АТЫРАУДА ҚҰСТАР ҚЫРЫЛЫП ЖАТЫР… (+видео)

screenshot 20220629 163259 Экология

Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Баутино және Аташ ауылдарының маңынан бірнеше құстың өлексесі табылғандығы туралы мәлімет тараған болатын.

Облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының бөлім басшысы Мереке Шалқаровтың айтуынша, «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В.» компаниясының өкілдерінен (NCOC) компанияға тиесілі «Қашаған» кен орнының екі жасанды ДС-01, ДС-04 аралында қара шұбар тұқымды шағала құстарының жаппай қырылу фактілері  анықталғандығы туралы ақпарат 19 маусым күні келіп түскен.

– Инспекция тарапынан  құстардың өлу себептерін анықтау   бойынша комиссия құрылды. Аталған аумаққа арнайы барып, онда профилактикалық тексерулер жүргізілді. Құстардың өлу себебін анықтау мақсатында су, топырақ және ауа сынамалары, құстардың өлекселері зерттеуге алынды. Атырау облысының барлық аумағында құстардың өлгені туралы анықталған фактілер бойынша құзыретті органдардың қатысуымен ұқсас жағдайларды анықтау мақсатында толық бақылау мониторингі жүргізілді.

26 маусымда Каспий теңізінің солтүстік бөлігінде орналасқан Шалыга аралының – «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында шағала құстарының өлу фактілері анықталды. Оның ішінде «Чеграва» – 1000 дана, Қызыл кітапқа енген «Қара бас өгізшағала» – 1200 дана, «Өгізшағала» – 300 дана. Шалыға аралында өлген құстардың жалпы саны 2500 болды.

«Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында зертханалық жағдайларда олардың өлу себептерін анықтау үшін өлген құстардың биоматериалдары алынды. Биоматериалдар Алматы қаласының Микробиология және вирусология институтына жіберілді, – деді Мереке Қырықбайұлы.
Сондай-ақ, бөлім басшысының мәліметінше, 29 маусым күні жіберілген сараптама қорытындысын Микробиология және вирусология институтының мамандары екі-үш күннің ішінде хабарлайтындығын айтады.

Инспекция өкілінің айтуынша, шағалалардың қандай кеселге тап болғандығы туралы алдын-ала болжам бойынша өлген құстардың сынамаларынан «АН5 құс тұмауына» оң нәтиже анықталған. Бұл туралы 24 маусым күні Республика Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталығынан жауап келген.
Жиналған құс өлекселері өртелуде. Айта кету керек, 1 шілдеден бастап рұқсат етілетін әуесқой аңшылар үшін биылғы құс ату маусымы әзірге ашылмайды.

Сондай-ақ, елордадан арнайы орнитолог мамандар шақырылып, облыстағы барлық үй құстарына да сынама алынатын болды. 
– «Құс тұмауы анықталатын болса қандай жұмыстар атқарылады?» деген сұрағымызға, бөлім басшысы әзірге шектеу шаралары жүргізіліп жатқандығын, жергілікті атқарушы органдар мен инспекция, ветеринария мекемелері тарапынан тергеу жұмыстары мен одан кейін де атқаратын жұмыстар жүйелі түрде жүргізілетіндігін айтады.

– Бұл жағдай облыс көлемінде толықтай бақылауда. Аталған жайт анықталғалы өлген құстардың жалпы саны 5750-ті құрап отыр, – деді бөлім басшысы Мереке Шалқаров.

Бөлім басшысының айтуынша, мұндай жағдай Ресей Федерациясы аумағында да тіркелген.

– Ресей Федерациясында құс тұмауына байланысты шектеу ережелері 1
маусымда енгізілген. Нақты ақпарат жоқ, 1 шілдедегі мәлімет бойынша 5 мың шағаланың өлгені туралы айтылды, – деді инспекция өкілі.

Сондай-ақ, Маңғыстау облыстық жануарлар әлемі және орман шаруашылығы басқармасы мамандарының сөзінше, құстар қатты дауылдың әсерінен де өлулері мүмкін екендігін айтқан болатын.

Алмас БАУЫРЖАНҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз