Атырауда мұнаймен шаң басып жүрген кім?
Атырау облыстық экология департаментінің мамандары әлеуметтік желідегі жарияланымдарға қатысты жауап берді.
Арасында белгісіз біреулердің мұнайға ұқсас сұйықтық төгіп жүргені туралы да бейнежазбалар бар. Осыған орай біз аталған департаменттің баспасөз қызметінен мұндай видеолардың қаншалықты рас екенін сұрастырған едік. «17 қыркүйекте жүргізілген тексеріс нәтижесінде Исатай ауданындағы Жанбай ауылынан 3 шақырым қашықта мұнай өнімдері тәріздес сұйықтықтың ашық далаға төгілгені анықталды.
Барлығы 323 шаршы метр болатын үш аумақ бүлінген. Енді топырақтан сынамалар алынып, зертханалық талдау жұмыстары жүргізілуде» деп жауап берді департамент мамандары. Экологтардың айтуынша, кінәлі адамдарды анықтау мақсатында қажетті құжаттар жинақталып жатыр.
Естеріңізде болса, былтыр осындай уақытта Исатай ауылының маңында бәзбіреулер шаң басу үшін мұнай шашып жүр деп тұрғындар дабыл қаққан еді.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ