Атырауда «Таза Қазақстан» жобасына 700 ерікті қатысты
«АМАNАТ» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Абылай Құрметұлы жыл басынан бері «Таза Қазақстан» жобасы аясында 56-ға жуық іс-шара өтіп, оған 700-ден астам ерікті қатысқанын атап өтті.
— Көшелерді тазалау, ағаш отырғызу, қоқыстарды жою – осының барлығы біздің жұмысымызға айналды. Басты мақсат – халықтың экологиялық санасын арттырып, табиғатты құрметтеу мәдениетін қалыптастыру. Мысалы, көктемгі су тасқынынан кейін қалған 160 тонна қап топырақты жағалаудан шығарды. Ал акцияға 56 ерікті қатысты. Ал 30 оқушы «Алмагүл» шағынауданында жазушы Әбу Сәрсенбаев ескерткіші жанындағы саябақты қоқыстан тазартты. Бұл атқарылған істердің бір бөлігі ғана. Келесі жылы да бізді көп жұмыс күтіп тұр. Біз тоқтап қалмаймыз, облыс аумағын тазартуға бағытталған түрлі шараларды да жүргізетін боламыз, — деді Абылай Құрметұлы.
Сенбілік барысында «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері эмоциялармен бөлісті. Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің студенті Балжан Берболатова мұндай шараларға қатысу қала экологиясын жоғары деңгейде сақтауға септігін тигізетінін айтты. Сонымен қатар, ол Жылыой ауданындағы су тасқынының зардаптарын жоюға атсалысты.
«Таза Қазақстан» жобасы аясында полиция бөлімімен бірлескен іс-шараларға белсене атсалысқан тағы бір белсенді Нұрай Марат өңірдің тазалығын сақтау мен экологияны сақтаудың маңыздылығына тоқталды.
Полициямен бірлескен жұмыс қаланың ластануына жол бермеуге және қоршаған орта тазалығына жауапкершілікпен қарауға бағытталған.