
Каспий тағдыры – ұлт тағдыры
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында көтерілген бастамалар ел дамуы үшін маңызды әрі дер кезінде жасалған шешімдер деп есептеймін. Әсіресе, Каспий теңізінің тартылып жатқанына ерекше назар аударылып, бұл бағытта нақты шараларды қолға алу қажеттігі айтылды. Каспийдің экологиялық жағдайы – тек Атырау өңірі үшін ғана емес, бүкіл еліміздің болашағына қатысты мәселе. Сондықтан теңіздің сақталуына, оның су балансын тұрақтандыруға бағытталған кешенді жұмыстарды жүйелі жүргізу – басты міндет.
Сонымен қатар, туризмді дамытуға басымдық беру – өңір экономикасын әртараптандырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді. Атыраудың табиғи байлығы мен тарихи-мәдени мұрасы бұл салада үлкен әлеуетке ие. Мемлекет басшысының осы бағыттағы тапсырмалары жергілікті деңгейде де қолдау табуы тиіс.
Жасанды интеллектіні дамыту және оны барлық салаға енгізу туралы бастама да аса өзекті. Бұл – еліміздің заманауи технологиялық даму жолындағы маңызды қадамы. Жаңа технологиялар мемлекеттік басқарудан бастап әлеуметтік салаларға дейін кеңінен енгізілсе, халықтың тұрмыс сапасы артып, мемлекеттік қызмет көрсетудің тиімділігі күшейеді.
Сондай-ақ, реформаларды жүзеге асыруда халықтың пікірімен ақылдасуға басымдық беру – демократиялық қоғам құрудағы ең дұрыс қадам. Заңдар мен шешімдер азаматтардың ойымен, ұсыныстарымен санаса отырып қабылданса, ел дамуына деген сенім мен қолдау артады.
Президенттің осы Жолдауда көтерген бастамалары елді жаңғыртуға, қоғамды біріктіруге және келешек ұрпаққа мықты мемлекет қалдыруға бағытталғанын ерекше атап өткім келеді.
Әнуарбек БАТАЕВ,
Атырау қалалық мәслихатының депутаты