Жарнама
Экология

Өңірдегі кәсіпорындарға 42 млрд. теңге айыппұл салынды

Атырау облысы бойынша экология департаменті қоршаған ортаны қорғау бағытында мемлекеттегі экологиялық бақылауды күшейтіп, өңірдегі кәсіпорындардың экологиялық заңнаманы сақтауын қадағалауда. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес бірқатар заңбұзушылық анықталып, жауаптыларға әкімшілік шаралар қолданылды. Бұл туралы экология департаментінің басшысы Асқар Жүсіпов баспасөз брифингінде мәлім етті.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің хабарлауынша, былтыр экологиялық тексерістің 45-і жүргізіліп, жүздеген заңбұзушылық анықталды. Заң бұзған кәсіпорындарға қатысты 200-ден астам әкімшілік іс қозғалып, жалпы сомасы 42 млрд. теңге айыппұл салынды. Оның 26 млрд-ы мемлекет пайдасына өндірілді.

–Өңірде ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар көптеп шоғырланғандықтан олардың қоршаған ортаға айтарлықтай әсері бар. Осыған байланысты біз экологиялық заңнаманың сақталуын қатаң бақылауда ұстаймыз. Былтыр жүргізілген тексерулер нәтижесінде бірқатар кәсіпорынның қоршаған ортаға тигізетін теріс әсерінің алдын алу үшін әкімшілік шаралар қолданылды. Заң бұзған субъектілерге айыппұлдар салынумен қатар олардың қызметін заң талаптарына сәйкестендіру бойынша нақты жұмыстар жүргізілді. Біз үшін басты мақсат – айыппұл салу ғана емес, кәсіпорындарды табиғатты қорғау шараларын күшейтуге ынталандыру. Осы бағытта өндірістік экологиялық бақылауды күшейтіп, атмосфералық ауаға, су ресурстарына және топырақтың ластануына мониторинг жүргізу жалғасады, — деді А.Жүсіпов.

Айта кету керек, 2024 жылы «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-не газ жағу кезінде белгіленген нормативтерден асып кеткені үшін 5,2 млн. теңге айыппұл, «Теңізшевройл» ЖШС-не экологиялық рұқсатсыз эмиссиялар шығарғаны үшін 7 млн. теңге, сондай-ақ ластаушы өнімдердің белгіленген нормативтен асып кетуіне байланысты 16 млн. теңге, «Норт Каспиан Оперейтинг Компаниге» (NCOC) сарқынды суларды тазартусыз төккені үшін 196 млн. теңге, алау газын жағу нормативтерін бұзғаны үшін 12 млрд. теңге, «Қожан» АҚ-ға экологиялық рұқсатсыз қауіпті қалдықтарды жинақтағаны үшін 9,5 млрд. теңге, «Каспий Нефть» АҚ-ға қалдықтарды жинақтау лимиттері алынбай жұмыс жүргізгені үшін 13 млрд. теңге, «Жан и КС» ЖШС-не экологиялық рұқсатсыз қалдықтарды жинақтағаны үшін 3 млрд. теңге, «Дала-Экос» ЖШС-не қауіпті қалдықтарды экологиялық рұқсатсыз жинақтау және өңдеу бойынша 3 млрд. теңге айыппұл салынған.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button