
Президент үлгісі – ұрпаққа өнеге
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қатысуы – қоршаған ортаға қамқорлық жай ғана абстрактілі ұғым емес, әр адамның тікелей атсалысуы қажет нақты іс екенін дәлелдеген жарқын үлгі болды. Мемлекет басшысының экобелсенділермен бірге ағаш отырғызуы – шынайы көшбасшылықтың ең биік көрінісі, өйткені көшбасшылық – ең алдымен, жеке үлгі көрсету.
«Таза Қазақстан» жобасы қысқа уақыт ішінде халықтық қозғалысқа айналды. Бұл бастаманың мақсаты – тек қана аумақтарды көркейту мен табиғатты қалпына келтіру емес, сонымен қатар экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Ол – таза ауладан, саябаққа жанашырлықпен қараудан, қоқысты орынсыз тастамаудан басталатын қарапайым әрекеттерден тұрады. Акция аясында бірнеше күн ішінде еліміз бойынша 4,5 миллионға жуық көшет егілді – және бұл тек бастамасы ғана.
Бұл бастаманың ерекше құндылығы – жастардың белсенді атсалысуында. Жастар ағаш егіп, көшелерді тазалап, экофестивальдерге қатысқанда – бұл болашаққа салынған ең үлкен инвестицияға айналады. Себебі экология – тек таза ауа мен жасыл желек қана емес, ол – саналы көзқарас, айналадағы ортаға жауапкершілікпен қарау.
Президенттің «Тазалық әр адамнан басталады» деген сөзі – жай ғана ұран емес, бұл – қоғамның кемелдену формуласы. Онда әрбір қазақстандықтың өз рөлі бар. «Таза Қазақстан» – бір реттік науқан емес, бұл – жаңа өмір салтына бастайтын жол. Бұл жолда табиғат пен адам бір-біріне қарсы емес, керісінше, серіктеске айналуы тиіс.
Осындай игі бастамалар елімізді тек таза әрі жасыл етіп қана қоймай, сонымен бірге мейірімді, саналы әрі қуатты мемлекетке айналдыруға сенім ұялатады.
Гүлназ ӘМІРОВА,
«Пәрвәз» ұйғыр этномәдени бірлестігінің төрайымы