Мәжіліс депутаты Атыраудың экологиясына қатысты тағы мәлімдеме жасады (+ВИДЕО)
Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов Парламентте бюджеттік кодекс қаралып жатқанын мәлімдеді, деп жазады atr.kz тілшісі.
Депутат қаралып жатқан бюджет кодексіне жиырма ұсыныс бергенін айтты.
«Ұсыныстарымның кейбіреулері қолдау тапты. Кейбірі үкіметке қорытынды алуға жіберілді. Қолдау таппағандары да бар. Экологиялық заң бұзушылыққа салынған айыппұлдардан түсетін қаржыны сол жергілікті жерде қалдыру мәселесін көтердім. Осы кезге дейін мұнай-газдан түсетін айыппұлдар республикалық бюджетке емес, ұлттық қорға түсіп келе жатыр. Орталық оны жергілікті өңірмен бөліскісі келмейді. Осы мәселе қазір қаралып жатыр. Әлі толық шешім шыққан жоқ. Ал, біз тамағымыз қарлығып ластанып жатқан Атырау қаласының, Жылыой, Мақат аудандарын айтып дабыл қағудамыз. Қорытынды алуға Ұлттық қордың басқарушы органына жіберілді. Орган төрағасы Президент болып табылады», деп мәлімдеді мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов өзінің facebook парақшасында.
Айта кетейік, Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов – бұған дейін үкіметке Атырау облысын экологиялық дағдарыс аймағы деп танып, жеңілдіктер мен өтемақы төлеу жүйесін енгізуді ұсынып, депутаттық сауал жолдағандардың бірі.