«АқЖайық» резерватындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында кешенді шаралар қолға алынуда
«Ақжайық» мемлекеттік табиғи қорығындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін, Атырау облысының әкімі Серік Шапкеновтің тапсырмасымен, өрт сөндіру қызметтерінің материалдық-техникалық базасын жақсартуға жергілікті бюджеттен 1,5 млрд теңге бөлінді.
Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев telegram каналында жазды.
Облыс әкімінің орынбасары бұл қаражатқа 2 жол тағамайтын көлік, жедел әрекет етуге арналған 2 көлік, 1 автосаты және басқа да қауіпсіздік техникалары сатып алынатынын жариялады.
“Орман шаруашылығы мекемелеріне 38 қосымша бірлік бөлінді. Бұған дейін Атырау облысы әкімдігі «АқЖайық» резерватын коммуналдық балансқа алу мәселесін көтерген болатын. Алайда, Экология министрлігі резерватты әкімдік балансына беру ерекше қорғалатын аумақтар туралы заңға қайшы келетінін айтты. Дегенмен, министрлік қорықтың материалдық-техникалық базасын жақсартуға 285 млн. теңге бөлді.
Сондай ақ, өрттің жайылуының алдын-алу мақсатында ғарыштық мониторинг жүйесі қолданыла бастады.
28 шілде күні бұл жүйе алғашқы нәтижесін беріп, қамыс өрті тұтанған бойда өшірілді.
Бұл қадамдардың барлығы резерваттағы қауіпсіздік, төтенше жағдайлардың алдын алуға оң әсерін тигізеді деп сенемін”,- деп жазды Жасұлан Бисембиев.