Ауыз судың азабы
«Астрахан–Маңғышлақ» магистралды су құбыры («Магистралды суағызғы» ЖШС) – Құрманғазы, Исатай және Жылыой аудандарының, сондай-ақ Маңғыстау өңіріндегі Жаңаөзен қаласы, Бейнеу, Маңғыстау, Қарақия және Түпқараған аудандарының тұтынушыларын сумен қамтамасыз ететін жалғыз орталықтандырылған су көзі. Соңғы кездері магистралды құбырларды жаңғырту жұмыстарының жүргізілуіне байланысты кейбір қиындықтар туындап отыр. Бұл жағдай әсіресе, ауыз суды құбыр бойынан алатын Жылыой мен Исатай аудандарының тұрғындарына қолайсыздық туғызуда.
Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражановтың айтуынша, бүгінде тұрғындардың алаңдаушылығын туғызып отырған күнделікті тұтынатын ауыз суға қатысты мәселенің орын алғанына екі айдан асқан.
– Ауыз сумен қамту жайы жылыойлықтар үшін күрделі мәселеге айналып отыр. Ол әлі күнге дейін нақты себебі мен шешімін таппай келеді. Өзіміз де көріп, білетініміздей, бұрындары таза, мөлдір болып тұратын судың бүгінде түсі өзгеріп, сарғыш тартқан. Бөлек бір иіс шығады. Қайнатқанның өзінде де сасық иіс пен жағымсыз дәмнен арылу мүмкін емес,-дейді аудан басшысы.
Өңір басшысының айтуынша, Жылыой ауданына ауыз су «ҚазТрансОйл» мұнай тасымалдау компаниясына қарасты «Астрахан – Маңғышлақ» магистралды су құбыры арқылы жеткізіледі. Содан соң осындағы «Жылыой-Су» ЖШС-нің теңгеріміндегі нысандарда тазартылып, ішкі желілер арқылы халыққа беріледі. Енді жоғарыдағы жұртты алаңдатып отырған мәселенің мәнісіне келсек, магистралды құбырға реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп, бұрын қолданыста болған диаметрі 700 мм-лік тұрбалар 1000 мм-лік тұрбалармен ауыстырылған. Мұның өзі магистралды құбырдың өткізгіштік қабілетін арттырып, айдалатын судың көлемін ұлғайтуға мүмкіндік берген еді. Алайда, осы жаңа құбырдың іске қосылуымен байланысты халықтың ішіп отырған таза суы таттанып, сарғая бастады. Алғашында, бұл уақытша құбылыс, уақыт өте келе судың сапасы жақсарып, қалпына келеді делінгенімен, сол жағдай қазір де қайталануда.
– Мәселенің анық-қанығына көз жеткізу үшін магистралды құбыр бойындағы жұмыстар аяқталғасын судың қалаға келетін тұсынан да, тұтынушыларға тарататын су айдау станциясының басынан да сынамасын алып, тексеруден өткізіп көрдік. Онда көп айырмашылық байқалмады. Дегенмен, қаланың жеке секторына қарағанда көпқабатты үйлерінде (шағынаудандарда) ауыз судың әлі де болса көбірек сарғыш тартып тұрғаны аңғарылады. Өйткені, жерүйлерде ауласы, бау-бақшасы бар, су алдымен соларға жіберіледі де ішуге келгенде әжептәуір тазарып қалатын сыңайлы. Ал, корпуста тұратындардың жайы әлгінде айтылғандай жағдайда. Бұған қоса айтарым, дәл осыған ұқсас жағдай облыстың Исатай ауданы мен көршілес Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында көрініс тапқанынан хабарлымыз. Мәселені шұғыл түрде шешіп, біржақты ету үшін «Магистралды суағызғы» ЖШС басшылығына шығып, ахуалды жөнге келтіру туралы ұсынысымызды жолдадық. Бұл жағдай прокуратура органдарының да бақылауына алынған, — деп түйіндеді әңгімесін Жылыой ауданының әкімі Жұмабек Қаражанов.
Дәулетқали АРУЕВ
Коллажды жасаған Сая РАМАЗАНОВА