Азғырдағы ағайынның жанайқайы
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов жұмыс сапарымен Құрманғазы ауданында болды. Өзімен бірге жанына бірқатар салалық министрліктің өкілдерін ерте келген сенатор алдымен «Қоянды» топтық су құбырының жұмысымен танысты.
Құбыр суы таза ма?
Сүйіндік ауылынан 45 шақырым қашықтықта, Ресей Федерациясымен шекарада орналасқан бұл нысан екі ауылдық округке (Сүйіндік пен Азғыр) қарасты бірнеше елді мекенді ауыз сумен қамтиды. Мекеме басшысы Нұрлан Атаевтың айтуынша, мұнда тәулігіне 7200 текше метр су айдалады. Аудандық мәслихат депутаты Мансұр Қуанышәлиев ауыл тұрғындары пайдаланып отырған суда өзгеше бір дәм барын айтты. Бактериологиялық сараптама жасалып, тазалығы анықталғанмен, химиялық құрамы әлі де беймәлім екендігін алға тартты. Ал, оны нақты анықтайтын жалғыз зертхана Атырау қаласында орналасқан. Сонымен қатар, су жүйесін энергиямен қамтамасыз етіп тұрған 13 электр бағаны шекараны белгілегенде Ресей жағында қалып қойған. Мұны да ескеру қажет, егер әлдеқандай жағдай туындаса, көршілердің әрмен қарай қия бастырмауы ықтимал.
«Қоянды» топтық су құбыры – Азғыр өңірінің жұртшылығы үшін аса маңызды нысан. Кезінде оның құрылысымен «РАСК» ЖШС айналысты. Алайда, ол сенімді ақтамады. Жұмысын бастап, аяқсыз тастап, қыруар қаржыны желге ұшырып, «іс бітті, қу кетті» деп табанын жалтыратты. Сенатор Сәрсенбай Еңсегеновтың тікелей араласып, күш салуының арқасында ғана бұл жұмыс жалғасын тапты. Сөйтіп, су айдау стансасын электр желісіне қосудың нәтижесінде жүздеген шақырымнан дизель отынын тасу тоқтап, берілетін судың бағасы арзандаған еді.
Дегенмен, әлі де қиындық жоқ емес. Мәселен, өткен қыста құбырдың көмілген тұсындағы топырақ желмен ұшып кетіп, содан оның бойы суықта қатып қалған. Құм көшпей тұрмайды, сондықтан, оның бетіне жарты метрдей саз төгу керек. Оның үстіне, «судың дәмінде өзгеріс бар» деген әңгіме айтылып қалды. Мұның бәрі де рас екендігін айтқан Ауыл шаруашылығы министрлігі су ресурстары комитетінің төрағасы Ислам Әбішев облыс әкімдігімен бірлесіп, бір шарасы алынатынын жеткізді.
Облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев алдымен, «Қоянды» су құбырына қатысты проблемалар мен оларды шешу жолдарына тоқталды. Одан бөлек, Азғыр өңіріне табиғи газ құбырын тартудың конкурс-тық кезеңі аяқталып, мердігер мекеменің анықталғанын, көп кешікпей жұмыстың басталатынын мәлімдеді.
Шекара ашықжатыр…
Шекаралық бақылау өңірлік бас-қармасының бастығы Данияр Малшыбаев:
– «Балқұдық» шекарадан өткізу бекетінде қиындықтар туындап отырғанынан хабардармыз. Біздің тарапымыздан Ресейдің федералдық қауіпсіздік қызметіне екі арада өткізу пунктін ашу жөнінде хат жолданды. Бірақ, бұл жерден өтушілердің аздығын алға тартқан ресейліктер оған әзірге келісім бермеуде. Қазақстан Кеден Одағына мүше болғандықтан, бұл мәселе екі ел басшыларының деңгейінде көтерілгені дұрыс деп есептейміз.
Биыл көршілес Астрахан облысында жол полициясы қызметкерлеріне шабуыл жасалды. Осыған орай, өз тарапымыздан шекарада болуы мүмкін лаңкестік оқиғалардың алдын алу мақсатында қауіпсіздікті күшейтудеміз. Екіншіден, шекараның кейбір жерлері әлі де бекітіле қоймағандықтан, еліміздің шебін күзетуге тұрғындардың да атсалысуын, заңдылықтарды сақтауын сұраймыз, — деді.
Аудандық мәслихат депутаты Мансұр Қуаншәлиевтің пікірінше, Қазақстан жағы осыны Ресейдегі тиісті органдарға жеткізіп, оң шешімін алуға ықпалын тигізбесе, болашақта қарайған жер қаңырап бос қалады. Қазірдің өзінде көшіп кетушілер аз емес. Бүгінде Балқұдықта жетпістің үстінде үй бос тұр екен.
Қанат ҒҰМАРОВ,
Құрманғазы ауданы.