Атыраудың ауасы тазара ма?

9643 870x400 1 Экология

Біз бұл сұрақты ең алдымен облыстық экология департаментінің басшысы Əлібек Бекмұхаметовке қойғанбыз.

Оның айтуынша, бүгінде ауа ластаушы көздер көп.

– Ауа сапасына кері əсер ететін бірнеше фактор бар. Біріншісі – Атырау мұнай өңдеу зауыты, «Атырау су арнасы» секілді ірі кəсіпорындар. Екіншісі – қаладағы қалдық сулар жиналатын 500 гектарға созылған «Квадрат» пен 1300 гектар болатын «Тухлая балка» булану алаңдары. Үшіншісі – қоқыс полигоны. Бұл мəселелер өңірдің 2021-2025 жылдарға арналған əлеуметтік-экономикалық даму жоспарында да көрсетілген, – деді департамент басшысы.

«Қазгидрометтің» мəліметіне сүйенсек, былтыр 238 рет ауа ластануының жоғары деңгейі тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 167-ге түсіпті. Соның 42-сі Мақат ауданына қатысты. Бірақ, бұл – ауа тазарды деген сөз емес.

– Бүгінде булану алаңдары ашық аспан астында тұр. Мұнда қаланың қос жағалауынан кəріз сулары құйылады. АМӨЗ де қалдығын осында төгеді. Десек те, былтыр мердігер мекеме анықталып, рекультивация жұмыстары басталды, – деді Əлібек Мұратұлы.

Экология мəселесіне байланысты халықтың пікірімен келіспейтіндер де бар. Солардың бірі – Атырау АМӨЗ-дің еңбек, қоршаған ортаны қорғау жəне азаматтық қорғаныс бойынша басқарушы директоры Əділет Шошанбасов.

– Біздің зауыт ауаны ластап жатыр дегенмен толық келіспеймін. Рас, мұнда мұнай өңделетіндіктен, ауаға зиянды заттар бөлінетінін жоққа шығармаймыз. Бірақ, бұл мəселеге байланысты жасалып жатқан жұмыстар да жоқ емес. Сонау соғыс жылдарынан бері келе жатқан кəсіпорынның механикалық тазарту құрылғылары ескірген. Биыл «Тазалық» жобасы аясындағы жұмыстардың бірінші кезеңі аяқталады. Сол кезде ескі құрылғылардың бəрі жойылады, – деп сендірді зауыт өкілі.

Қалай десек те, соңғы кезде қалада қолқаны қабатын жағымсыз иіс жиілеп кетті. Бұған осында ондаған жыл тұрып келе жатқан өзіміз де куəміз. Күн батысымен терезелерді жабуға асығамыз. Таңертең де – тап сондай жағдай. Бұрын өткір иістің не екенін білмейтін Вокзал маңы, Нұрсая, Самал ықшамаудандарының тұрғындары да қазірден саулықтары үшін алаңдаулы. Айталық, күндізгі уақыттың өзінде мұнда зиянды күкіртсутек мөлшері 4-5 шамасын көрсетеді (Түнгі мезгілде одан да асып кететіні анық. Авт.). Ал, дұрысында екіден аспауы шарт. Мұны тұрғындар ұялы телефондағы ауа сапасын онлайн анықтайтын «AirKZ» қосымшасы арқылы біле алады.

– 2021 жылы экология жəне табиғи ресурстар министрлігі мен əкімдіктің бекітуімен өңірдегі кешенді экологиялық проблемаларды шешу бойынша арнайы жол картасы жасақталған болатын. Соның аясында жұмыстар жүргізілуде. Қазір тұрғындарға булану алаңдарындағы рекультивация жұмыстарының аяқталуын күтуден басқа амал жоқ . Ал, АМӨЗ – ге келсек, ол қала аумағында орналасқандықтан, осындай жағдай орын алып отыр. Егер қашықта болғанын да ауа да бүлінбес еді. Биылдың өзінде зауытқа бес рет тексеріс жүргізіліп, бірқатар заңбұзушылықтар анықталды. Сəйкесінше айыппұл салынып, төрт қондырғыны бір айға тоқтату жөнінде сот шешімі де шықты, – деді экология департаментінің басшысы.

Облыстық табиғи ресурстар жəне табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Қалиева мəселені шешудің бір жолын ұсынады.

– 40 тармақтан тұратын жол картасында бірнеше бағыт қамтылған. Онда ауа, су, қалдық, көгалдандыру жəне экологиялық мəдениетті арттыру мəселелері бар. Біздегі негізгі мəселе – кəріздік тазарту қондырғыларының əбден ескіріп, лас судың тазартылмаған күйі булану алаңына жетуі. Қазір қаланың сол жағалауындағы қондырғының жаңғыртылып, пайдалануға берілгені күпті көңілге медеу болып отыр. Енді оң жағалаудағысы жаңғыртылып жатыр. Меніңше, ауаны тазартудың бір жолы болса, бұл – көгалдандыру жұмыстарын күшейту, – деген ол осы бағытта ірі кəсіпорындар мен əкімдік арасында меморандум жасақталғанын айтып өтті.

Бұл бойынша АМӨЗ, НКОК, «Ембімұнайгаз», ТШО кəсіпорындарына жоспарлы шығындарына сəйкес арнайы жер учаскелері бөлініп берілді. Мысалы, НКОК Еркінқала, Береке ауылдары мен Мақат ауданында жасыл желек жайқалтып, өзгелерге үлгі көрсетуде. Ал, қалған құрылымдарда бұл жұмыс жобалық құжаттарға байланысты əзірге тоқтап тұр. Тал еккен жақсы ғой. Бір күнде мың көшет отырғызуға да болады. Бірақ, соның бəрін күтіп-баптап жатқан жан бар ма? Мамандардың есебінше, шыбық толыққанды ағашқа айналуы үшін он жылдай уақыт керек екен. Сол аралықта оны үздіксіз суарып, түбін қопсытып отыру қажет. Ал, мұнымен кім айналысып жатыр? Біз қай істі де белсенділікпен бастап, тап солай тастай саламыз. Мұны мойындамасқа болмайды.

Техника ғылымдарының кандидаты, эколог Мəнсия Есенаманованың айтуынша, алақандай Атыраудың өзінде 116 мың көлік болса, соның зиянын қайтару үшін соншама ағаш егу керек екен.

– Сандарды «сөйлетер» болсақ, бір көлік 8-9 келі көміртек оксидін шығарады. Бұл не деген сөз? Яғни, біз бүкіл халық болып тал егуіміз керек. Естеріңізде болса, бұрындары Атырауда ағаш өспейді деген əңгіме жүрді. Соның ішінде Вокзал маңы ықшамауданы көгалға арналмағаны айтылды. Ал, қазір онда жасыл желек жайқалып тұр, – дейді ғалым.

Мәнсия Санаққызы шаһардағы сасық иіс зауыттан емес, булану алаңынан шығып отырғанын айтады. Өйткені, көп көлемдегі күкіртсутек лас судан бөлініп жатыр. Оны химиялық немесе микробиологиялық әдіспен, яғни, көмірсутекпен қоректенетін микроағзалар арқылы тазартуға болады.

Айжамал ОТАРБАЕВА, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенті

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз