АТЫРАУДА 3,5 МИЛЛИОН БАҒАЛЫ ШАБАҚ ЖАЙЫҚҚА ЖІБЕРІЛДІ
Бүгін, 6 тамыз күні Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауытында қорытпа, бекіре, пілмай және шоқыр шабақтары Жайық өзеніне жіберілді. Жалпы саны 3,5 миллионды құрайды деп хабарлайды ATPress.kz
Мұнда жұмыс таң атысымен қайнап жатыр. Алдымен, аталған зауыт қызметкерлері 16 тоғанда өсіріліп жатқан шабақтарды жағаға тартып шығарып, жинап алды. Содан соң әрқайсысын мамандар өз қолдарымен санап шықты. Салмақтарына дейін мұқият өлшеп алды. Бұның бәріне арнайы құрылған комиссия да көз жеткізді. Оның құрамына Атырау облыстық балық шаруашылығы басқармасы, жергілікті атқарушы органдар мен ғылыми орталық өкілдері кірді.
Осылайша, тоғандарда шамамен екі ай тіршілік еткен шабақтар Жайыққа жол тартты. Бір қызығы, бекіренің бес түрі де бір-біріне ұқсамайды. Өлшемдері де әртүрлі. Орташа алғанда, 7-47 грам аралығын құрайды.
– Бүгінгі шара – биылғы көктемде басталған балық өсіру жұмыстарының ақтық кезеңі, яғни, мәресі деп қарастыруға болады. Ең бірінші, аналық және аталық балықтар ауланып, олардан жасанды ұрықтандыру жолымен уылдырық алынды. Кейін шабақтар өсіп-жетілді. Міне, енді оларды Жайыққа жіберіп жатырмыз, — дейді Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауытының директоры Ғилыман Сәрсемалиев.
Ляззат САЛИМОВА