Жарнама
Экология

Ауылға – жер,  жерге су керек!..

Су ресурстарын басқару және оны дамыту – күллі әлемге керек мәселе. Онымен қазір Біріккен Ұлттар Ұйымы да шұғылданып жатыр. Бірақ тақырыптың жуық маңда күн тәртібінен түсе қоюы неғайбіл. Өйткені қай құрлықты алып көрсеңіз де, су – тіршіліктің көзі. Оның үстіне әлемде суға деген мұқтаждық күннен күнге артып келеді. Бір кезде республикадағы аумағы жағынан екінші орын алатын теңіздің халі қазір мүшкіл. Өткен ғасырдың 70-80-жылдарынан бастап күрт тартылған Аралдың акваториясы көрген жанды шошындырады. Кеңес дәуіріндегі мақта өсіру жоспарын асыра орындаудың зардабы бұл. Әмудария мен Сырдариядан нәр алатын теңіз енді алақанның аясындай үш көлге айналып отыр.

Маусымның 23-інде әлеуметтік желілерде «арнайы мамандар арнаулы метеоқондырғымен бұлт шақыру арқылы жаңбыр жауғызып, бір аптада 50 миллиард тоннадай (!) су Арал бассейніне құйылды. Бұл шамамен бұрынғы Арал теңізінің 20-дан 1 бөлігі» деген хабар тарады. Білуімізше, мұндай құдіретті жасанды жаңбыр технологиясын Арал өңіріне орнатқан «International Center of Climate change Technologies» компаниясының мамандары мен оның директоры, климаттық технологиялар саласының сарапшысы Алтай Айнабек екен. Сарапшы Маңғыстаудың Бейнеуі мен Қызылорданың Арал аудандарында климатқа әсер ету жағдайын жасайтынын айтқан еді. Технология әсері Маңғыстау, Қызылорда, Ақтөбе, Жезқазған, Түркістан облыстары мен Өзбекстанның Қарақалпақ елінде байқалады екен.

«Бұл облыстарда жауын-шашын 30-50%-ға дейін көтеріліп, температура мен өрт қаупінің деңгейі азаяды. Әуелі «атмосфераның төменгі қабаттарын иондау» тәсілін жасап, ылғал тартамыз. Оны дәлелдеген соң 100-ге жуық қосымша дрон жасақтаймыз. Қазір 3 министірлік пен 2 институттың мамандарынан жұмыс тобы құрылып жатыр. Аралға ылғал тартып, конденсациялау жүзеге асса, Орта Азия елдері болашақта су қауіпсіздігіне алаңдамаса да болады. Жауын-шашын мөлшерін кем дегенде 100%-ға көтереміз. Былтыр тамызда Түркістан облысында жаңбыр деңгейі 650%-ға жоғарылады. Кейінгі жылдары мүлде су келмеген Арал теңізіне осы арқылы бір жылда 8-15 шаршы шақырым су құюды жоспарладық. Ол Шардара су қоймасының төртеуіне тең», – деді климаттық технологиялар саласының сарапшысы А.Айнабек.

Әлбетте, оның рас-өтірігін ешкім де дөп басып айта алмайды. Өйткені мұнымен нақты айналысып отырған адам да, маман да аз.

х х х

Анық жайт бар, ол – су тасқыны!..

Ықылым заманнан атам қазақ «Қоян жылынан» қорыққан. Биылғы «Қоян» шығып бара жатып, «Ұлуға» таяғын ұстатарда «Қош бол, сәулем, көргенше, // Қайта айналып келгенше…» деп күллі елді улыған да шулыған етіп кетті. Енді ше, Қазақстан картасындағы 3 қаланы қоспағанда, 17 облыстың оншақтысы күрт еріген қар суынан зардап шегіп жатыр. Еуропа мен Азия құрлықтарына қатар қонған мемлекет – жер көлемі жағынан әлемде 9-орында, кәрі Каспийден Алтай тауына, Батыс Сібір жазығынан Орталық Азияның шөлейті мен шұрайы аралас сахарасына дейінгі алып аумақтың иесі. Каспий мен Арал теңіздері, Зайсан, Балқаш көлдері, Іле мен Ертіс, Есіл, Жайық және Сырдария өзендерінің суынан нәр алған елдің жерінде қос құрлықты бөліп тұрған Жайық өзені Орал тауынан бері құлап, көне Хазардың шөлін қандырып тұрғаны әлімсақтан мәлім.

Жер жүзіндегі бес судың ешқайсысына шығатын «шансы» жоқ болса да, қазақ жерінің тең жартысын биыл су шайып кетті. Оның себебін мәністеп түсіндіретін мемлекеттік қызметші жоқ. Әдетте «МЕМЛЕКЕТШІЛ ТҰЛҒА» болып жүргендер мұндайда «екілік» алған оқушыдай мүләйімсіп қалады. Бірақ бәрі де «екі жеп, биге шығуды» көздейді…

Әрине, әңгіме онда да емес. Мәселе – басқада!..

Басқа өңірлерде шаруамыз қанша, Атырау жеріне Жайық пен Қиғаштың суы 7 мың шақырымға жуық шектес жатқан терістіктегі көршімізден келеді, жер бітіп, су аққалы солай. Біз үшін Қазақстанмен шекаралас Қытай, Өзбекстан, Түркіменстан және Қырғыз елдерінің қатысы жоқ. Тіпті, оны да қоя қойыңыз, іргедегі Ақтөбе облысының аумағындағы Мұғалжар қыратынан Атырау облысына қарай ағатын үш өзен басталады. Қыраттан көлденеңдеп құлайтын Ойыл, Сағыз бен Жемнің бәрі де «шағын өзен» санатына жатқызылған. Әрі кетсе бір апта ішінде қарқыны басылатын бұл өзендердегі суды басқаруға биыл аты-жөнінен адам шатасатын қаншама құрылымның әлі келмеді. Дұрысын айтқанда, құлқы болған жоқ.

Мысалы, Ойыл өзеніне өр суы Ақтөбенің Ойыл ауданы арқылы келеді. Соны 28 наурыз күні алдын-ала барып көрген облыс әкімі Серік Шәпкенов кейін Миялы ауылына қауіп төндірген жерде тұрып, аудан әкіміне нақты тапсырма берді. Оның бейнетаспасы әлеуметтік желіде сақтаулы. Бірақ өрдің суы келгенде жергілікті атқарушы билік дәрменсіздік танытты, ақыры халық аз техника, қара күшпен дүлей апатқа қарсы тұрып арпалысып жатқанда аудан орталығында «төтенше жағдай» дабылы соғылып, қалың бұқараның үрейін ұшырғаны әлеуметтік желі арқылы мәлім болды. Егер ауылдың жастары мен еріктілер ерекше қажыр-қайрат көрсетпегенде, көмекке облыс аумағындағы азаматтар күн-түн демей жұмылмағанда, Миялы 1993 жылғыдай тағы да тасқын судың астында қалатыны сөзсіз еді.

Ойылдан қарқыны да, су көлемі де, ұзындығы да аз Жемнің бойындағы Құлсарының апатқа ұшырауының да себебі құлықсыз әрекеттен екенінен халық толық хабардар.

Қазақстанның су шаруашылығы саласын 20 жылдан астам үздіксіз басқарған мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанға еңбек сіңірген гидротехник Нариман Қыпшақбаевқа әріптесіміз арқылы хабарласып, мұның жай-жапсарын сұрағанбыз. Алматыда тұратын ақсақал биыл елде болған ахуал өз кемшілігімізден екенін ашық айтты.

– Көктемде өр суының тасуы, тіпті тасқынның болуы да заңдылық. Ол әлі де болады. Ал, суды дұрыс пайдалану – адамның міндеті. Бұл жаңадан шыққан теория емес, «қар мен тасқынның суын қалай пайдалану керек?» деген мәселе ғасырлар бойы жалғасып келе жатыр. Осы бағытта Қазақстан аумағында бұған дейін талай шаруа жасалған. Маман ретіндегі пікірім, Қазақстанның су шаруашылығы облыстық, аудандық деңгейден басталуға міндетті. Қай кезеңде де республикалық деңгейден басталған жоқ. Ауыл үшін, ауыл шаруашылығы үшін жер, ал жерге су керек. Бұл – облыстық деңгейдегі мәселе. Сол кезде жасалған істің бәрі кейін иесіз қалды. Себебі, соңғы жылдары барлық жұмысты Астанаға жинап алатын «ауру» пайда болды. Соның салдарынан Қазақстанның облыстық, аудандық деңгейлердегі су мекемелерінің барлығы жойылды. Ел қалды, су қалды, жер қалды. Соған түсінік беретін маман қалған жоқ. «Мынаны былай істейік, оның жағдайы былай екен» деген шаруамен ешкім айналыспайды. Тағы да қайталап айтайын, судың келгені дұрыс, қорғану – біздің міндетіміз. Әр ауыл, әр облыс, әр қаланың міндеті, табиғаттың бергенін пайдалана білу керек, – деді Нариман Қыпшақбайұлы.

Расында, министрлік түрінде 1990 жылы, мемлекеттік комитет нұсқасында 1995 жылы таратылған су шаруашылығы мен мелиорация жөніндегі ведомство тек былтыр ғана қайтадан құрылды. Негізгі салаға мұндай немқұрайды көзқарас Қазақстандағы суға деген мұқтаждықты одан әрі ұлғайтып, тиісті шаруаларды мүлдем күрделілендіріп жіберді. Оған айқын мысал – Атырау қаласынан Махамбет ауданымен шектесер жердегі Қараөткел (Сокол) өзегі тұсындағы көпірдің өзек суының ағысына шыдас бермей, бел ортасынан қақ бөлінуі. Демек өзеннің емес, канал суының өзінде қаншалықты күш-қайрат болатынын Атыраудағы жолшылардың білмеуінен көпірдің техникалық жарамдылығына жылдар бойы мән-маңыз бермеуі қынжылтады. Табиғат берген суды пайдалана және басқара білмейтінімізге бұл бір ғана мысал.

Қыпшақбаевты да қинайтыны сол еді. Тек мұнай мен газды өндіру арқылы жеткен ұшпағымыз шамалы екені дәлелденді. Ал, келешекте су мен жер ресурстарын сауатты пайдалану арқылы Қазақстанның қол жеткізер нәтижесі жоғары болмақшы.

Мәселен, әлемде мұхитпен шектесіп жатса да, табиғаттың жойқын күшінен мықты қорғанып, суды бағындырып отырған мемлекеттің бірі – Нидерланд. Бұл елдің жерінің 30 пайызы теңіз деңгейінен төменде жатыр. Ал, теңіз деңгейі жыл сайын көтеріліп келеді. Олай болса, Нидерландының 30 пайыз жері су астында қалуы тиіс қой. Бірақ олар жаратылыс заңдылығының да алдын орай білді. Елдің аумағын сақтап қана қоймай, бұдан 1300 жыл бұрынғы жер аумағына қарағанда қазір территориясын әлдеқайда ұлғайтып алған. Өйткені, бұл елде тасқынмен күрес – мемлекеттік маңыздағы мәселе.

Бұрын теңізден соққан жел дауылға ұласып, ел аумағын топан су басып, жиі әбігерге түсіретін. Көтерілген су елдің біраз аумағын басып та қалған. Бұдан әбден мезі болған халық 1891 жылы Зейдерзе бұғазын Солтүстік теңізден дамбы арқылы бөлуді жоспарлайды. Бірінші дүниежүзілік соғыстан соң инженер Корнелис Лелидің жобасымен дамбы салып, елдің біраз бөлігін тасқыннан қорғап қалады. Кейін бұғаз ішіндегі біраз жерді кептіріп, елді мекенге айналдырған да, сол жердегі бір қалаға Лелидің аты берілген.

Алайда жағдайды 1953 жылы Солтүстік теңізде болған дауыл күрт өзгертіпті. Оның салдарынан қатты тасқын болып, Нидерландының басқа аймақтары көп зардап шеккен. Елде 1800-ге жуық адам қаза тауып, 43 мыңға жуық үй қирап қалған. Осыдан кейін тұрғындар дамбылар санын көбейтуге кіріседі. 47 жыл бойы тасқыннан қауіп төнген аймақтарға шақырым-шақырым дамбылар соғылып, шлюздер мен бөгеттер салады. Бір жағынан, қалалардың арасын жалғайтын жол-бөгет теңіз тыныш күні ашылып, су деңгейін реттеп тұрады. Теңіз түбіндегі балық пен тіршілікке еш зияны жоқ. Ал, теңізде дауыл тұрса, бөгеттер мен шлюздер автоматты түрде жабылып, елді тасқыннан қорғайды. Нидерландылықтар теңіз деңгейінің ғаламдық жылыну салдарынан көтерілетінін жақсы білетіндіктен, қазір олар бөгеттерді күшейту жағын ойластырып жатыр екен.

Тасқыннан мықты қорғаныс жасаған тағы бір ел – Жапония. Себебі, ел астанасы – Токио және Сайтама перфектурасына тасқын қаупі жиі төнеді. Жағалауда тайфун мен нөсер жауын көп болғандықтан, бұл қалалар судың астында қалуы мүмкін. Мұны жақсы түсінген жапондар 1992 жылдан 2006 жылға дейін Токио маңында үлкен су резервуарын салады. Әрқайсысының биіктігі 60-70 метр болатын бес «алып» бөшке мен су жиналатын бір үлкен «қорап» бар. Тасқын бола қалса, қалаға төнген судың бәрі 5 «бөшкеге» құйылып, сосын «қорапқа» жиналады. Ал, оның ішінде суға төтеп беретін, әрқайсысының салмағы – 500 тонналық 59 колонна бар. Әрі қарай осы «қорапқа» жиналған су арнайы гидронасостар арқылы Жапониядағы Эдогава өзеніне ағып кететін көрінеді. Бұл жобаға мемлекет 2 миллиард доллардан аса қаржы жұмсапты.

Міне, мұхиттың ортасындағы екі ел ғылым мен технологияның арқасында миллиондаған адамның өмірін, ірі қалалардың тіршілігін сақтап отыр. Оның қасында Қазақстан негізгі байлығы – су мен жерді тиімді пайдалану бағытында табанды түрде жұмыс істесе, ешкімнен кенде қалмай өмір сүрер еді. Өйткені, бізде барлық мүмкіндік бар.

Биылғы мамырда торқалы тоқсан жасын тойлаған Н.Қыпшақбаевтың айтуынша, судың тасуы қиындық туындады деген түсінік – түбегейлі қате. Егер жүйелі, жоспарлы және тұрақты түрде жұмыс істелсе, мол судың пайдасы мол, халық та қиындыққа ұшырамайды.

– Есімде бар, 1980 жылы Еділ өзенінен мол су келді. Біздің шекарадағы бір саласы – Қиғаштың жағасынан 12 мың адам тұратын 4 балық колхозын қырға көшірдік. Бір үйді су басқан жоқ, бір адам шығыны болған жоқ, өйткені алдын ала айналыстық. Ал, қазір ондай жұмыс жасалмайды, себебі маман қалған жоқ. Ерекше назар аударатын мәселе – су мамандарын суы мол аймақтарға шоғырландыру керек. Өйткені, мол судан пайда көп. Біріншіден, кеуіп қалған өзен-көлдің арнасын толтырады. Екінші мәселе – Жайық өзенінде соңғы бес жылда су болған жоқ. Өзеннен шалбардың балағын түріп өтетін апатты жағдайға дейін жеттік. Енді су келгенде, «мынау қайдан келді?» деп шуладық. Бұл – түсінбестік!.. Осының барлығын реттеп отырған жөн. Жоғары жақтан судың аз немесе көп келу себебін сұрап, Ресейдегі тиісті мамандар мен жергілікті атқарушы органдар тікелей хабарласып отыруы тиіс. Мұны Астанада отырып басқару мүмкін емес. Ауылда судан қалай қорғану керектігін айтып, бағдар сілтейтін бір маман қалмады ғой. Соған жаным ашиды. Сондықтан, жергілікті деңгейдегі су мекемелерін қалпына келтіріп, жас су мамандарымен қамтамасыз ету керек. Бұл – үлкен шаруа!.. – деді тәжірибесі мол қайраткер.

Жасыратыны жоқ, Қазақстан аумағының 70-80 пайызында мал жайып, егін егуге толық мүмкіндік бар. Қу медиен дала емес, сол өнімдер арқылы да дәулет арттырсақ ешкім қолымызды қақпасы анық. Ал, әлемде агроөнеркәсіп секторын дамыту арқылы-ақ күн көріп отырған кейбір елдердің тұрмысы тәп-тәуір.

Қазақтың «Су бергеннің сауабы бар, су төккеннің жауабы бар» деген сөзі осындайда ойға оралады. Шынында, бізде суды ысырап етіп, бос рәсуа жасау дәйегі көп екенін ескерген артық болмас. Биылғыдай өр суының мол келіп, елдің тең жартысынан астам аумағында «төтенше жағдай» жариялануын кейбір сарапшылар жаһандық жылынуға жаба салғысы келеді. Алайда ақиқат біреу, суды тиімді әрі дұрыс басқара білу көптеген күрделі түйіндерді шешетіні анық. Әсіресе Атырау облысында бұл – өте өзекті тақырып. Өйткені Жайық өзені бассейнінде мұндай күрделі түйін Ресейде – Орынбор, Қазақстанда – Атырау облыстарына ғана тән.

Назарбек ҚОСШИЕВ

Related Articles

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button