Атырауда тоғыз айда экологиялық заңнаманы бұзған 177 факт анықталып, 252 млн теңге сомасында айыппұл өндірілді
Бұл туралы Атырау облысы Экология департаменті басшысының орынбасары, бас мемлекеттік экологиялық инспектор Сырым Тлегенов мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Осы жылдың 9 айында шаруашылық жүргізуші субъектілерге экологиялық заңнаманы сақтау бойынша 92 тексеру жүргізілген. Оның ішінде 19 профилактикалық бақылау, 53 жоспардан тыс, 20 өзге нысанды тексеру болған.
-Тексеру нәтижесі бойынша экологиялық заңнаманы бұзған 177 факт анықталып, 40 нұсқама берілсе, оның 26-ы орындалды. Жалпы сомасы 252 млн 277 мың 890 теңгеге 118 әкімшілік айыппұл өз еркімен өндірілді. Ал 132 әкімшілік істі қарау нәтижесі бойынша жалпы сомасы 270 млн 465 мың 505 теңгеге әкімшілік жаза қолданылды, — деді С.Тлегенов.
Айта кетейік, бұл тексеру экожүйені жақсарту бойынша жұмыстар қабылданған Экологиялық кодекс және бекітілген «Жасыл Қазақстан» Ұлттық жоба шеңберінде жүргізілуде.