Каспий қайтып орала ма?
Республика Парламенті Мәжілісінің депутаттары тағы да мәселе көтерді. Тақырып – экологияға қатысты. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолданған депутаттық сауалда Атырау облысынан сайланған Мәжіліс депутаттары Каспий теңізінің солтүстік жағалауындағы тұрғындардың жанайқайын жеткізді. «Ақ жол» партиясы фракциясының мүшесі Серік Ерубаев өз әріптестері, палатадағы «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Дүйсенбай Тұрғанов және Әділ Жұбановпен бірлескен сауалында Каспий суының деңгейі соңғы жылдары кейбір жерлерде жағадан 30-35 шақырымға дейін тартылып кеткенін атап көрсеткен.
Мәжіліс депутаттарының зерттеуінше, ғалымдар соңғы 18 жылда Каспий теңізі бетінің ауданы 22 мың шаршы километрге қысқарғанын айтқан. Салыстырмалы түрде айтқанда, бұл Израиль немесе Словения сияқты мемлекеттердің аумағына тең екен. Ал, соңғы 15 жылда Каспийдің қазақстандық секторының акваториясы 7,1 пайызға төмендеген. Әсіресе, Атырау қаласының маңында тартылған теңіз түбіндегі тұзды алқаптар көбірек байқалып тұр.
Ғылыми болжамдарға сүйенсек, теңіздің қазіргі шегінуі кем дегенде 2054 жылға дейін жалғасады екен. Бұл процесс Каспийге жақын аумақтағы елді мекендердің тұрмыс жағдайына да, күнкөрісіне де кері ықпал етіп отыр. Дәлірек айтсақ, теңіз суының тартылуынан әсіресе Атырау облысына келетін проблема өте көп болмақ. Ол қазірдің өзінде айқын аңғарылуда.
Соған байланысты Мәжіліс депутаттары осы сауал арқылы тек бір ғана құбылысқа көпшіліктің назарын аударған.
«Теңіз жақтан жағалауға соғатын жел, яғни «моряна» болған кезде құрғаған теңіз табанынан тұз аралас құмды көтеріп, маңайда орналасқан елді мекендерде ұнтақ пудра түрінде ауаға тұман болып таралады. Соңғы кездері бұл жағдай жағадан 20-25 шақырым жердегі мұнайлы астанамыз – Атырау қаласында да болып тұрады.
Мұндай ауамен демалудың денсаулыққа қаншалықты әсер ететіндігін дәрігерлер айта жатар. Бірақ, аллергия, тыныс алу органдарына, жалпы адам денсаулығына қаншалықты зиян екендігін жергілікті халық өз тәжірибесінде жақсы біледі» — деп атап көрсеткен депутаттық сауалда.
Шынында, бұл экологиялық проблема адам саулығын айтпағанда, жасыл желекке де жағымды емес. Соның кесірінен бір кездегі шүйгін алқаптардың бүгінде таз адамның басындай қылтанақсыз тақырға айналғанын жергілікті жұрт жақсы біледі.
Қазақ жерінде бір кезде шалқыған көк айдын болып, көршілес Әмудария мен Сырдария өзендері арқылы Өзбекстанды да қоса асыраған Арал теңізін қандай жағдайға душар еткеніміз бәрімізге белгілі. Оның қазіргі көрінісі кез келген жанды жыларман халге жеткізетіні ақиқат.
Дереу әрекет етіп, Көкарал бөгетін салғанның арқасында Аралдың солтүстік бөлігі бүгінде біртіндеп қалпына келе бастады. Кеуіп қалған алаптарда сексеуіл егу жолымен эрозия процестерін де тоқтату қолға алынған. Бұл мемлекет тарапынан экологиялық апаттың алдын алу шараларының жарқын бір мысалы екенін жоққа шығаруға болмайды.
Сондықтан, Парламент Мәжілісіндегі екі фракцияның мүшелері Каспий теңізінің тартылуы арқылы ғаламдық мәселеге айналуы ықтимал жайттың алдын алу үшін вице-премьер Роман Васильевичке өз ұсыныстарын білдірді.
«Ал, Каспий деңгейінің төмендеуі салдарынан тұзды құм басу мәселесі әзірше мемлекеттің назарынан тыс қалып отыр. Егер зерттеу жұмыстары жүргізіліп, қаражат бөлініп, сексеуіл немесе жыңғыл егу жұмыстары басталса, сол өңірдегі жұмыссыздықтан кәсіптерін тоқтатуға мәжбүр болып отырған кәсіпкерлер жұмыстарын жандандырып, екі қолға бір күрек таба алмай жүрген тұрғындарды жұмысқа алып, өз ауылдарын шаң-тозаңнан арылту жұмыстарына да атсалысар еді.
Каспийдегі су деңгейінің төмендеуі – табиғи құбылыс десек, сексеуіл егуді Үкімет қолға алса, шешілетін мәселе емес пе?!» — дейді депутаттар.
Жасыратыны жоқ, бұл мәселені жаңадан сайланған депутат Серік Ерубаев VII шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаты, Экология және табиғат пайдалану мәселелері жөніндегі Комитеттің мүшесі ретінде 2022 жылғы 4 ақпанда сол кездегі Экология министрі Серікқали Брекешевтің алдына да қойған болатын. Ол кезде тұзды құмның таралуы Аралда сексеуіл егу жолымен тоқтатылғаны, енді сол әдісті Каспий теңізі аймағында қолдану мүмкіндігін сұраған еді.
Өкініштісі, экс-министр бұл ұсыныстың гидрологиялық ғылыми зерттеулер жүргізуді талап ететінін айтып, сөзбұйдаға салған. Содан бері үш жылға жуық уақыт өткенмен оған ешкім құлақ аспаған, ал проблема күн өткен сайын ушығып бара жатқанын Атырау өңірінің халқы жақсы біледі.
Сондықтан, депутаттар мәселені сырғақсытпай, Каспий теңізі жағалауында гидрогеологиялық ғылыми зерттеулерді шұғыл жүргізуді және жағалаудағы құрғаған алқаптарда эрозияға қарсы шаралар қабылдау мақсатында тұз аралас дауылды тоқтату үшін сексеуіл егу мәселесін қарастыруды сұрады.
Парламент Мәжілісі депутаттарының көтерген проблемасы жергілікті ахуалдан бейхабар адамға оғаштау сезілуі мүмкін. Алайда, Атырау жұртшылығы үшін мұның маңызы аса жоғары. Сондықтан, ертеңгі күннің проблемасына бүгіннен алаңдаушылығын білдіріп отырған азаматтардың жанайқайы бұқараның көңілінен шығып отыр.
Қ.ШӘКІРОВ