Атырауда плоггинг форматында «Таза жағалау» экологиялық акциясы өтті

30026bac e38a 40b2 b903 9bf46799ae41 Экология

«Таза табиғат» ұлттық жобасының «Бірге таза Қазақстан» және «Мекенім жасыл орманым» акциясы аясында қолға алынған іс-шараға Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің «Қолданбалы экология» мамандығының, С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжі, О.Көшеков атындағы Атырау аграрлы  техникалық колледжі, Атырау энергетика колледжі, Атырау көлік және коммуникация колледжінің студенттері белсенді қатысты.

Сенбідегі экологиялық бағыттағы жұмыс облыстық әкімдіктің, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің алдынан бастау алды. Қатысушылардың барлығына қажетті құрал-жабдықтар қолғап, қап, күрек, тырма таратылды. Екі «старт» нүктесінен шыққан командалар Еркінқала округіндегі саяжайлар мен «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының «Рыбоходный» бекетіне дейінгі Жайық жағалауындағы ұзындығы 3 шақырым аумақта тазалау жұмыстарын жүргізді.

9475e337 192a 4fcd b541 e0b35508d022

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының қолдауымен «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған акцияның басты мақсаты – облыс тұрғындары арасында экологиялық ағарту және насихаттау жұмыстарын жүргізу, өңірдің табиғат қорын молайту, су ресурсын қорғаудың маңыздылығын көпшілікке ұғындыру.  

   

f21eea91 6a84 4df7 8273 aacaf9d5f5c6

–Біздің бүгінгі акцияда аталған аумақты таңдауымызға бұған дейін студенттердің қатысуымен өткен экологиялық жорық шарасы басты себеп болды. Жорықты өткізу кезінде Жайық жағалауының тұрмыстық қалдықтарға толы екені байқадық. «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының «Рыбоходный» бекеті инспекторлары тарапынан осы тұстағы Жайық жағалауын балық аулаушылар мен демалушылардың ластап жатқаны, қолданған заттарын жинамай, қоқыстың көбеюіне себепші болып отырғандығын айтып, сенбілік өткізуге ұсыныс білдірді. Бұл мәселеге «жасұландықтар» бейжай қарамай, плоггинг форматында «Таза жағалау» акциясын қола алып отырмыз. Мұндай акциялар жастардың экологиялық мәдениетін көтеру, қоршаған ортаны қорғау ісіне атсалысу және жергілікті жердің табиғи байлығын сақтауды насихаттауда маңызды. Біз табиғатты қорғау жұмыстарына үнемі белсенді араласамыз. Бұл істе жастардың қызығушылығын арттыру үшін әртүрлі форматты қамтимыз. Бұған дейін облыстың орман қоры жеріне 200 дана жеміс ағашын да отырғыздық, – дейді «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының жетекшісі Мартагүл Қанатова.

b195716c 6d30 4981 bac8 78fd14bb0a46

Бүгінгі іс-шараның бірінші бөлімінде әр оқу орнынан қатысушы командалардың әрқайсысына 600 метр аумақты жүгіре отырып тазалауға 20 минут уақыт берілді. Барлық команда бір уақытта өз мәрелерінен қозғалып, белгіленген уақытта өздеріне берілген аумақты қоқыстан тазартып, жиналған қалдықтың мөлшерін өлшеді. Қоқыс арнаулы автобаза қызметі арқылы полигонға тасымалданды.

Ал, екінші кезеңде барлық қатысушымен тимбилдинг ұйымдастырылып, табиғат аясында көңілді старт эстафетасы ретінде командалық ойындар өтті.  

           Соңында плоггинг жеңімпаздары дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталды. Барлық қатысушыға Алғыс хат пен ынталандыру сый-сияпаты табыс етілді.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз