«Көктемде» 500 тұрғынның қатысуымен акция өтті
ЕЛІМІЗДІҢ БАРЛЫҚ ӨҢІРЛЕРІНДЕ «WORLD CLEANUP DAY» ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯСЫ ӨТТІ.
«Көктем» шағынауданында өткен экологиялық тазалық акциясына 500-ге жуық адам қатысты. Олардың қатарында мекеме қызметкерлері, студенттер, ауыл тұрғындары бар. Жайық жағасында ұйымдастырылған шараны облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының қолдауымен «Жастар Рухы» Жастар қанаты ұйымдастырды. Акция барысында киіз үйлер құрылып, арқан тарту, тоғызқұмалақ, асық ойыны, ләңгі тебу, атқа міну, садақ ату секілді ұлттық ойындардан сайыстар өтіп, ұлттық құндылықтарымыз дәріптелді. Акция нәтижесінде 5 жүк көлігімен 50 текше метр қоқыс шығарылды. Мұндай шара Дамбы ауылында да өтті. Атырау облысы экология департаменті, Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы, Дамбы ауылдық округі әкімдігі қызметкерлерімен бірлесіп ұйымдастырылған шара алдағы уақытта да тұрақты түрде өткізілмек.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, экологиялық акция облыстың өзге де аудандарында өткен. Сондай-ақ, бүкіләлемдік акция қоқысты жинауға ғана емес, оны сұрыптап, қайта өңдеуге де бағытталған. Мұндай акциялар халық арасында экологиялық мәдениетті одан әрі қалыптастырып, қоршаған ортаға құрметпен қарауға үйретеді әрі жастардың туған жерінің табиғатын құрметтеуге ынтасын арттырады.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ