
Атырауда 27 заңсыз қоқыс орны анықталды
Облыста рұқсатсыз төгілген қалдықтарды жою жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл бағытта жыл сайын «Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ спутниктік бақылау арқылы республика аумағындағы ірі қоқыс үйінділерін анықтау жұмыстарын жүзеге асырып келеді. Атырау облысы бойынша экология департаменті қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мен облыстық полиция департаменті өкілдерімен бірлесіп, тұрмыстық қалдықтарды заңсыз тастаушыларды анықтау мақсатында тұрақты рейдтік шаралар өткізуде. Осы жұмыстардың аясында департамент рұқсатсыз қоқыс орындарын тазарту жұмыстарына арналған баспасөз турын ұйымдастырды.

Аталған департамент мамандары, «Арнаулыавтобаза» ЖШС коммуналдық қызметкерлері және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысқан баспасөз туры «Сарыөзек» шағынауданының маңында өтті. Мұнда үш арнайы техника мен бірнеше коммуналдық қызметкердің көмегімен заңсыз төгілген қалдықтарды тазалау және жою жұмыстары жүргізілді.

–Спутниктік түсірілімдердің нәтижесінде жыл басынан бері облыс аумағында 27 рұқсатсыз қоқыс орны анықталған. Оның ішінде 20 орын Атырау қаласында орналасса, 7 орын Махамбет ауданының аумағына тиесілі. Аталған 27 қоқыс ошағына қатысты департамент тарапынан жергілікті атқарушы органдарға ресми хаттар жолданып, тазарту шаралары қолға алынуда, — дейді Атырау облысы бойынша экология департаментінің баспасөз хатшысы Эльнара Оралова.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА