Биыл «Жасыл елге» – 20 жыл
Осыдан тура 20 жыл бұрын тұсауын кескен «Жасыл ел» жастар еңбек жасағы биылғы маусымын өңірдегі төтенше жағдайға байланысты 12 маусым күні бастады. Бас-аяғы 1700-ден астам 16-35 аралығындағы жас жұмысқа тұруға өтініш бергенмен оның 1000-ын ғана жұмысқа тартылған. Осы маусымға облыстық бюджеттен 110 млн-ға жуық теңге қаражат бөлінген.
Жастар көгалдандыру, абаттандыру бағыттарымен қоса, биыл құрылыс бағытында да еңбек ететін болады. Жылыой ауданында орын алған су тасқынына байланысты 140 жас құрылыс, көгалдандыру бағытында қызмет атқаратын болады. Құрылыс жұмыстарына 18 бен 35 жас аралығындағы жастар жұмыс істей алады. Құрылыс жасағында жұмыс істеген сарбаздар үшін жалақының жалпы мөлшеріне қосымша дәл сол сома төленетін болады.
Облыстық ішкі саясат басқармасы жастар және әлеуметтік бастамаларды қолдау бөлімінің бас маманы Әйгерім Құрманберлиеваның айтуынша, жоба 7 ауданда және Атырау қаласына қарасты 6 ауылдық округте ғана жүзеге асырылуда.
Атап айтқанда, Атырау қаласында — 130, Исатай ауданында — 100, Құрманғазы ауданында — 170, Махамбет ауданында — 140, Индер ауданында — 120, Жылыой ауданында — 140, Мақат ауданында — 50, Қызылқоға ауданында 150 сарбаз жұмыспен қамтылады.
– Қазір облыста 300-ден астам жас жұмыс істеп жатыр. Бөлінген қаражатқа жастар мен ұйымдастырушылардың жалақысы және осы жоба аясында өткізілетін түрлі акциялар мен сенбіліктер, сонымен қатар жұмысшы жастарға арналған киім мен әр түрлі құрал-саймандар кіреді. Көгалдандыру жұмыстарына тал егу, суару, оларды баптау жатса, абаттандыру жұмысы тарихи-мәдени мұраларды сақтап, ескерткіштерді жөндеп, қалыпқа келтіру жұмыстарын жатады. Сарбаздар арнайы логотипі бар 1000 футболка және бейсболкамен қамтамасыз етіледі. Сарбаздарды тіркеу мен ақпараттандыру жұмыстары @atyrau_jastary және @jasylel_atyrau парақшаларына жарияланды.
«Жасыл ел» жасағы жастарды тек бір ай ғана жұмыспен қамтиды. Яғни, маусым айында жұмыс жасаған сарбаз шілде, тамыз айларына қабылдана алмайды, — деді А.Құрманберлиева.
Ал жобаға жауапты «Инфо орталық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Заманбек Құрақбайдың айтуынша, өтініштері қанағаттандырылған жастардан талап етілетіні жеке куәлігі, ата-анасының рұқсаты (16 жастағы жастар үшін), Kaspi Gold есепшоты.
– Биыл әр ауданда 8 рет #trashtagatyrau, облыс көлемінде 24 рет UPGRADE акциясын, 8 рет кең көлемді сенбілік өткізу жоспарлануда. «Жасыл ел» еңбек жасағы аясында негізгі мақсатымыз – NEET санатындағы жастарды жұмыспен қамту. Биылғы жоспар бойынша 200-ден астам NEET санатындағы жастарды қабылдаймыз. Өтініш бергендердің реттілігі бойынша жұмысқа қабылданады. Жалақының жалпы мөлшері 85 000 теңге. Жалақы салығының шегерімдерін алып тастағанда қалатын таза ақы 67 мың теңгенің көлемінде. Кәмелетке толмаған жасөспірімдердің қауіпсіздігіне байланысты жергілікті ауылдық округтермен меморандум жасақталған. Олар жастардың қауіпсіздігіне жауап береді. Әрине қауіпсіздікке баса назар аударғандықтан қауіпсіздік бойынша тренингтер өткіземіз, — деді З.Құрақбай.
Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ
Суретті түсірген автор