Каналдарға күрделі жөндеу жасалады
Атырау облысында алқаптарды суландыру мәселесі ешқашан күн тәртібінен түсіп көрген жоқ. Өйткені, облыс аумағы шөл және шөлейтті алқаптардың санатына жатады.
Соған байланысты, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Әлібек Нәутиев республика Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің атына 10 қазанда депутаттық сауал жолдап, облыстағы суару-суландыру каналдары және Ералы су торабы бойынша күрделі проблемаларды және аталған мәселеге қатысты толық мәліметтерді көрсеткен еді. Онда сенатор министрден осыған қатысты қордаланған түйіндердің оң шешілуіне қаржы бөлінуіне ықпал етуді сұраған болатын.
Бұған ден қойған министр Нұржан Молдиярұлы орынбасары Ғалидолла Әзидуллинге мәселені оң шешудің жолдарын үйлестіруді арнайы тапсырған еді. Осыған байланысты арнайы зерделеуден кейін вице-министр Сенат депутатына жазбаша жауап берді.
Хатта көрсетілгендей, биыл министрлік тарапынан Атырау облысы бойынша қолға алынған жеті жобаның жиынтық сомасы 1252,7 миллион теңгеге шыққан. 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджетте облыстың Индер ауданындағы Ақсай каналын реконструкциялауға бөлінген 948,7 миллион теңгенің 500 миллионы 2023 жылға қарастырылса, қалған қаражат 2024 жылы беріледі. Бұдан басқа, 2023 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау барысында 6 жобаны іске асыруға арналған шығыстар көзделген.
«…Олар:
1. «Бағырлай» суару-суландыру жүйесін реконструкциялау – 120 миллион теңге;
2. «Кобяково-Забурунье» суару-суландыру жүйесін реконструкциялау – 120,831 млн. теңге;
3. «Құрайлы сай» суару-суару жүйесін реконструкциялау – 137 млн. теңге;
4. Қызылқоға ауданының «Ералы су торабындағы» гидротехникалық құрылыстарды реконструкциялау – 110,34 млн. теңге;
5. «Есбол-Қазыбай» каналын күрделі жөндеу – 79,943 млн. теңге;
6. «Бақсай» суару-суару жүйесін күрделі жөндеу (ұзындығы 137 км) – 184,582 млн. теңге» — деп көрсетілген министрліктің жауап хатында.
Вице-министр Ғ.Әзидуллиннің мәліметі бойынша, осы жобалар бойынша қазір құрылыс-монтаждау жұмыстары жалғасып жатыр. Мұндағы негізгі мақсат – суармалы жерлердің сумен қамтамасыз етілуін арттыру үшін су шаруашылығы құрылыстарын қалпына келтіру, реконструкциялау және бұрын шығып қалған суармалы жерлерді ауыл шаруашылығы айналымына тарту.
Әрине, бұған дейін де тиісті құрылымдар қол қусырып қарап отырған жоқ. Суару-суландыру жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр. Мысалы, биылға арналған республикалық бюджетті түзету барысында «Сборный» каналын күрделі жөндеу үшін құрылыс жұмыстарын бастау мақсатында республика Қаржы министрлігіне 10 миллион теңгеге бюджеттік өтінім енгізілді. Ал, «Ақай», «Марташ», «Ескіркеп» және «Жасқайрат» каналдарын күрделі жөндеу бойынша жобалық-сметалық құжаттарына мемлекеттік сараптама қорытындысының аяқталуына байланысты тиісті құжаттарға түзету енгізу қажеттігі туындаған. Вице-министрдің айтуынша, түзету жасалғаннан кейін құрылысты бастауға қаражат бөлінбек.
Атырау облысы үшін аса маңызды мәселе болғандықтан, Сенат депутаты Әлібек Нәутиев облыстағы суару-суландыру жүйелерін күрделі жөндеу және реконструкциялауға қаржының дер кезінде бөлінуін тұрақты бақылауда ұстап отыратынын айтты. Айта кеткен жөн, бұл каналдар негізінен Индер, Махамбет, Исатай және Құрманғазы аудандарындағы агроөнеркәсіптік кешен бағытында жұмыс жасап тұр.
Қуандық ШӘКІРОВ