Атырауда мемлекеттік қызметкерлер Ретро паркті тазалады
Елімізде аумақтарды абаттандырып, көгалдандыруға бағытталған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы сәуір айында басталған болатын. Содан бері облыста іс-шаралар жоспары жасақталып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Ретро-саябақта ұйымдастырылған акцияға 150-ге жуық адам қатысты. Олардың арасында кәсіпорын, мекеме өкілдерімен қатар, ерікті жастар да бар.
Саябақта егілген жасыл желектерге күтім жасау, суару, қопсыту, сыпыру, ағаш түптерін әктеу, саябақ қоршауын сырлау секілді т.б. жұмыстар атқарылды. Атырау қаласын көгалдандыру жобасының басшысы Леонид Задёрин жобаның бес жылдан бері тиімді жүзеге асып келе жатқандығын айтты.
– Жасыл желекті жақсы көріп, ұқыппен қарау керек. Егер уақытында су құйып, арам шөбін жұлып, тыңайтқышын салып, күтім жасамаса шіріп, іске алғысыз болып қалады. Акция барысында бірнеше компаниялар жұмылдырылып жатыр. Сондай-ақ, суару жүйелерін қалпына келтіру жұмыстары жүруде. Осы айда 600 шаршы метрге орама көгал төселеді. Былтыр күзде 500-ден астам шаған, үйеңкі, қайың секілді т.б ағаштар отырғызылды. Оған да шетелдік және жергілікті компаниялар үлес қосты. Биыл көктемде де ағаш, бұта, гүлдер отырғызылды, — деді Л.Задёрин.
Биыл өңірдегі елді мекендерді көгалдандыру мен жасыл аймақтар құру жоспарына сәйкес, 59 гектар аумаққа 117000 дана ағаш отырғызу жоспарланып, көктемгі кезеңде 9038 дана ағаш көшеттері мен 4600 бұта өсімдігі отырғызылған.
Күні бүгінге дейін 12 сенбілік ұйымдастырылып, оған 46 мыңнан астам адам қатысқан. Сондай-ақ, 1053 техниканың күшімен 1391 тонна қоқыс полигондарға шығарылды.
«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарына сәйкес жұмыстар жыл аяғына дейін тұрақты жүргізіледі.
Алмас ҚАБДОЛОВ
Суреттерді түсірген автор