Атыраудың экологиясын талқылауға арнайы мониторингтік топтың мүшелері келді
Мұнайлы өңірдің қазіргі экологиялық жағдайын бақылау мақсатында құрылған мониторингтік топ Атырауға келді. «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы ғимаратында өткен кездесуде топ мүшелері қазыналы өлкедегі қазіргі экологиялық жағдайды талқылады.
Мониторингтік топ құрамында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Абақанов Елдос, Жаңбыршин Еділ, Тұрғанов Дүйсенбай, ЕҚЫҰ-ның Нұр-Сұлтандағы кеңсесі, Экономика және экология бөлімінің басшысы Рати Джапариди, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің штаттан тыс кеңесшісі, Министрліктегі «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Болат Қасымов және «Қазақстанның табиғатты қорғау ұйымдарының қауымдастығы» ММ экология бойынша сарапшысы Сәкен Ділдахмет болды.
Басқосуға Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов және өзге де жауапты лауазым иелері қатынасты.
Бұл кодекс бұрынғыдан өзгерек
«Бұл өңірдің экологиялық мәселелері қордаланып қалған. Экологияға қатысты жаңа кодекс енгізіліп, заң жобалары қабылданғаны да белгілі. Мұның бәрі қоршаған ортаға қатысты түйткілдерді реттеуге арналады» деді Парламенті Мәжілісінің депутаты Еділ Жаңбыршин. Кодекстегі жаңа механизмдердің қазіргі зкологиялық жағдайды реттеуге мүмкіндік беретінін айтқан мәжілісмен бұл бағыттағы жұмыстарды билік өкілдері, қоғамдық ұйымдар мен экобелсенділер болып бірлесе атқаруға шақырды.
Иә, жаңа Экология кодексі бұрынғы құжаттардан өзгерек. Алғаш 2007 жылы қабылданған бұл кодекске 2018 жылға дейін шамамен 160 түзету енгізіліпті. Сарапшылардың айтуынша, заңдағы бұрынғы кейбір нормалар бір-біріне қайшы келген. Яғни, ондағы тұжырымдама қоғам талаптарына сәйкес болмапты.
Жаңа құжат талабына сәйкес, енді ірі кәсіпорындар жасыл технологияны енгізуге мідетті. «Ластаушы төлейді және қалпына келтіреді» қағидатының негізінде ластануды болдырмау және бақылау бойынша шаралар, сондай-ақ қоршаған ортаға келтірілген зиянның орнын толтыру үшін жауапкершілік көзделген. Яғни, экологиялық зиян орын алған жағдайда табиғат пайдаланушы қоршаған ортаны бүлінбеген, бастапқы таза қалыпына келтіруге мідетті.
Парламент Мәжілісінің депутаты Дүйсенбай Тұрғанов бір ғана обылыс аумағында мұнай өңдеу зауыты, Қарабатандағы «Болашақ» және «Теңізшевройл» компаниясының индустриялық кешенді зауыттары, Жайық өзенінің сол жақ жағалауындағы «Тухлая балка» және оң жағалауындағы «Квадрат» алаңдарының қоршаған ортаға тигізіп отырған зияндарын атап өтті. Бұл жайында жергілікті және республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жиі айтылғанымен, нәтиженің көңіл көншітпейтіні рас. Дегенмен, депутат өткен жылы төл газетіміз қолға алған жаңа жобаны бірқатар бастамаға серпін берді деп санайды.
– «Атырау» газетінің «Ойыл, Қиыл, Жем-Сағыз» атты жаңа экологиялық жобасы негізінде Атырау және Ақтөбе облыстарының еріктілері жиналып, аталған шағын өзендердің проблемасын қоғамдық мәселе ретінде көтерген болатын. Бас прокуратура нұсқауымен шағын өзендер бойына заңсыз орнатылған су бөгеттері мен дамбыларды бұзуға шешім қабылданған еді. Осыдан туындайтын мәселелердің алдын алу және оның зардаптарын жою мақсатында Парламенттің бір топ депутаты салалық ведомостволар мен Премьер Министрдің атына бірнеше рет хат жолдады. Бірақ, нәтиже қарқынды емес, — деді ол.
Көрші елмен келісім керек
— Жайық пен Қиғаш өзендерінің әбден суалып, кей жерлерінде аралдардың пайда болуы және Каспий теңізінің жағдайы да ерекше көңіл бөлуді қажет етеді. Теңіздің қазіргі ахуалы 1980 жылдардың орта тұсындағы Арал теңізінің апатты жағдайымен парапар, — деген халық қалаулысы бұл мәселеге бүгіннен бастап назар аудармаса және жағдайды Каспий жағалауындағы елдермен бірлесіп шешпесе, Атырау өңіріндегі ауыр экологиялық ахуал одан әрі өрши түсетіндігін айтты. Өз ұсынысын да жолдады.
«Тек Атырау облысы аумағында ғана емес бүкіл республика бойынша шағын өзен мәселесін оңтайлы шешу мақсатында арнайы республикалық бағдарлама қабылдау, Жайық өзенінің мемлекеттік стратегиялық маңызын арттыру мақсатында Үкімет деңгейінде шешім шығару керек. Трансшекаралық өзендер жөніндегі халықаралық конвенция талаптарын жүзеге асыру жөнінде Ресей федерациясы тарапынан құжаттар қабылданған. Соған қарамастан, бүгінде Жайық өзенінің Ресей бөлігіндегі салаларында су қоймаларының жұмысы әлі жалғасуда. Ал, халықаралық заң талаптары бойынша бұл мәселе Қазақстан тарапымен келісіле отырып жүзеге асырылуы шарт. Сондықтан, екі мемлекет басшылары арасында бұған қатысты өзара тиімді келісімшарттар жасалуы қажет» деп түйіндеді ойын Дүйсенбай Тұрғанов.
Бір жылда — 135 заңбұзушылық анықталған
«Казгидромет» РМК мәліметіне сенсек, облысқа қарасты стансаларда биыл 152 рет ауаның күкіртсутегімен жоғары ластануы, 4 экстремалды жоғары ластану тіркелген. Иә, бұл былтырмен салыстырғанда әлдеқайда төмен көрсеткіш. Дегенмен, «бәрекелді» деуге ерте.
Облыс бойынша экология департаментінің басшысы Әлібек Бекмұхаметов өңірдегі ауаны ластаушылардың негізі кәсіпорындар екенін атап, табиғат пайдаланушыларын қадағалау туралы айтты.
«Ауаның негізгі ластаушы көздері ретінде Атырау қаласының сол жағалауындағы «Тухлая Балка», «Квадрат» булану алаңдары, қалдықтар полигоны және қала маңында орналасқан ірі кәсіпорындардың объектілері болып отыр. Ол нысандар — «Атырау» мұнай өңдеу зауыты, «Казтрансойл», «Казтрансгаз», КТК, «Парк хранения сжиженного газа», «Атырау» жылу орталығы, «Батыс петролеум», «Вест дала», Атырау облысы су арнасының сорғы стансылары».
Осылай деген Әлібек Бекмұхаметов 2020 жылы облыстағы табиғат пайдаланушыларға 83 тексеру жұмысы жүргізіліп, нәтижесінде 244 экологиялық заңнама талаптарын бұзу фактісі анықталғанын жеткізді.
Анықталған заңбұзушылықтар бойынша 95 әкімшілік іс қозғалып, жалпы құны 96 017 000 теңгеге әкімшілік айыппұлдар салынған, оның ішінде өндірілгені — 94 390 895 теңге.
Ал, биыл жүргізілген 52 тексеруден 135 заңбұзушылық анықталып, ол бойынша қозғалған 100 әкімшілік істен жалпы құны 64 479 280 теңгеге әкімшілік айыппұл салыныпты.
Жиын соңында қоғам белсенділері қызу пікірлерін айтып, ұсыныстарын жеткізді. Жиын төрағасы Парламент Мәжілісінің депутаты Елдос Абақанов айтылған пікірлердің хаттамаға енгізілетіндігін және оң шешімін тапқанға дейін бақылауында ұстайтындығын жеткізді.
Жиыннан соң мониторингтік топ дөңгелек үстелге қатысушылармен бірге өңірге белгілі нысандар ЖЭО су қабылдағышы мен «Атырау МӨЗ» ЖШС-нде болып, олардың жұмысымен танысты.
Серікбол ПАНАБЕРДИЕВ