ҚИҒАШТЫҢ СУЫ СИРАҚТАН КЕЛЕДІ
Соның бәрі бүгінде сағынышқа айналғандай. Суы сарқылып келеді Қиғаштың. Түйелі кісі бойламайтын тереңдігі бар өзенді енді кешіп өтуге болатындай. Балшығына бақа ғана қоныстаныпты. Қыз мүсінді қайыңдардың орнына жөн-жосықсыз құрақ өскен. Кезіндегі арналы айдынға қарап тұрғанымда «Қиғаш үшін қырылдық, етегін малға толтырдық, енді не істегендерің?» деп ту сыртымнан Махамбет батыр өр дауысымен үн қатқандай болады.
Ия, сонау жылдары әр көктемде құрманғазылықтар тасқын судан қорғануға жұмылатын. Басшы да, қосшы да бөгет салуға ұмтылатын. Қазір де ара-тұра сол жөнінде айтқанымен, бұрынғыдай қорқыныш сезімі жоқ. Өйткені, мол су бәрібір келмейтінін біледі. Ол күндер әлдеқашан келмеске кеткен.
Елбасы елге сырттан төнер қауіп-қатердің қатарына ауыз суды текке енгізіп отырған жоқ. «Қазаншының еркі бар, қайдан құлақ шығарса» дегендей, Қазақстанға келетін өзендердің дені іргелес мемлекеттерден бастау алатындықтан, көршілеріміз алдымен өз қамын ойлайды. Артылса ғана бізге ауыстырады. Қытай Ертісті иемденіп, оның бойын бөгеп жатыр. Башқұрттар Жайыққа құяр арналы өзенді өздері тұтынғысы келеді. Ресей де Еділді өзгеге берер емес. Арнасы асып бара жатса, ар жағындағы қалмақ даласына ағыза салады. Сонда бізде не қалады? Трансшекаралық су көздерін бірлесіп пайдалану жөнінде келісім болғанымен, сол шарттың орындалуы қиын.
Ал, су тартылса, жердің ылғалдылығы да кемиді. Құрманғазылық байырғы малбегі Төлеп Өтеулиев құдық қазғанда бұрынғы тайыз жерден түк шықпайтынын айтады. Біраз тер төгіп, тереңге баруға тура келеді. Мамандардың пікірінше, өзен-көлдер суалған соң жерасты сулары тартылған көрінеді.
Биыл өр суы өңірдегі аралдарға жетпеді. Соның салдарынан шөп шығымдылығы кем болды. Енді шаруалар шабындыққа таласып жаға жыртыса бастады. Сонда бұл мәселе қалай шешілмек? Қиғашты қашан және қалай суға толтырамыз?
Осы Қиғаш Құрманғазы өңірін ғана қамтымайтыны, сонымен қатар, сонау Маңғыстау облысын, Жылыой мен Исатай аудандарын да қамтамасыз ететіні мәлім. Кеңестік кезде тартылған құбырмен «КазТрансОйл» компаниясы Қиғаш суын солардағы елді мекендер мен өндіріс ошақтарына жеткізіп жатыр. Осы желіге келешекте «Болашақ» мұнай мен газды кешенді даярлау қондырғысы, мұнай-химия кәсіпорны, арнайы экономикалық аймақта тұрғызылар нысандар, т.б. қосылмақшы. Сонда өзеннің өзіне не қалады? Сол құдіретті компаниялар жер астын бұрғылап, соның суларын неге тұтынбайды? Ұңғымалар қазып, неге балама су көздерін іздемейді? Осы орайда, «Атырау» газетінде жақында жазылғанындай, «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Жаңасу мен Төңірекшың алаңдарын кәдеге асырмақ ойын құп алдық.
Әрине, күнделікті тұтынатын суды үнемдеген жөн. Қазір «АтырауСуАрнасы» мекемесінің облыс орталығы мен Мақат ауданы тұрғындары үшін тарифті көтеріп жатқандығын естиміз. Демек, өзіміз де үйімізде суды текке ағызбай, тиімді тұтынуды үйренгеніміз абзал. «Судың да сұрауы бар» деген мәтелдің мәнін де, маңызын да ұғынатын кезіміз келді.
Таңатар ДӘРЕЛОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Құрманғазы ауданы.