
Қалдықтарды басқару – экологиялық мәдениетке бастар жол
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында көтерілген «Таза Қазақстан» бастамасы елімізде экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру және азаматтардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру мәселелерін көздейді.

Мемлекет басшысының: «Осындай нақты шаралар арқылы ұлттың жаңа сапасы қалыптасады» деген сөзі – бұл бастамалардың стратегиялық маңызын айқындайды. Шын мәнінде, қоршаған ортаға деген көзқарасты өзгерту — қоғамның сапалық өзгерісіне әкелетін басты факторлардың бірі.
Қазір елімізде жыл сайын 4,5 миллион тоннадан астам тұрмыстық қалдық жиналады. Алайда қайта өңдеу деңгейі әлі де жеткіліксіз — 2024 жылғы дерек бойынша бұл көрсеткіш небәрі 25,8 пайызды құрап отыр. Бұл – жағдайды жақсартуға бағытталған жүйелі әрі батыл қадамдардың қажет екенін көрсетеді.
Сол себепті еліміздің ірі қалаларында фандоматтар мен экобокстардың орнатылуы – инфрақұрылымды дамытумен қатар, халықтың экологиялық жауапкершілігін арттыруға бағытталған өте тиімді тәсіл. Әсіресе Астана мен Жезқазған қалаларындағы мектептерде 1000-нан астам экобокстың орнатылуы – жас ұрпаққа экологиялық тәрбие берудің нақты мысалы. Бұл арқылы біз балаларды жастайынан сұрыптап тастау мәдениетіне баулимыз.
Осы орайда, «Таза Қазақстан» тек экологиялық акция емес, ол – еліміздің жаңа экологиялық парадигмасын қалыптастыруға бағытталған кешенді қозғалыс. Бұл қозғалысқа әр азаматтың қатысуы – болашақтың таза әрі қауіпсіз болуының кепілі.

Бұл мақсатта Атырау облысында да атқарылып жатқан жұмыс аз емес. Бүгінге дейін “Таза Қазақстан” акциясы аясында бірқатар сенбілік ұйымдастырылды. Қоршаған ортаны, экологияны қорғауда көпшіліктің белсенділік танытуы жылдан жылға артып келеді. Қазір өңірде қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыруда түрлі іс-шара өткізіліп келеді. Мәселен, Атырау қаласында “5 бөтелкеге — 1 балмұздақ” акциясына қатысушылар өте көп болды. Мұндай игі жұмыстар Мақат ауданында да байқау форматында қолға алынды. Басқа да аудандар “Таза Қазақстан” акциясына ерекше үлес қосып жатыр.
Аманбек САҒИДОЛЛА,
Атырау облысы бойынша экология департаментінің Мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің бас маманы, экологиялық испектор