АЗҒЫРДЫҢ АРЫЗЫ КӨП АЙТАР ӘЛІ
Жерасты сулары неге жарамсыз?
— Алдымен, азғырлықтардың ауыз сумен қамтылуы туралы білсек. Аудан және облыс орталықтарынан тым шалғайдағы елді мекен халқы күнделікті қажетін қалай өтеп отыр?
— Турасын айтайын, нашар. Мұндағы ауыз су жайын тексерген «Экосервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шығарып отырған қорытындысына еш қанағаттанбаймыз. Оның мамандарының айтуынша, құдықтардағы су таза тәрізді. Сонда судың сапасыздығы оны таситын көліктер мен сол құдықтардың өздерінің санитарлық талаптарға сәйкес келмеуінен секілді. Демек, бірнеше мәрте жерасты жарылысы жасалған өңірде қабат қуысына зақым болмағандай. Тұрғындар, әрине, бұған сенбейді. Ал, менің қолымда нақты мәлімет бар. Соның кейбірін ғана келтірейін.
Мәселен, азғырлықтар күні кешеге дейін тұтынып келген Лауан учаскесіндегі суда стронций әр литрге 8350 микрокилограмм болды. Азғыр ауылынан бір шақырым қашықтағы №1081 ұңғымасында 25600 көрсеткішті құрады. Ал, норма бойынша жүзден аспауы тиіс. Демек, рұқсат етілген деңгейден қаншалықты көп екенін өзіңіз пайымдай беріңіз.
Немесе, азғырлықтар әлі пайдаланып отырған №2 ұңғымадағы су құрамында әр литрге шаққанда 2230 микрокилограмм марганең бар. Ол «Бұлақ» құдығында 442-ге жеткен. Егер норма бойынша жүзден артық болмауы шарт десек, неше есе көп екенін қарапайым есеппен шығаруға болады. Бұл құдықтардан адамдар да, бағымдағы төрт түлік те су ішіп отыр.
Бұдан басқа Азғырдағы құдықтардың су құрамында темір де, барий де, басқа қоспалар да шектен тыс артық. Демек, мұндағы суды тұтынуға мүлдем болмайды. Оның үстіне, осы элементтердің жасанды немесе табиғи екендігі де анықталмаған. Мен бұл мәліметті текке айтып отырғаным жоқ. Ол Азғыр ғылыми-өндірістік радиологиялық экспедициясынан алынған.
Жарылыс алаңдарында пайда болған тұз қабаттарының қуысында 77-ден 1500 кюриге дейінгі альфа-активті және 450-ден 50000 кюриге жететін бета-активті нуклид сақталып, қазір радиоактивті заттар ыдырау үстінде. Сол қуыстар түгелге жуық жерасты суларымен толып тұр. Яғни, радиоактивті тұздықтар жерасты суларының ағынымен жан-жаққа тарап, жер бетіндегі өзен-көлдермен жалғасуы ықтимал. Сайып келгенде, жерасты суларының әбден ластануының салдары қазір-ақ сезілуде. Мәселен, 2006-2007 жылдары жарылыс алаңдарындағы өсімдіктер мен топырақтағы радий және цезий мөлшері рұқсат етілген деңгейден анағұрлым көп болды. Ал, олар өз кезегінде ауаға таралып жатыр. Ендеше, «Экосервис» мекемесі мамандарының Азғырдағы құдықтардың суы тазалығын айтуына қалай сенуге болады?
Жалған дерек – жанға дауа емес
— Сөзіңізге қарағанда, орталық мамандарының зерттеу қорытындысына көңіліңіз толмайтын тәрізді ғой.
— Алдымен, солар жеткілікті зерттеу жүргізді ме екен? Мәселен, ел Үкіметінің тапсырмасымен «Жол картасы» аясында Денсаулық және әлеуметтік даму министрлігінің «Еңбек гигиенасы және кәсіптік аурулар ғылыми орталығы» республикалық мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорны «Азғыр» мен «Капустин Яр» полигондары іргесіндегі ауыл тұрғындарының денсаулығы туралы, олардың сынақ зардабына қаншалықты шалдыққаны жайлы кешенді жұмыс жүргізуі керек-ті. Қоғамдық тыңдау барысында оның қорытындысы хабарланды. Айтуларына қарағанда, бәрі жақсы, азғырлықтардың денсаулығы мықты, олар экологиялық таза өңірде өмір сүріп жатыр екен. Тыңдап отырғандар аң-таң. Сөйтсек, әлгі мамандар бірде-бір ауылға бармапты, тұрғындармен кездеспепті. Бұл тікелей сұрақ қою нәтижесінде анықталды. Ал, мәліметтерді жергілікті денсаулық сақтау мекемелерінің статистикалық есептері бойынша ала салған. Оны өздерінің мойындауына тура келді. Бұдан кейін орталық мамандарының сөзіне қалай сенуге болады?
Жалпы, Азғыр аумағында жасалған ядролық жарылыс зардабы әлі толық анықталған жоқ. Мәселен, сынақ салдарынан пайда болатын плутоний-239 изотопының ыдырау уақыты 24000 жылға жетеді екен. Бұл қаншама ұрпақтың ғұмыры?! Демек, Азғырдың қоршаған ортасының адам саулығына тигізер кері әсері тым ұзаққа, тіпті мәңгілікке созылуы ықтимал. Қазір мұнда радиацияның таралу бағытының өзгеруі байқалады. Бұл неліктен болып жатыр? Оған не себеп? Кім айтар екен?
Тікелей ядролық жарылыс жасалған 11 алаңның қарапайым сыммен ғана қоршалғанына, міне, 15 жыл толды. Бүгінде сым үзіліп, оны бекіткен бағандар құлап жатыр. Мәселен, аса қауіпті саналатын №2 және 5 алаңдарға төрт түлік мал емін-еркін кіріп-шығып жүр. Әр жылғы сәуір-қазан айлары аралығында Азғыр ғылыми-өндірістік радиологиялық экспедициясы сынақ алаңдарына мониторинг жүргізеді. Бірақ, сол бақылау нәтижесін жергілікті халық білмейді. Ал, еліміздің Экологиялық кодексінің талаптарына орай, әр азаматтың мемлекеттік органдардан экологиялық ахуал жөніндегі ақпаратты толық алуына құқы бар. Ендеше, біздің заңды талаптарымызға неге ешкім құлақ аспайды? Мұның сыртында жұрттан жасырған нендей құпия бар?
Оның үстіне, 2008 жылы облыстық бюджет қаражатына Азғыр полигоны бойынша ақпараттық қор құрылды және республикалық ядролық физика институтымен келісім жасалды. Соңғысына табиғи ресурстар мен табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына әр айдағы мониторинг қорытындысын тапсыру міндеттелді. «Қазақстан Республикасы халқының радиациялық қауіпсіздігі туралы» Заңның 20 бабында барлық мәліметтің бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жұртшылыққа жеткізілуі керектігі көрсетілген. Әйтсе де, бұл талап та орындалып отырған жоқ. Ал, еліміздің Ата Заңының 31 бабында адамдардың өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін деректерді жасырған лауазымды тұлғалардың жауапкершілікке тартылатындығы көрсетілген.
Өткен жылы ядролық физика институтының төрт маманы келіп, өздерінше кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізді. Әр үйді қарап өтті. Шындығында, радиоактивті газды үйлерде емес, анау жарылыс жүргізілген алаңдардағы әскери ұңғымалардан іздеу керек еді. Сондықтан, оның да қорытындысына қанағаттанғанымыз жоқ. Азғыр халқы шекараны жалаңаштап, орталыққа үдере көшуді қаламайды. Сан жылдар бойы осы өңірді мекендеген жұрт төрт түлігін өргізіп, қазақы ғұмырын кешіп келеді. Оларға керегі – мұнда қауіпсіз өмір сүруге болатындығы жөнінде шынайы ақпарат.
Осы орайда тағы бір жайды айтқым келеді. Соңғы үш жылда облыста табиғат қорғау шараларына қыруар қаржы жұмсалып, біраз іс тындырылған екен. Мәселен, Жайықтың жағасы бекітілген, Исатай ауданының елді мекендері құм көшкінінен қорғалған, т.б. Ал, Азғырдағы алаңдарды қоршау тіпті қолға алынбады. Әлде, бұл жерлер аймақтық экологиялық бағдарламаға енбей ме? Әрине, құм астында қалғалы тұрған ауылдарды сақтау қажет. Бірақ, Азғырда да тоғыз елді мекен құм көшкінінің зардабын тартуда.
Сынақтан келген зардап қандай?
— Айтыңызшы, қазір жарылыстар тоқтатылғанымен, сол сынақтардан зардап шеккендер бар ғой.
— Әрине. Менің қолымда естіген адам жағасын ұстайтындай мәліметтер бар. Қажет болса, өмірден ерте өткен адамдардың аттарын да атап бере аламын. Мәселен, 1990-2004 жылдары Азғыр аумағында 69 адам қатерлі ісіктен, 85 кісі қан айналу жолдарының бұзылуынан қайтыс болды. Ал, 14 тұрғын өзіне қол жұмсады. Бұлар ойландыратын деректер емес пе? Жалпы, Азғыр аумағындағы тоғыз елді мекенде барлығы 7437 адам тұрады. Солардың бәрінің саулығы мықты ма? Аудан орталығында өткен қоғамдық тыңдауда азғырлықтардың денсаулығында мін жоқтығы айтылды. Қалайша? Осы рас па? Мәселен, биылғы бірінші тоқсанның мәліметімен Сүйіндікте 108, Балқұдықта 104 және Үштағанда 51 мүгедек жан барлығы тіркелген. Рас, оларға әлеуметтік қолдау мен медициналық көмек көрсетілуде. Әйтсе де, аудан мен облыс орталығына қатынау тым алыс. Ал, ар жағындағы Ресейге шығуға шекаралық шектеу бар. Рас, қазір бұл мәселе оңтайланды. Бұл бағытта сенатор Сәрсенбай Еңсегенов біраз іс тындырды. Дегенмен, әлі де пысықтайтын шаруа жеткілікті.
Баршаға белгілі, 1966-1979 жылдары Азғырда 17 мәрте жерасты жарылысы жасалды. Олар қуаттылығына қарай 165-1500 метр тереңдікте жүзеге асырылғанымен, зардабы ауаға да жайылған. Соның бәрі іссіз кетті ме? Әрине, жоқ.
Оның үстіне, Азғырда сынақ тоқтатылғанымен, Ресейдің Ашулук зымыран полигоны жұмыс жасап тұр. Ол біздің шекараға тым таяу. Қазақстан Үкіметінің 1998 жылғы 18 қарашадағы қаулысымен Азғыр маңында бұрғылау шараларын жүргізуге тыйым салынды. Алайда, Ресейдің Ашулук полигонында 2011-2012 жылдары жарамсыз снарядтар жару арқылы жойылды. Оқиға орын алған жер Азғырдан небәрі 25-30 км болғандықтан әсері елді мекендерге сезілді. Көп үйлердің қабырғалары жарылды, мал қоралары мен өзге де қосымша құрылыстар құлап қалды. Сол жарылыс салдарынан қазір жерасты құрылымы қандай күйге түскенін ешкім де білмейді. Ақырында, дәл шекараның түбінен, Ашулук сынақ алаңының жанынан ресейлік танк полигонын тұрғызуда. Оның да зардабын біз тартатын шығармыз.
Қысқасы, Азғырдың әлі айтылмаған арызы жетерлік. Рас, жергілікті атқарушы билік тарапынан мұндағы тұрғындардың тұрмысын жеңілдетуге бағытталған шаралар алынуда. Бірақ, барлық проблеманы түбегейлі шешу – мемлекеттік тұрғыда алынатын бағдарламаларға байланысты. Біз соған үміттенеміз.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ.