Өртенген қамыстан қауіп жоқ
Атырау қаласының аумағында соңғы бірнеше күн бойына арылмай тұрған жағымсыз иіс тұрғындардың орынды наразылығын туғызды. Біреулер оны теңіз жағалауында өртенген қамыстың иісі десе, енді бірі мұнай өңдеу зауытынан көреді. Тіпті, кейбірі ол үшін қаланың батысына таман атшаптырым аумақтағы қоқыс полигонын айыптайды. Пікір әртүрлі болғанмен, жергілікті тиісті құрылымдардың ешқайсысы да бұл иістің себебін облыстағы экологиялық ахуалға жақындатпай келеді.
5 қазан күні кешкісін сезілген түтіннің иісіне ұқсас жағымсыздыққа байланысты сауалымызға Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобы «жағымсыз иістің қамыстың бықсуына еш қатысы жоқ» деп жауап берді. Департаменттің мəліметіне қарағанда, 6 қазанда күндізгі 11 сағат 10 минут шамасында Кеңөзек ауылдық округінен шамамен 10 километр жердегі бұрын теңіз жағалауы болған аумақта қамыстың бықсып жанып жатқаны анықталыпты. Бірақ, желдің бағыты қаладан Каспий теңізіне қарай соғып тұрғандықтан, елді мекенге ешқандай қауіп төнбеген.
Қамыстың қоламтасын сөндіруге əзірге ешқандай мүмкіндік жоқ. Себебі, теңіз суы тартылып, жер балшықты болғандықтан, ол аумаққа өрт сөндіру көліктері бара алмайды екен. Төтенше жағдай департаментінің «бықсып жанып жатқан қамыс қоламтасының қалада таралған жағымсыз иіске еш қатысы жоқ» деп ақпарат таратуының негізгі себебі осында жатыр. Əйтсе де, өртенген қоқыстың түтініне ұқсас жағымсыз иіс Атырау қаласында тек соңғы күндері емес, бірер жылдан бері жиі қайталанып келе жатқаны жасырын емес.
Өз тілшіміз