«Браконьерлікпен күресті күшейту керек!»
Атырау облысының әкімі Серік Шәпкеновтың төрағалығымен браконьерлікпен күрес және балық қорын қорғау туралы мәселелеріне қатысты жиын өтті, деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Жиында баяндама жасаған Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Мәншүк Темешованың айтуынша, 2022 жылдың 7 айында облысы аумағында өткен шаралар арқылы инспекция қызметкерлері балық қорғау заңнамасын бұзудың 1242 дерегі анықталған көрінеді. Осы кезеңде 679 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 146 іс әкімшілік сотқа жолданған. Тәртіп бұзушыларға 15,1 млн. теңге сомасында айыппұл салынды. Мемлекет кірісіне 11,7 млн.теңге өндіріліп, айыппұлдан жалтарғандың ісі жеке сот орындаушылар құзырына жіберілген.
— Балық ресурстарына келтірілген залалдың браконьерлік фактілері бойынша 5 іс құқыққорғау органдарына жолданды. Аталған фактілер бойынша қылмыстық іс қозғалып, балық ресурстарына келтірілген залалды өтеу үшін 15 талап арыз сотқа берілді. Заңсыз айналымнан 7 тонна 394 кг балық, оның ішінде 688,5 кг бекіре тұқымдас балығы және 21 кг шортан уылдырығы алынды. Құқық бұзушылардан 581 балық аулау құралы, бір навигатор мен эхолот, сондай-ақ 118 жүзу және 11 көлік құралы алынды. Құқық қорғау органдарымен бірлесіп балық қорғау заңнамасының 44 бұзушылығы анықталды, Жайық-Каспий бассейнінің аумағында 5 бірлескен тікұшақ ұшырылып, бірқатар басқа да рейдтік іс-шара өткізілді. Мәселен, 1 сәуір мен 31 мамыр аралығында батыс облыстардың аумағында жыл сайынғы кең ауқымды «Бекіре» балық қорғау акциясы аясында 1231 құқық бұзушылықты анықталды, 54 қылмыстық іс қозғалды, 19,7 млн теңге сомасында айыппұл салынды. Заңсыз айналымнан 21,3 тонна балық алынды, оның ішінде бір тонна 852 кг бекіре тұқымдас балық түрлері, 2760 бірлік балық аулау құралдары және 140 бірлік жүзу және көлік құралдары тәркіленді,-деп баяндады М.Темешова.
Биыл аймақтағы табиғатты қорғау органдарымен бірлесіп жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде 327 құқық бұзушылық тіркелген. Бұл туралы облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әбдіғани Сейдуалиев өз баяндамасында мәлім етті.
— Аталған құқық бұзушылықтар бойынша барлығы 34 қылмыстық іс қозғалды. Оның ішінде: көрінеу қылмыстық жолмен табылған мүлікті иемдену, өткізудің – 1 фактісі (ҚР ҚК-196 б.), балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз алудың 6 фактісі (ҚР ҚК-335 б.), өсімдіктердің немесе жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тиым салынған түрлерімен заңсыз айналысудың — 28 фактісі (ҚР ҚК-339 б.) анықталып, қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар, 20 қылмыстық іс сот органдарына тиісті шешім қабылдау үшін жолданды,-деді А.Сейдуалиев.
ҚР ҰҚК Шекара қызметі Маңғыстау облысы бойынша департаментінің жағалау күзеті 3 дивизионы командирі Ерболат Қалишев осы жылдың 7 айында Атырау дивизионы 2 бірлескен жедел-алдын алу іс-шаралары мен «Бекіре» кең ауқымды балық қорғау акцияларына қатысқанын айтты.
— ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 510, 512, 514 баптары бойынша әкімшілік жауапкершілікке 31 адам тартылды. Суда браконьерлік аулау құралдарының 107 фактісі мен жағадан 93 қап ау тәркіленді. 5 дана итбалық және 4867 дана балық табиғи мекендеу ортасына жіберілді. Оның ішінде: бекіре тұқымдастар – 170 дана, қара балық тұқымдастар – 4697 дана, мемлекеттік кіріске 2561 дана қарабалық тұқымдас балық берілді. Нәтижесінде 327 млн. 454 мың 290 теңге экологиялық залалдың алды алдынып, келтірілген шығын көлемі 1 млн. 098 мың 391 теңгені құрады,-деді Е.Қалишев.
Солтүстік Каспий теңізі жағалауымен Жайық өзені атырабының биологиялық алуан түрлілігін сақтау, қорғау, күзету жұмыстарымен айналысатын «Ақжайық мемлекеттік табиғи резерваты» РММ басшысы Нұрболат Каримовтың мәліметінше, 67 рейд өткен. Оның 10-ы құқық қорғау органдарымен бірге ұйымдастырылған. — Жыл басынан бері 38 хаттама толтырылған. Соның ішінде балық аулау тәртібін және балық қорын сақтауды бұзу ісі -17 факті. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 380 бабы, 1 бөлім бойынша-21 іс жасақталып бөлімге тіркеліп, 21 жеке тұлғаға 70449 теңгеден айыппұл салынды. 20 жеке тұлғадан 64323 теңге өндірілді. Өндірілген айыппұл көлемі 91,3% пайызды құрады,-деді Н. Каримов.Осы бағыттағы атқарылған іс-шаралар барысымен танысқан облыс әкімі Серік Шәпкенов браконьерлікпен күрестің өңіріміз үшін өте маңызды мәселе екенін айта келе, сала мамандарының жұмысын сынға алды.
— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев браконьерлікке қарсы заңға өзгеріс енгізіп, табиғат байлығын қорғау жөнінде бірқатар нақты тапсырмалар берді. Соның негізінде құзырлы органдар жануарлар әлеміне зиян келтірушілерге қарсы күресті күшейту керек. Сіздер баяндаған деректерден биыл да заңсыз балық аулаудың тыйылмағаны, керсінше жылдан жылға көбейгені байқалады. Бұл дегеніміз, браконьерлер құқық қорғау қызметкерлерінен де айласын асырып тұр дегенді білдіреді. Қазір заман басқа. Оларды құрықтаудың әдісін де өзгертуіміз қажет,-деді облыс әкімі.
Жиын соңында аймақ басшысы браконьерлікке қарсы профилактикалық іс-шараларды да күшейтуді тапсырды.