Атырауға жаһандық жылыну қауіпі төніп тұр

Жаһандық жылыну 2 Жаңалықтар

Жақында Антарктиданың солтүстік-батыс бөлігінен көлемі алты мың шаршы шақырым және салмағы бір триллион тонналық айсберг бөлініп шықты. Осында он жылдан бері зерттеу жұмыстарын жүргізіп жатқан ағылшын ғалымдарының айтуынша, бұл – ашық мұхитқа бет алған ең ірі мұз бөлшегі. Оның қалыңдығы шамамен 350 метр. Мұнда өзге мұздардың да еру қаупі бар. Соның салдарынан теңіз деңгейі 60 метрге көтерілуі мүмкін.

Жаһандық жылыну-2

Жалпы, бүгінде әлем ғалымдары жаһандық жылынуға қатысты дабыл қағуда. Ендеше, мәңгілік мұз құрсауы қаншалықты шапшаң сөгілуі ықтимал? Мамандар бұл ретте қуанарлық болжам айтпайды. Қазір адамзат үлкен қатердің алдында тұрған тәрізді. Өйткені, жер бетінде алапат апаттың орын алуы үшін әдеттегі ауа температурасының небәрі екі-үш градусқа көтерілуі де жеткілікті. Демек, қазіргі деңгейді ұстап тұрғанда ғана орны толмас оқиғаның алдын алуға болады.

Республикаға танымал эколог Мэлс Елеусізовтің айтуынша, техниканың жедел дамыған қазіргі шағында  табиғатқа адам қолымен орасан зор залал жасалып жатыр. Ауаға көп мөлшерде зиянды заттар шығарылуда, қалың ормандар өртенуде, айдын сулар суалуда. Қоршаған ортаға үлкен көлемде ыстық  таралуда. Соның салдарынан мәңгілік мұз басып, қар құрсанған өңірлер шетінен еріп жатыр. Сонда Нұқ пайғамбардың кезіндегідей жер бетін түгел су баса ма? Қазіргі болжам осындай қатерге соқтыра ма?

Осы орайда ғалымдар соңғы 40 жылда өнеркәсіптің аса жоғары қарқынмен дамығанын айтады. Жаңадан салынған жүздеген зауыт пен мыңдаған ірілі-ұсақты өндіріс ошақтары ауаға түрлі газ қоспаларын таратып жатыр. Әрине, бір қарағанда, қырық жыл – әлемдік өлшемде қас-қағым сәт. Бірақ, осы аз ғана уақыттың ішінде адамзат табиғатты әбден бүлдірді. Мәселен, Арал теңізі небәрі 20-25 жылда тартылған жоқ па?

Жалпы, дүниежүзі ғалымдары ғаламдық жылыну қаупі туралы бұдан біраз жыл бұрын дабыл қаққан-ды. Бірақ, дер кезінде құлақ асқан жан болмады. Қазір де бұл үрдісті тежейтін, оны тоқтататын шаралар жеткіліксіз. Өндіріс қарқыны тежелудің орнына одан әрі өрістеп келеді. Қазба байлықтарын иеленген мемлекеттер мұнай мен газды, көмір мен темірді бір-бірімен таласа бұрынғыдан да көп өндіруде.

Ғаламдық жылынудың экономикасы жедел дамып келе жатқан Қазақстанға да қатысы бар. Қазір метеорологтар елімізде 40 жылдан бері кездеспеген құбылыстар туралы айтады. Бұдан біраз жыл бұрын Павлодарда 75 градустық ыстық орын алды емес пе? Әдетте жылылық есіп тұратын республиканың оңтүстік өңірін салқындық жайлады. Еліміздің бұл өңірінде адам бойымен астасатын қалың қар жауса, солтүстікте ми қайнатар ыстық сезіледі.

Ауа райындағы күрт өзгерісті Атыраудан да байқауға болады. Бұрын-соңды болмаған қатты аязды немесе өте ыстық күндер алмасып жатыр. Биылғы  жаздағыдай елу градустық температураны көнекөздер де есіне түсіре алмады. Әдетте Мәскеудің ауасы араға үш-төрт күн салып бізге жететін. Қазір мұндай болжам жасауға болмайды. Жел де бағытынан ауысып кеткендей. Бұдан бірер жыл бұрын жергілікті экологтар кеніштерде текке жанып тұрған алаулар ауаға зиянды заттарды таратып қана қоймай, атмосфераны да жылытып жатқандығын айтқан-ды. Ал, осы температураның мөлшерін кім өлшеді? Оның қаншалықты зардабы бар екендігін анықтайтын құрал бізде бар ма?  

Анау жылы Астанада өткен бесінші Еуразиялық энергетикалық форумға қатысқанбыз. Сонда отандық мұнайшылардың басшылығы алдағы уақытта жер қойнауын игеруші компаниялардан энергетикалық қуаттарды үнемдеуге мүмкіндік беретін, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін заманауи технология талап етілмекші екендігін айтқан. Алайда, оған мол табысқа кенелген, әлі де пайданы көздеген инвесторлар көне ме? Қомақты қаражат жұмсалатын қымбат жабдықтарға кім алдымен қол созады? Шындығында, кәсіпорын жетекшілері экологиялық талапқа сай қондырғыларды орнатқаннан гөрі, қоршаған ортаны бүлдіргені үшін айыппұл төлеп құтылғанды дұрыс көреді. Оның үстіне, өндіріс ошақтарын толық жаңғырту – ұзақ процесс. Жақында Атырау мұнай өңдеу зауытында күрделі жөндеу жұмыстары басталып еді, қаланы жағымсыз иіс жайлады. Табиғат сақшылары нақты заң бұзушылықты анықтамағанымен, халық қатердің қайдан төнгенін білгісі келеді.

Тағы бір назар аударатын нәрсе – ғаламдық жылыну орын алып, жер бетін топан су қаптаса, адамзаттың ауыз суға зар болатыны анық. Бұл қалай? Сөйтсек, сел басып, оған тосқауыл қою мүмкіндігінен айырылғанда тұтынып отырған су сапасы бұзылады екен. Жер бетіндегі топан су жер астындағы тұщы су көздеріне әсер етеді. Қазірдің өзінде ғалымдар жерасты суларының тұзданып, пайдалануға жарамсыз болып бара жатқандығын айтуда. Бұл да – жер қыртысына тағылықпен шабуыл жасалып, оның байлығын бей-берекетсіз алудың салдары.

Бүгінде әлемдік мұхит деңгейі келешекте 6-7 метрге көтерілу ықтималдығы айтылады. Демек, жер бетін сел қаптаса, адамзат су астында қалады. Осы орайда апаттың алдын алатын мүмкіндікті толық пайдаланып болдық па? Тіршілік нәрі әлі қанша уақытқа жетеді? Ғалымдар пікірі қауіптің жақындығын сездіреді. Зор қатердің орын алуына ауадағы залалды заттардың 400-500 промиль деңгейіне жетуі жарайды. Қазіргі мөлшер – 330-350 промиль. Яғни, шегінерлік жол жоқ. Демек, қоршаған ортаға шығарылатын залалды заттарды барынша азайту, тіпті болдырмау керек. Халықаралық Киот келісімінде айтылғанындай, оны кем дегенде 60 пайызға кеміту шарт. Сонда ғана адамзат өзін-өзі сақтап қалады.

P.S. Жұмыр жердің пайда болғанына 62 млрд. жыл өтті. Енді, оның бір-ақ сәтте жоғалып, су астында қалуы мүмкін бе? Бұған күмән келтірушілер де болғанымен, ғаламдық жылыну үрдісінің тым шапшаң жүруі – әлдебір қатердің жақындап келе жатқандығының белгісі. Рас, оптимистер жер бетінің бір шеті мен екінші жағында түрлі табиғи құбылыстар жүріп жатқанымен, тіршілік толық жойылмайтынын айтады. Мәселен, XVI–XVII ғасырларда Еуропа мұз дәуірін бастан кешкенде, Азияда қалыпты тұрмыс орныққан. Дегенмен, соңғы жылдары ауа райындағы күрт өзгерістер барша адамзатты алаңдатып отыр. Қоршаған орта өзіне қол сұққандарды кешірмейді. Демек, адамзат өзі жасап жатқан қателіктерін дер кезінде ұғынуы тиіс. Ал, оған қосар біздің үлесіміз қандай? Ғаламдық жылыну үрдісін тоқтатуға сәл де болса септігімізді тигізе аламыз ба? Лаулаған өртке қанатымен су сепкен қарлығаштай көмегіміз бар ма?

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз