
Қаланы құрсаудан қалай құтқарамыз?
Соңғы тәуліктерде Атыраудағы экологиялық ахуал күрт нашарлап, тіпті ауырлай түсті деуге болады. Қала екі жақтан бірдей құрсауда қалды. Бір жағынан — өртеніп жатқан қамыстың түтіні, екінші жағынан — рұқсат етілген шамадан асқан күкіртсутегі. Тұрғындардың тынышын алып, берекесін кетіріп тұрған да — осы жайт.
Ашығын айтсақ, «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты аумағынан шыққан өрт мониторинг пен ескерту жүйесінің қаншалықты әлсіз екенін көрсетті. Соған қарамастан облыста қажетті барлық жұмыс қолға алынып жатыр. Десек те жұмысты әлі де арттыру керек.
Қолда бар мәліметтерге сүйенсек, Еркінқала ауылынан 15 шақырым жерде өрт сөндіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 800 гектардан астам аумақтағы өрт 5 гектарға дейін тұйықталды. Алайда бұнымен іс бітті деуге болмайды. Өрттің бір ошағы әлі күнге дейін бықсып, ауаны ластап, улауда. Жел бағытының әсерімен таралған күйіктің иісі шаһардан 100 шақырым қашықтықтағы Доссор ауылына дейін жеткен.
Мұның кім-кімді де бейжай қалдырмасы анық. Қарекет қылып, батыл қимылдайтын сындарлы сәт туды. Бұдан ешкім де шет қалмауы тиіс. Қаланы құрсаудан қалай, қайтсек құтқарамыз? Көпшіліктің көкейіне ұялаған — осы сауал. Оған қайтарылатын жауап — уақыттың еншісінде.
Галина ЧЕРНОВА,
«Глобус» экологиялық-құқықтық бастамалар орталығының үйлестірушісі