Компания жұмысы белсенділер назарында
Өңірдің экологиялық мәселелерін кешенді шешуге арналған Жол картасына енгізілген іс-шаралардың орындалуын бақылау мақсатында облыстық экология департаменті мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, жергілікті экобелсенділер «NСОС» компаниясының көгалдандыру бойынша атқарған жұмыстарымен танысып, тексеріс жүргізді.
Былтыр көгалдандыру жұмыстарын жүргізуге арналған тапсырманы іске асыру үшін облыс әкімдігі, экология департаменті, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мен «NCOC» компаниясы арасында меморандум жасалды. Меморандумға сәйкес «NCOC» компаниясына көгалдандыру жұмыстарын жүргізу үшін Атырау қаласы мен Мақат ауданының аумағынан 308 гектар, 6 жер телімі (участок) бөлінген. «NCOC» компаниясының денсаулық, еңбек, қауіпсіздік және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі директоры Уалихан Жанаисовтың айтуынша, «Ә.Бөкейхан атындағы қазақ орман шаруашылығы және агро-орман мелиорация ғылыми-зерттеу институтымен» бірлесіп зерттеу жұмыстарын жүргізіп, жер телімдерін көгалдандыру жобасы әзірленген.
Алдымен жиналған топ Береке ауылындағы көгалдандыруға арналған 73 гектар жердің қалай пайдаланылып жатқанын көрді. Өткен жылдан бері 62 гектар жерге 62 мыңнан астам шаған, шегіршін (қарағаш), тұт, өрік, сары қараған және жиде көшеттері отырғызылды. Көгалдандыруға жауапты мердігер мекеме «Жер ана» ЖШС-нің директоры Жұмабек Шәменов өсімдіктердің тұқымдық құрамы тұзға, құрғақшылыққа төзімді тұқымдардан іріктелгендігін айтады.
– Қазір ағаштардың өміршеңдік деңгейі 70 пайызға жетті. Сондай-ақ, су берілетін аумақты қоршау, суару жүйесі мен сорғы стансасын орнату жұмыстары аяқталды. Өсімдіктер мен орман алқабына түсіп жатқан зиянкестер жоқ. Минералды органикалық қоспаларды қосып жатырмыз, – деген мекеме басшысы, ағаштарды тамшылату әдісі арқылы суаратындығын айтады.
Қоғам белсендісі Арман Хайруллин Берекеде отырғызылған ағаштарға тамыр алып кеткенінше күтіп-баптау керектігін айтты.
- — Мамыр айындағы жауын-шашын мен температураның төмендігіне байланысты ағаштардың жай өсуі байқалады. Десек те беталысы жаман емес. Бір айдан кейін қайта келіп қараймыз. Алғашқы әсеріміз жаман емес. Мердігер мекеме өкіліне ескертпе мен кеңестерімізді ұсындық, жүзеге асырса жақсы болмақ, – деді белсенді.
Бұдан соң, белсенділер Атырау – Қарабатан – Доссор автожолымен қиылысатын тұстағы Соколок каналы маңындағы пилоттық жоба бойынша іске асырылып жатқан көгалдандыру алқабына барды. 1 гектар жер телімін алып жатқан аумаққа 2017-2019 жылдар аралығында 9 мың ағаш отырғызылған. Оның ішінде шаған, Сібір қарағаны, жалпақ жапырақты шегіршін (қарағаш) секілді жергілікті орман тәлімбақтарынан (питомник) жеткізілген ағаштар бар.
– Экологиялық мәселелерді шешу мақсатында жол картасындағы жоспарланған тапсырмаға сәйкес, тоқсан сайын белсенді азаматтармен кездесіп, ірі компаниялармен атқарып жатқан жұмыстармен таныстырып отырамыз. Меморандум бойынша 1300 гектар жер бөлінген. Алдағы уақытта басқа да ірі компаниялардың жұмысымен танысуды көздеп отырмыз, – деді экология департаментінің басшысы Әлібек Бекмұхамбетов. Мердігер мекеме көгалдандыру алаңына бес жыл күтіп-баптау жұмыстарын аяқтаған соң арнайы алқапты әкімдікке тапсырады.
Алмас ҚАБДОЛОВ
Сурет автордікі