Жарнама
Экология

Каспийді қорғау — келешек ұрпақ алдындағы борышымыз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен халықтың әл-ауқатын көтерудің басты бағыттарын белгілеп қана қоймай, қоршаған ортаны қорғау мәселесіне ерекше назар аударды. Әсіресе, су ресурстарын сақтау, Каспий теңізінің тартылуына жол бермеу, экологиялық мәдениетті қалыптастыру жөнінде айтылған ойлар Атырау өңірі үшін айрықша маңызды.

Бүгінде Каспий теңізінің деңгейі жылдан-жылға төмендеп келеді. Бұл құбылыс тек су көлеміне емес, теңіздің балық қоры мен жалпы биоәртүрлілігіне тікелей әсер етуде. Атырау облысының халқы, әсіресе балық шаруашылығымен айналысатын тұрғындар үшін бұл — өмірлік мәні бар мәселе. Сондықтан Мемлекет басшысының халықаралық деңгейде Су ресурстарын сақтау жөніндегі мемлекетаралық бағдарлама әзірлеу туралы бастамасын толық қолдаймыз. Бұл қадам Каспийдің экожүйесін қорғауға, су теңгерімін сақтауға және теңіз маңы аймақтарының тұрақты дамуына серпін бермек.

Сонымен қатар, Президент атап өткендей, экологиялық апаттардың алдын алу үшін тек мемлекеттік органдар ғана емес, бүкіл қоғам жұмыла әрекет етуі қажет. Осы тұрғыда, былтырдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасы Атырау облысында да кең қолдау тапты. Қоғамдық ұйымдар, ерікті жастар мен кәсіпорындар атсалысып, өңірде сенбіліктер өткізіліп, қоқыс жиналып, жасыл аймақтар кеңейтілуде. Соның арқасында облыс көлемінде мыңдаған гектар жер тазартылып, ондаған мың ағаш отырғызылды. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Жолдаудан туындайтын міндеттерді орындау мақсатында алға мынадай басым бағыттарды айқындап қоюымыз қажет.
Біріншіден, Каспий теңізін сақтау жөніндегі іс-шараларды күшейту маңызды. Су деңгейінің динамикасын тұрақты бақылап, ғылыми-зерттеу институттарымен бірлескен талдау жұмыстарын жүргізу қажет.
Екіншіден, балық шаруашылығын қорғау алға қойылғаны жөн-ақ. Браконьерлікпен күресті күшейтіп, заңсыз су пайдалану деректерін болдырмау — кезек күттірмейтін талап.
Үшіншіден, экологиялық ағарту ісін жетілдіру керек. Мектептер мен жоғары оқу орындарында табиғатқа жауапкершілікпен қарау мәдениетін тереңдету, жастардың экологиялық бастамаларын қолдасақ игі.
Төртіншіден, жасыл аймақтарды көбейткен ләзім. Атырау облысының климаттық ерекшеліктерін ескере отырып, орманды белдеулер мен жасыл желектердің көлемін арттыруға тиіспіз.
Бесіншіден, қоғамдық бақылауды дамыту қажет-ақ. Экологиялық мәселелер бойынша азаматтық қоғам мен еріктілер қозғалысын кеңінен тарту ұсынылады.

Мемлекет басшысы атап өткендей, қоршаған ортаға жанашырлық таныту – ұлттық идеологияның өзегіне айналуға тиіс. Осы орайда, Атырау облысы табиғатты қорғау ісінде алдыңғы қатардан табылып, келешек ұрпаққа таза әрі қауіпсіз табиғи орта қалдыруды басты мақсат етіп қояды.

Руслан КҮМІСҚАЛИЕВ,

”Байтақ” жасылдар партиясының Атырау облыстық филиалының төрағасы, Атырау қалалық мәслихатының депутаты

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button