БАЛЫҚ НЕДЕН ҚЫРЫЛДЫ?

240263136b02b18c6 Экология

Биыл 29 тамызда әлеуметтік желілерде судың қайтуы нәтижесінде балықтар қырылып жатқаны жөнінде бейнежазба жарияланған болатын. Видео авторының айтуынша, бұл оқиға Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде орын алған. Осыған орай, біз облыстық балық шаруашылығы басқармасының басшысы Артур Сәдібекұлына хабарласқан едік.

– Жедел түрде балық қырылуы мүмкін орындарды анықтау мақсатында Каспий теңізінің жағалауын зерттеуге Жайық-Каспий облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекция қызметкерлері жіберілді, – дейді ол. – 30-31 тамызда инспекторлық құраммен автомобиль және әуе көлігі арқылы бақылаудағы акваторияның едәуір бөлігі тексерілді. 1 қыркүйекте Каспий теңізінің солтүстік-шығыс бөлігінде, Жылой ауданының «Жилая коса» учаскесіне жақын маңнан жағадан 4 км қашықтықта балықтың қырылған орны табылды. 2 қыркүйекте экология және полиция департаменттерінің, ветеринария және жергілікті атқарушы орган қызметкерлерінен құрылған жұмыс тобы су, топырақ және балық сынамаларын алып, акт жасақтау үшін оқиға орнына барды. Қазіргі уақытта талдау нәтижелері күтілуде.

Айта кетейік, «Қазгидромет» мәліметі бойынша 2022 жылғы 18-23 тамыз аралығында Каспий теңізінің суы 5-25 км-ге шегінгені байқалған. Нәтижесінде, балық судың терең бөлігінде аз мөлшердегі суда қалып қойған. Бұл балық өліміне себеп болуы мүмкін.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз