
Көгалдандыруға жол ашқан игі қадам
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Астана қаласындағы «Жастар» саябағында ағаш отырғызу рәсіміне қатысуы – бұл – терең мағынасы бар, ұлт болашағына бағытталған көреген іс. Табиғатты аялау, экологиялық мәдениетті дамыту – тек мемлекет деңгейінде ғана емес, әр азаматтың жүрек түкпірінен басталуы керек екендігін Мемлекет басшысы осы іс-әрекетімен тағы бір мәрте көрсетті.
«Таза Қазақстан» экологиялық фестивалі мен «Бүкіл қазақстандық ағаш егу күні» акциясы аясында өткізілген бұл шара – ел азаматтарына табиғатты аялаудың, экологиялық мәдениетті дамытудың маңызын жеткізетін өнегелі бастама болды.
Соңғы үш күнде еліміз бойынша 4,5 миллионға жуық көшет егілуі – елдің бірлігі мен табиғатқа деген жанашырлығын білдіретін жарқын көрсеткіш. Бұл – қоршаған ортаға деген ортақ жауапкершіліктің белгісі, бұл – табиғатқа тағзым.
Әрбір жас көшет – ертеңгі көлеңке, болашақтың тынысы. Сондықтан бұл бастама – әрбір азаматты қамтуы тиіс халықтық іс. Президент бастамашы болса, халық жалғастыруға тиіс.
Болашаққа тамыр тартқан бұл жасыл идея – еліміздің экологиялық мәдениетін өсіріп, ұлт ретінде кемелденуімізге себеп болары сөзсіз.
Ерасыл СЛАНҰЛЫ,
Қаракөл орта мектебінің мұғалімі
Қызылқоға ауданы
Сурет: gov.kz