Жарнама
Экология

Қамыс өрті: Атыраудағы ауа сапасы тұрақты бақылауда

Атырау қаласы маңындағы қамыс өртіне қатысты қалыптасқан ахуал кім-кімді де бейжай қалдырмады. Маусым айының ортасында «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының 1 510 гектар аумағында қамыс өртенуі тіркеліп, жедел штабтың шешімімен ауқымды өртке қарсы күрес шаралары ұйымдастырылды. Төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті, «Ақжайық» резерваты, орман шаруашылығы және мердігер мекемелер өртке қарсы жұмыстарға 13 маусымнан бастап жұмылдырылды. Барлығы 150-ге жуық адам мен 50-ге тарта техника тартылды.

Өрт сөндіру жұмыстары барысында 15 маусым күні «Қазавиақұтқару» АҚ-ның МИ-8 тікұшағы 33 рет әуеге көтеріліп, 100 тонна су шашты, ал 18 маусымда Маңғыстау облысынан екінші тікұшақ тартылып, барлығы 76 әуе рейсі арқылы 228 тонна су төгілді.

Қазір өрт толық оқшауланған, дегенмен батпақты және шымтезекті алқаптарға тән табиғи ерекшеліктерге байланысты, кейбір учаскелерде от ошақтары күн ысығанда қайта жанданып, түтін шығаруы мүмкін.

Осыған байланысты, облыстық жедел штабтың тапсырмасы аясында тәулік бойы кезекшілік тәртібі енгізіліп, төтенше жағдайлар департаменті, полиция қызметкерлері, орман шаруашылығы және «Ақжайық» резерваты өкілдері қауіп төнуі ықтимал аумақтарды тұрақты түрде бақылауда ұстауда. Жағдайға жерден де, әуеден де мониторинг жүргізіліп, шұғыл әрекет ету тетіктері іске қосылған. Сонымен қатар, өрттің таралуын болдырмау үшін минералды жолақтар жүргізу жұмыстарына 10 ауыл шаруашылығы техникасы тартылды.

Қамыс өртімен қатар, қала тұрғындары жағымсыз иіс пен түтінге шағымданды. Осыған байланысты 15–18 маусым аралығында экология департаменті, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті және «Қазгидромет» РМК Атырау филиалы бірлесіп, қаланың селитебтік аймақтарында атмосфералық ауа сапасына мониторинг жүргізді.

Атырау мұнай өңдеу зауытының (АМӨЗ) санитариялық-қорғау аймағынан тыс жерлер, Алғабас елдімекені, «Тухлая балка» булану алаңының маңайынан сынамалар алынды.

Сонымен қатар, облыстық мәслихат депутаты Арман Хайруллиннің бастамасымен, «Қазгидромет» зертханасының мамандары «Тухлая балка» булану алаңындағы сарқынды сулардан сынама алып, оның түсінің өзгеру себептерін зерттеуде. Ал Атырау облысы бойынша экология департаменті Air.kz мобильдік қосымшасы, Kazhydromet РМК-нің қоршаған ортаның жай-күйі бюллетені және қаладағы ауа сапасын бақылау станцияларының деректері арқылы жағдайды үздіксіз зерделеуде. Сонымен қатар, қауіпті өндірістік нысандардағы апаттық жағдайларға талдау жасау үшін мемлекеттік органдарға ресми сұраныс хаттар жолданды.

Қамыс өртіне байланысты департамент Төтенше жағдайлар департаменті және «Ақжайық» резерваты өкілдерімен бірлесіп, «Қамыс өрті: төтенше жағдайдың алдын алу және жою шаралары» тақырыбында баспасөз брифингін өткізді.

Сондай-ақ, Департамент қызметкерлері «Caspian News» телеарнасының «Бүгінгі тақырып» және «Таразы» бағдарламаларына қатысып, өртке қатысты атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде тікелей эфирде сұхбат берді. Бағдарламаларға ТЖД, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті, «Ақжайық» резерваты және облыстық Қоғамдық кеңес өкілдері де қатысты.

Жалпы департамент тарапынан БАҚ пен әлеуметтік желілер арқылы халыққа түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.

Ерлан ЕСЕНОВ,

Атырау облысы бойынша экология департаменті

басшысының орынбасары, бас мемлекеттік экологиялық инспектор

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button