
Ақтаулық сүңгуір теңіз астындағы бір шақырымнан астам аумақты қоқыстан тазалады
Ақтаулық сүңгуір Қанат Абдиев Каспий теңізінің астындағы 1270 метр аумақты қоқыстан тазалады, деп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Теңіз астындағы тазалық жұмыстарын сүңгуір жиі жүргізгенімен, әлеуметтік желіге көп жарияламайды екен.
Қанат Абдиевтің айтуынша, теңіз астында негізінен тамақ қалдықтары мен пластикалық өнімдер кездеседі. Сүңгуір тұрғындарды тазалықты сақтауға шақырды.
-Ақтаулық сүңгуірлердің арнайы чаты бар. Тазалық жұмыстарын тек мен ғана емес, басқа сүңгуірлер де жүргізеді. Жалпы, теңіз астында негізінен тамақ қалдықтары мен пластикалық бөтелкелер, полиэтилен пакеттері жиі кездеседі. Су астында 8-10 метр тереңдікте жатқан қоқыс тазаладым. Бұған дейін теңіз түбін тазалағаннан кейін, осы жолы 1 қап қоқыс шықты. Барша тұрғынды қоршаған ортамызға құрметпен қарап, тазалықты сақтауға шақырамын, — деді Қанат Абдиев.
Kazinform.kz