КӘСІПОДАҚ КАСПИЙ ҮШІН АЛАҢДАЙДЫ
Жиынды ҚР мұнай-газ кешені қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Тілекқабыл Қабдолов ашты.
— Еліміз мұнай-газ өндіру саласы бойынша ең озық 15 мемлекеттің қатарында және соңғы он жылда көрсеткіштер үш есе өсті, оған дәлел ретінде былтыр елімізде өндірілген мұнай 2,5 есеге артып, 82 млн. тоннаны құрағанын атап келтіруге болады. Соның ішінде Атырау аймағы — мұнай қоры жөнінен алдыңғы орында. Бүгінде елімізде елу мемлекеттің капиталымен жұмыс жүргізіледі. Осы орайда мұнайшылардың кәсіподақ ұйымдары қарқынды жұмыс атқаруда, — деді ол.
Қазір өңірдің қайталанбас экожүйесіне антропогендік құбылыстар үлкен өзгерістер енгізіп жатыр, яғни адамдардың қолымен жасалып жатқан өзгерістер белгілі мөлшерде қоршаған ортаға өз әсерін тигізуде. Осы орайда қоршаған ортаны кешенді меңгерудің заманауи жүйесін құру қажеттілігі туып отыр. Каспий аймағының бар байлығын тиімді және залалсыз пайдалану үшін тек экологиялық емес, геосаяси, құқықтық, экономикалық тұрғыдан да амалдар керек. Міне, әлемдік сарапшылардың пікірлері осы арнаға келіп тоғысады.
Келесі боп сөз алған Норвегиядағы «Industri Energi» кәсіподақтар хатшылар алқасының жетекшісі Эспен Лёкэн қазіргі уақытта Ресейдің мұнай-газ кәсіподақтарымен байланыс орнатып жатқанын, өндіріс орындарындағы жұмысшы еңбегін қорғау деңгейін көтеруді қолға алғандарын жеткізді. Оның айтуынша, Каспий өңірі – әлемдегі ең басты мұнай қорының көзі, сондықтан осындай өзара жүйелік байланыстардың халықаралық маңызы зор.
Аталған саладағы әлемдік кәсіподақ ұйымдарының басын қосқан «Industriall» ғаламдық ұйымы – Каспий маңындағы мұнай-газ секторындағы кәсіподақтар жүйесі болып табылады. Онымен норвегиялық «Статойл», ресейлік «Лукойл» және италияндық «Эни» компаниялары келісім-шартқа отырған, келесі кезек басқа компанияларда.
— Мен Атырау жеріне алғаш рет аяқ басып отырмын. Бұған дейін Алматыда болғанмын. Қазақстанның шығысы мен батыс бөлігін аралай отырып, Қазақ жерінің кеңдігіне қайран қалып отырмын. Міне, барлығы 141 елден 50 млн. адамды біріктірген «Industriall» ұйымы да сондай кең аумақты қамтиды. Бұған дейін Бакуде ғана қабылданып келген келісімдер енді Атырауда да қаралып жатқаны – қазақстандық мұнай-газ кәсіподақтарының бірлескен жұмысының арқасы.
Мұнай-газ бағытында бізбен алғаш норвегиялық ұйым шарт жасасқан болатын. Алдағы уақытта франциялық «Тоталь» мұнай-газ компаниясымен қайғылы жағдайға байланысты соңына дейін бітпеген келісімді жалғастырмақпыз. Көп елді батыс мұнай компанияларымен байланыстыратын алтын көпір – Түркия елінің ролі айрықша. Даму мен өркендеуге бастаған жол түркиялық Джейханға апарады десе де болады, — деді ұйымның энергетикалық бөлім директоры Джим Каттерсон.
Сондықтан да, ұжымдық келісімдер арқылы мұнай-газ өндіру бағытында еңбектеніп жатқан барлық жұмысшылардың еңбегі мен денсаулығын қорғауды қамтамасыз етуге болады. Каспийдің көмірсутектік шикізатын игеруді қауіпсіздендіру, жаңа технологиялық әдіс-тәсілдерді меңгеру, апаттық жағдайлардың алдын алу кәсіподақтардың жіті назарында болуы тиіс.
Сондай-ақ, жұмысшылардың қайта даярлау жүйесі мен денсаулық сақтау шараларын қадағалау да маңызды. Кәсіподақ тарапынан жұмысшылардың еңбек ету жайлылығы мен олардың әртүрлі табиғи-климаттық жағдайлардағы жүріс-тұрысына зор көңіл бөлінуі керек. Сондықтан да, жаңа үлгідегі өндірістік нормалар мен заңнамаларда Каспий өңірінің экожүйесі мен кәсіподақ ұйымдарының пікірлері де ескерілуі тиіс, осыған қол жеткізу – ортақ мақсат. Сала мамандарының айтпағы осы ойға келіп тірелді.
Бұдан да басқа жиынға қатысқан өкілдер қатарында «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамының кәсіподақ ұйымының төрағасы В.Галингер, түркиялық өкіл А.Кабаджа, Норвегиядан Д.Нильсен, Әзірбайжаннан Э.Рзаев, А.Баранлы, қазақстандық кәсіподақ төрағасы Т.Кеңесов пен кәсіподақ мүшесі М.Асанов, ресейлік кәсіподақ төрағалары Л.Миронов пен М.Мирзоевтар болды. Олар мұнай-газ саласындағы жұмысшылар еңбегі қалай қорғалуда, осы тұрғыда өз елдеріндегі жұмысшылар жайын алға тартты. Осы бағытта сала жұмысшыларының бірлескен кәсіподақтарға ұйымдасуы, мұнай-газ өндіру ісіндегі соңғы жетістіктер мен нақты көрсеткіштер атап айтылды. Сондай-ақ, «Industriall» ұйымының норвегиялық «Statoil», ресейлік «Лукойл» компанияларымен ғаламдық шекті келісімдері талқыланып, оларды іске асыру тәжірибесі таратылды.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.