Жарнама
Экология

Атырау экологиясы: бірлескен әрекет қажет

Өңірде экология мәселесіне арналған ауқымды форум өтті. Жиынға облыстың ірі өндіріс орындарының, табиғатты қорғау саласындағы мемлекеттік мекемелердің басшылары, сарапшылар мен эколог мамандар қатысты. Басқосуда облыстың қазіргі экологиялық жағдайы, оның ішінде ауа мен су сапасы, қалдықтарды өңдеу, лас суларды тазалау сияқты маңызды мәселелер көтерілді.

1c8cbbc0 1335 485d b215 a369422ac0f1

Форумның басты мақсаты – өңірдегі экологиялық ахуалды ашық көрсету, өндіріс ошақтарының қоршаған ортаға әсерін талдау және тұрғындарға зиянын тигізетін факторларды азайту жолдарын қарастыру.
Спикерлердің айтуынша, өңірдегі басты мәселелердің бірі – мұнай және мұнай-газ компанияларынан шығатын зиянды қалдықтар мен газдар. Сонымен қатар, тазаланбай булану алаңдарына төгілетін лас сулар мен тұрмыстық қалдықтарды полигондарға тасымалдау жүйесі әлі де жетілдіруді қажет етеді.

c2e6d859 d33b 4b3e a450 3eae1887c6fb

– Біздің облыс – өндірістік аймақ. Сондықтан экология мәселесі әрдайым күн тәртібінен түспейді. Соңғы жылдары бұл салада нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Мәселен, «Тухлая балка» булану алаңында жаңа су тазалау кешені орнатылды. Соның арқасында бұрынғыдай қатты иіс мүлде жоқ. Қазір 860 гектар жер тазаланды, ал қалған бөліктерін 2026–2027 жылдары толық тазалау көзделіп отыр.
Қала шетінде орналасқан «Квадрат» булану алаңы да ерекше назарға алынды. Бұл мәселе көп жылдан бері шешілмей келе жатқан болатын. Бүгінде тазарту жұмыстары басталып, оны 2025 жылдың соңына дейін толық аяқтау жоспарланып отыр, — деді форумға қатысқан облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұрлан Жантоқов.
Сондай-ақ кәріз суларын тазартуға арналған жаңа кешеннің құрылысы жүріп жатыр. Жоба толықтай 2025 жылдың желтоқсанында іске қосылуы тиіс.
Форум аясында мамандар экологиялық мәселелерді шешуде бірлескен әрекет пен қоғамдық бақылаудың маңызы зор екенін атап өтті.

Алмас ҚАБДОЛ
Суреттерді түсірген автор

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button