
Атыраудағы экологиялық ахуал – қоғам назарында
Атырау қаласындағы экологиялық жағдай бүгінде күрделі күйінде қалып отыр. Атмосфераның күкіртті сутегі, меркаптан, күкірт диоксиді, бензол, басқа да зиянды заттармен ластануы өңір экологиясына айтарлықтай әсер етуде.
Осыған орай, «Глобус» экологиялық-құқықтық бастамалар орталығы белсенді азаматтар және экобелсенділермен бірлесіп брифинг өткізіп, қоғамдық тергеудің нәтижелерін жариялады. Брифинг барысында ауа сапасының нашарлауы, су көздерінің ластануы және тұрғындардың денсаулығына байланысты мәселелер кеңінен талқыланды.
Қоғамдық бірлестік мемлекеттік органдарға ресми сауал жолдап, экологиялық ахуал, атмосфера ластануы мен заң бұзушылықтар туралы бірқатар маңызды мәліметтер алған. Сонымен қатар, облыстық денсаулық сақтау басқармасынан алынған деректерге сәйкес, қалада аллергиялық, тыныс алу, қан айналымы және онкологиялық аурулармен қатар бастапқы мүгедектікке шығу жағдайларының артқаны байқалып отыр.
Орталық төрағасы Галина Чернова қаладағы кәріз жүйесінің жартысынан астамы жаңғыртуды қажет ететінін, су тазарту кешендерінің уақытында салынбауы салдарынан ағынды сулардың ашық булану алаңдарына төгіліп жатқаны экологиялық жағдайға кері әсерін тигізіп отырғанын атап өтті.
Экобелсенділер ерекше атап өткен нысан – қала маңындағы «Квадрат» булану алаңы. Мұнда ірілі-ұсақты 300-ге жуық кәсіпорын ағынды суларын төгеді. Сарапшылардың мәліметінше, бұл су алдын ала тазартудан өтпей, ауа мен топырақты ластауда. «Қазгидромет» пен тәуелсіз сараптамалардың мәліметтері бойынша, қалада ауа құрамындағы зиянды заттар шекті мөлшерден асып түсетін жағдайлар тіркелген.
Осыған байланысты, қоғам өкілдері бірнеше нақты ұсыныс білдірді. Атап айтқанда, ластаушы кәсіпорындардың жиынтық әсерін ескеру, «Квадрат» алаңын экологиялық бақылауға алу, ағынды суларды міндетті түрде алдын ала тазарту, ескірген инфрақұрылымды жаңарту және осы бағыттағы барлық жұмыстарды қоғамдық бақылауға беру.
Атырау қаласындағы тазарту жүйелерін жаңғыртып, заманауи экологиялық талаптарға сәйкестендіру – уақыт талабы. Бұл – қоршаған орта мен халық денсаулығын сақтау үшін маңызды қадам.
Алмас ҚАБДОЛ
Сурет: aeok.kz