
Ауыл келбеті жасыл аймақтан басталады
Махамбет ауданының әкімі Қайрат Нұрлыбаев ауыл аумағындағы абаттандыру жұмыстарымен танысты. Әкім жасыл белдеулер мен саябақтардың жағдайын көзбен көріп, жауапты мамандардан есеп алды, — деп хабарлайды аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.
Ауылдың көркі мен тұрғындардың жайлылығы үшін жасалып жатқан жұмыстарға аудан басшысы оң бағасын беріп, бірқатар нақты тапсырма жүктеді. Атап айтқанда, көгалдандыру көлемін арттыру, санитарлық тазалықты сақтау және демалыс орындарын ұдайы күтімде ұстау міндеттелді.
— Абаттандыру – бұл тек сыртқы көрініс емес, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған жұмыстардың бірі. Сондықтан әрбір істің нәтижесі нақты болуы тиіс, — деді Қайрат Нұрлыбаев.
Айта кетейік, соңғы жылдары Махамбет ауылында көгалдандыру, демалыс орындарын жаңғырту және халық игілігіне арналған шағын сәулет нысандарын орнату бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ