Атмосфераны қалдықтардан қорғайды
«ҚазТрансОйл» компаниясы экологиялық жобаны қолға алды. Еліміздің батыс өңірі бойынша бірінші болып іске қосылған экологиялық жоба мұнай тасымалдау кезінде өндірістік қалдықсыз жұмыс істеуге мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда қондырғы Атыраудағы Н.Шманов атындағы мұнай айдау стансасында жұмыс істеп тұр. «ҚазТрансОйл» АҚ Атырау мұнай құбыры басқармасының бас инженері Марлен Төлегеновтің айтуынша, өткен жылы іске қосылған қондырғы ауаға тарайтын қалдықтардың мөлшерін 80 пайызға дейін азайтуға мүмкіндік берген. Түсінікті болу үшін айта кетсек, аталмыш стансаға жүргізілген қайта жаңғырту жұмыстары кезінде, сыйымдылығы 140 мың текше метр болатын қосымша сегіз резервуар пайдалануға берілген болатын. Мұнайды сақтау және жөнелту кезінде резервуардың ауаға зиянды қалдықтарды тарататынын ескерсек, жаңа қондырғының экологиялық, өндірістік және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жол ашқанын атап өткен жөн. Қондырғы мұнайды текке жоғалту қаупін де жойып отыр.
«Бұл әсіресе, экономикалық жағынан тиімді қадам. TS-4500 маркалы буды қалпына келтіру қондырғысының басты ерекшелігі – ол мұнай тасымалдаудағы экологиялық тұрғыда ең таза транспорт болып табылады. Біздің мақсатымыз – қауіпсіздікті сақтау, өндіріске экологиялық таза және қуат үнемдегіш технологияларды енгізу», — дейді бас инженер Марлен Төлегенов.
Енді қондырғы қалай жұмыс істейді деген мәселеге келсек, жеңіл көмірсутек бу газды сіңіріп алу кезінде белсендірілген көмір тазартқыш түйіршік қабатынан өтеді. Осылайша, органикалық қосымшалар белсендірілген көмірдің жоғарғы қабатында «ілініп» қалады да, буды қайта қалпына келтіру қондырғысы арқылы, атмосфераға құрамында көмірсутегі жоқ таза ауа шығады.
«Аталмыш қондырғы мұнай айдау стансасының жұмысына оң ықпалын тигізіп отыр. Ең басты жеңісіміз – біздің жұмысшыларымыз токсинді буды жұтпайды. Екіншіден, өндірістік шығынның көлемі азайды. Осылайша, қондырғы көмірсутектің ауаға тарамай, керісінше, шикізат болып оралуына жағдай жасап отыр», — дейді «Қаз Транс Ойл» АҚ Атырау мұнай құбыры басқармасының бас инженері Марлен Төлегенов.
Журналистер үшін өткен баспасөз-турында компанияның мұнай айдау стансаларында қоршаған ортаны қорғау бағытында атқарылып жатқан жұмыс ауқымы баршылық екеніне көз жеткіздік. Олардың қатарында табиғи газ бен электр энергиясы сынды энергоресурстарды оңтайландыру бағытындағы жобалар да бар. Сонымен қатар, компания қуат тұтыну мөлшерін үнемдеумен бірге, қоршаған ортаға зиянын келтіретін қалдықтарға тосқауыл қоятын инновациялық технологияларды да іске қосты. Олардың бірі – бірқалыпты жүргізу функциясы бар реттеуіш жиіліктік жетегі. Аталмыш технология электр қуатын үнемдеп, электр қондырғыларының жұмыс істеу мүмкіндігін арттырады. Осындай кешенді жұмыстар өндірістік жұмыс барысында қолданылатын жанармай көлемінің үнемделуіне мүмкіндік берді.
Қоршаған ортаны лас қалдықтардан қорғайтын қондырғы Т.Қасымов атындағы мұнай айдау стансасында да орнатылатын болады. Жоба бойынша жоспар 2019-2021 жылдары жүзеге асырылуы тиіс.
Айта кетелік, «Қаз Транс Ойл» АҚ еліміздегі магистралдық мұнай құбыры бойынша ұлттық оператор болып табылады.
Сіз не дейсіз?
Айнұр ХАЛИАХМЕТОВА, Атырау облысы бойынша экология департаментінің бас маманы:
Экологиялық тұрғыда қауіпсіз қондырғы
«Қаз Транс Ойл» АҚ Атырау мұнай құбыры басқармасының негізгі міндеті – мұнайды тасымалдау екені белгілі. Мұндағы табиғатты ластаушы көздер негізінен мұнай сұйық қойма паркі, құю-төгу эстакадасы болып табылады. Осыған орай, Атырау облысы бойынша экология департаменті атмосфераға тасталатын лас қалдықтар мөлшерін азайту мақсатында арнайы қондырғылар орнатуды ұсынған болатын. Қазіргі таңда компанияның Атыраудағы Н.Шманов атындағы мұнай айдау стансасында TS-4500 маркалы буды қалпына келтіру қондырғысы орнатылды. Аталмыш қондырғы ауаға тасталатын өндірістік қалдықтар мөлшерін айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді.
Баян Жанұзақова