Каспий теңізі: су аумағы 7,1 пайызға қысқарған

kaspij tenizi 2 Экология

Кәрі Каспий теңізі жыл өткен сайын тартылып барады. Бүгінде бес мемлекет қоршап жатқан теңіздің жағдайы олардың тұрғындарын қатты алаңдатып отырғаны жасырын емес. «Қазақстан Ғарыш Сапары» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы соңғы 15 жылда әртүрлі уақыттағы ғарыштық түсірілім деректері бойынша Каспий теңізінің жағдайына мониторинг жүргізді. Түсірілімдердің мұрағат деректеріне сәйкес, Қазақстан су аумағының солтүстік бөлігінде теңіз түбі көрініп, тартылып бара жатқанын айтып дабыл қағуда.

Жерді қашықтықтан зондтау деректері бойынша он бес жылда Каспий теңізі акваториясының Қазақстанға тиесілі су аумағы 7,1 пайызға қысқарған. Әсіресе, Қазақстан бөлігіндегі Атырау қаласына жақын жерде теңіздің тартылуы анық байқалады.

kaspij tenizi

Каспий теңізінің қазақстандық секторының су беті ауданы 2008 жылы 113866,67 шаршы шақырым болса, биыл 105 745,23 шаршы шақырымды құраған. Әртүрлі уақытта түсірілген ғарыштық суреттердің талдауы су беті ауданының азайғанын айқын көрсетіп тұр.

Мамандардың болжамына сүйенсек, Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі оның экологиялық жүйесі мен теңіз шаруашылығына кері әсер ететін бірқатар жағымсыз салдарға әкеліп соқтыруы мүмкін. Жерді қашықтықтан зондтау мәліметтері бойынша ең осал орын – теңіздің Атырау қаласына жақын аумағы.

Теңіз деңгейін тұрақты бақылап отырған зерттеушілер жиырма жылдан астам уақытта Каспийдің 30 метрге жуық тартылып кеткенін байқаған. Ал, биылғы қаңтарда түсініктеме берген республика Экология министрлігі Каспий теңізінің тайыздану себебін әуелі климаттың өзгеруіне сілтемек болған. Министрлік өкілдерінің айтуынша, 2006-2020 жылдары Каспий теңізі аумағында жауын-шашын мөлшері өте азайып, булану процесінің қарқын алуы теңіздің тартылуына душар қылған.

kaspij tenizi 3 1

Дүниежүзілік форумдарда да, өңірлік басқосуларда да республика Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бірегей су айдынының экологиялық тепе-теңдігін сақтау оның маңындағы елдер үшін маңызды міндет екенін айтып келеді.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз