің аумақ 50 бөлікке бөлінген. Үкімет қаулысымен ерекше қорғалатын табиғи аумақ болып есептеледі. Оқиға болған уақыттан бастап жеке құрам өрт сөндіруге кірісіп кетті. Барлық техника жұмылдырылды. Сол уақытта республикалық мекемеге хабарланды. Жасыратыны жоқ, өрт алқапты бірден шарпыды. Оның үстіне оңтүстік-батыстан соққан желдің салдарынан қамыстың иісі қалаға тарады. Әзірге қамыс өртінің көлемі 4442 гектарды құрады. Министрліктен келген арнайы комиссия аң-құстардың өлімін анықтау жұмыстарын бастап кетті. Өз тарапымыздан полиция департаментіне шағым жолдадық. Қылмыстық іс қозғалып, адами фактордың болу себебі анықталу үстінде. «Тілсіз жаудың» алдын алу жұмыстары жылдың басынан басталады. Ал өртті ұзақ уақыт бойы ауыздықтай алмауымыздың себебі – «Ақжайық» табиғи мемлекетік резерваты аумағының сулы, батпақты болуында. Соның салдарынан техникалар батып қалып, қиындықтар туындады. Ондай сулы, батпақты жерде жүретін арнайы техникамыз жоқ. Тікұшақпен су шашылып, алқаптағы өрт толықтай сөндірілді, — деді Әлімғали Дауылбаев.
Қоғамдық кеңес мүшелерінің резерват басшылығына қояр сұрақтары аз емес екен. Оларды бірінен соң бірін қойды. Айталық, былтыр облыстық бюджеттен қомақты қаражат бөлініп, аумақты бақылайтын үш камера сатып алынған. Алайда оны тікелей полиция департаментінің желісіне қоспаудың себебі неде? Осылайша «Сергек» секілді камералардағы бейнежазбалардан бірден күдіктіні ұстауға, өрт басталған кезде бірден анықтауға болар еді. Бұл камералар төтенше жағдай департаментіне қосылса да артық етпейтін.
– Аумаққа жүйелі түрде бақылау болса оған ешкім қасақана қылмыс жасамас еді. Сондай-ақ қыста неге алдын алу жұмыстары толықтай жүргізілмеді? Сол кезде-ақ қамыстың барлығын шауып, жаз мезгіліне дайындық жұмыстарын бастау тиіс болатын. Үш жыл бойы осы ұсыныстарды айтып келемін. Бірақ резерват басшылығы оған құлақ аспайды. Теңіз болса, тартылып барады. Резерватты ол жерден алып, көшіру керек, — деді облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Дидар Хамзин.

Кадрлық өзгерістер мәселені шешпейді
Ал облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Арман Жайықбаевтың пікірінше, кадрлық өзгерістер мәселені шешпейді. Резерватта қамыс өртеніп немесе басқа да жағдайлар орын алған кезде жауапты адамды алыстан іздемеу үшін табиғи қорғалатын аумақты жергілікті билікке беру керек. Мұндай қаскөйлік жасаған қылмыскер жауапсыз қалмауы тиіс.
– Кадрлық өзгерістер болды. Облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, үш бейнекамера қойылды. Алайда оның қауқары қашып бара жатқан көліктің нөмірін байқауға жетпейді. Қомақты қаражатқа сапасыз камера алынған. Шындығында, Атырау облысы – республика бюджетінің доноры. Бірақ бізде әлі ескі тікұшақ, жетіспейтін техника, осал мамандар. Қамыс өрті жалындаған кезде батпақты жерге жете алмаймыз. Сырттан бақылап, тұншығып отыра береміз. Мұнымыз қалай? Зардабын неге жергілікті тұрғындар тарта береді? Мекеменің басшысын ауыстырғаннан не ұтамыз? Санадағы мың сауалдың қашан нақты жауабын табамыз? «Қойшы көп болса, қой арам өледінің» кебін киіп отырмыз. Кейде маған осы теңіздің айналасында бизнеске талас болып жатқан секілді көрінеді. Сондықтан резерватты жабу керек немесе жергілікті билікке беру қажет. Менің ұсынысым – осы. Әйтпесе, қамыстан жиһаз жасап шығаратын күн бізге қолжетпес армандай болып көрінеді, — деді қоғамдық кеңес мүшесі.
«Түтінге тұншықтық»
Медицина саласының қызметкері, қоғамдық кеңес мүшесі Гүлзейнеп Дүсіпова жұртшылықтың денсаулығына алаңдаулы. Өйткені халық арасында сауалнама өрт әбден біткеннен кейін жүргізілген.
– Алты күн бойы өрт болды. Жаңбыр жаумаса жағдай тіптен қиындаушы еді. Өкінішке қарай резерватта жыл басынан бері бес айда 89 заң бұзушылық болған. Сондай-ақ қаражат бөлініп, бейнебақылау камералары алынды. Алайда соны неге мақсатты пайдаланбадық? Алдын-алу жұмыстарына ерекше мән беру керек еді. Ай сайын шамамен он шақты заң бұзушылық болған кезде неге бақылау күшейтілмеді? Өрт болған кезде жұртшылық арасында сауалнама жасалса, түтінге тұншыққан, денсаулығына зиян келген адамдар көп болатын еді. Өз тәжірибемнен айтар болсам, проблеманың нақты себебі анықталып, әкімдікке қаражат сұрауға ұсыныс жіберілсе, аяқсыз қалмаушы еді. Мүмкін бір жылы берілмесе келесі жылы міндетті түрде бөлінетініне сенімдімін. Мені тағы бір таң қалдыратыны, өрт шыққан кезде дабыл неге бірден түспеген? Камералар не үшін керек, орталықтандырылған жүйеге қосылуы қажет емес пе олар? Құрылғылар облыстық әкімдіктің иелігінде болғаны жөн. Сонда шұғыл әрекет етер еді. Өзге қаладағы мамандар жергілікті жағдайды білмейді. Өкінішке қарай, біз өзекті мәселелере арналған қаражатты резерватқа камералар алуға жұмсадық. Енді кінәні кімнен іздейміз? — деп түйіндеді Гүлзейнеп Дүсіпова.
Иә, «Ақжайықтың» негізгі мақсаты – табиғаттың биоалуандығын сақтау. Десек те, он шақты күнге созылған, бірнеше жылдан бері қайталанатын қамыс өртінің салдарынан қала халқы тұншықты. Осы арада облыстық қоғамдық кеңес мүшелерін ортақ маңызды қандай сауал алаңдатады? Яғни, бүгінде резерватта қорғайтын нәрсе қалды ма? Мамандар айтқандай, теңіз де тартылып барады. «Былтыр да осы жағдайды айтқанбыз, бүгінде барлығы қаз-қалпында қалды. Бұл аумақты камера бақылап отырса, адами фактор туралы неге айтамыз? Бұрын бізге сол маңда тұратын адамдар «малымызды суара алмаймыз» деп шағымданып келетін еді. Қалайша сондай жерге қаскөйлер емін-еркін кіріп-шығып жүреді? — деді қоғамдық кеңес мүшесі Нәсіп Шалабаева.
«Дрон неге ұшырмайды?»
Алқалы басқосу барысында өзекті мәселені шешу жолдары айтылды. Мәселен облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Ерлан Күмісқалиевтың айтуынша, байланыс операторларының көмегі арқылы өрт болғанға дейінгі бір апта ішіндегі қоңыраулар тексерілуі керек. Сондай-ақ 500 млн. теңгеден астам қаражатқа ешбір көлік нөмірін тани алмайтын бейнекамера алғанша, он шақты дрон алып неге ұшырып қоймасқа?
– Бұрын қаладағы қоқыс полигоны бірнеше жыл бойы өрттен көз ашпайтын. Үнемі қою түтін шығатын. Кейін ол тоқтатылды. 2020 жылдан бері онда бірде-бір өрт болған емес. Қоқыс полигоны өртенген кезде ауыр металдар шығатын. Резерватта де өртті болдырмау қиын емес. Өкінішке қарай, өткен айда да бәріміз газды жұттық. Ол ешқайда кетпейді. Әсіресе, жүкті аналарға қиын болды, құрсақтарындағы шақалақ тұншығады. Оның кері әсері қазір білінбегенімен, кейін өмірге келгенде нәрестеден көрінеді. Аутизм, ми дамуы кешеуілдеген балалармен жұмыс жасағанда көп нәрсені байқадым. Яғни, мұның да себебі жоқ емес. Біздің денсаулығымыз мықты еді. Генетик-мамандар қазір балаларға неше түрлі диагноздар қояды. Ал біздің ата-бабамыздың қанында оның бірі де болған емес. Ағзаға тараған түтін сүртіп тастаса кетіп қалатын күйе емес. Сұрақ көп, нақты жауап жоқ. Айтыңыздаршы, өрт тағы бола ма? Мені осы ахуал көбірек мазалайды,-деді Ерлан Күмісқалиев.
Маңызды сауалға жауап қайтарған резерват директорының орынбасары Әлімғали Дауылбаев өрт пен су «тілсіз жау» екенін, оған күн ысып, найзағай ойнағаны да себеп болатынын жасырмады. Алайда резерват мамандары оны шұғыл арада сөндіруге әрекет жасайтынын да атап айтты. «Ол жерде біздің мамандарымыз тәулік бойы жұмыс істеді. Олар да тұншықты. Бізге сулы, батпақты жерде жүретін шынжыр табанды техника керек, жаяу маман ештеңе бітіре алмайды. Қыста браконьерлік көп болады. Оны да қуатын техникамыз жоқ. Комитетке де, әкімдікке де өтініш білдірдік» деді Ә.Дауылбаев.
«Министрлікке хабарлама жібереміз»
Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов қоғамдық кеңес мүшелері көтерген мәселелер мен ұсыныстарды қолдады. Сондай-ақ ол жергілікті биліктің Экология, төтенше жағдайлар министрліктерімен бірлесіп резерват мәселесін толықтай зерделеп жатқанын жеткізді. Яғни меншік нысанынан бастап барлық проблемасы қаралады.
– Бүгінгідей маңызды жиынға резерват басшысының келмеуі дұрыс емес. Құрметсіздік көрсеткені туралы тиісті министрлікке хабарлама жіберу керек. Өрт сөндіру кезінде Индер, Махамбет аудандарынан арнайы техникалар алдырылып, жерді жыртқаннан соң «тілсіз жау» ауыздақталды. Тракторды сол үшін алдық. Енді 200-300 млн. теңге көлемінде қажет екен. Оны да қарастырамыз,-деді облыс әкімінің орынбасары.
Облыстық қоғамдық кеңес мүшесі Салтанат Рахимованы резерват басшылығы мен қызметкерлерінің немқұрайлылығы алаңдатады екен.
– 89 адамға әкімшілік шара қолданылған, ай сайын он шақты адамды ұстап отырсыздар? Үш мұнарада камера бар, күнәра рейд өтетіні айтылды. Ал оның нәтижелігі қандай? Адам факторы өздеріңізден басталып отыр, аумақ дұрыс қоршалмаған. Пункттен бөгде адамдар кірген. Бұл не сорақылық? Өртті дер кезінде хабарламадыңыздар. Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері келгенше 600 гектар аумақ жанып кеткен. Демек, резерват басшылығының іске немқұрайлы қарайтындығы байқалады,-деді ол.
Осыған байланысты резерват директорының орынбасары жыл сайын көктем, жаз айларында тұрғындар арасында жинақтар таратынын атап өтті. Алайда цифрлық дәуірде брошюралар тарату мәселені шешпейді. Сондықтан нәтижесіз шараларды доғаратын кез жетті.
Басқосуда қоғамдық кеңес мүшесі Лаура Сүлейменова да пікірін ортаға салды. Оның айтуынша, Атырау облысын экологиялық аймақ ретінде қабылдайтын уақыт келді. Ол үшін өткен жылы бейбіт митинг те болған. Алайда көп мәселе әлі жабық күйінде қалып отыр.
Облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Берікқали Сәрсенғалиев атап өткендей, қызметкерлердің жауапсыздығынан осындай күрделі ахуал пайда болды. Қамыс өрті күні емхана мен ауруханалар науқастарға толған.
– Неге осы күнге дейін қамыс өртеген қаскөйлер ұсталмайды? Тергеу неге толық жүргізілмейді? Экология департаменті қандай айыппұл салды? Осындай сауалдарды біз халықтың жанайқайы деп түсінуіміз керек. Айталық, Қызылқоға ауданында Тайсойған полигоны бар. Оның да бір кездері иесі болмады. Қазір онда шаруа қожалықтары орналасты. Резерват 11 мың гектар жер алғаннан кейін оны дұрыстап, күтіммен ұстау керек. Мекеме директоры орынбасарының баяндамасынан толық мәлімет ала алмадық. Халыққа тыныштық, таза ауа қажет,-деп қорытындылады Берікқали Жоланұлы.
Айбөпе САБЫРОВА,
суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ