Жарнама
Экология

АЛҒАШҚЫ ЯДРОЛЫҚ ЖАРЫЛЫС


ТҰРҒЫНДАР 
хабарсыз еді…

1947 жылы Семей полигоны салынып, 1949 жылы ашық аспанда атом бомбасының бірінші сынақ жарылысының жасалғанына да биыл, 2014 жылдың 29 тамызында 65 жыл толып отыр. 1953 жылы 12 қыркүйек айында сутегі бомбасы, 1955 жылы қараша айының 22-де термоядролық құрылым сыналды. Сынақтар әуелі ашық аспанда, жер үстінде, тек 1963 жылдан табиғат пен тіршілікке салыстырмалы зияны аз  жерасты сынағы басталды. Семейде 445 ядролық жарылыс, оның 90-ы ашық аспанда, 26-ы жер үстінде, қалғаны жерасты жарылыстары болды. Ашық ауада, жерүсті жарылыстан 55 радиоактивті бұлт, 69 аса қауіпті улы газ ағыны ауаға   тарап кетті.

Батыс Қазақстан облысының «Капустин Яр» полигоны 1952 жылы салынып, сәл төменірек, сол Нарын құмының Тайсойған-Азғыр аймағында (қазіргі Атырау облысы, Құрманғазы ауданы) әуелі 10-300 метрлік биіктікте жасалған атмосфералық және жерасты 11 ядролық жарылыс, Ақтөбе облысы Байғанин ауданының аймағындағы жерасты ядролық жарылыстар, 1970 жылғы Ақтау қаласының маңында үш рет ядролық сынақ жасырын жасалып, бұлар «халық шаруашылығының мүдделері үшін жасалған зерттеулер» деп түсіндірілді.

Куәгерлер көзімен

Қазақ халқының басынан өткен небір қилы заманның бір парасы саналар бұл зұлматтың куәгері болған  азаматтардың естелігіне көз жүгіртсек.

Генерал Талап Қабденов «Өмір — өзен» деген кітабында: «Нарын құмы, 1952 жыл: …батыс жақтан гүрс еткен сұмдық дауыс, одан кейін іле-шала, қазан астындағы қызарған шоқтың түсіне еніп, кейіннен аспан жүзін саңырауқұлаққа ұқсаған дәу бір нәрсе қымтап бара жатты» — деп жазады. Автор «бұл атом бомбасының жер үстінде жарылғанының көрінісі еді» дей келе, елдің Нарыннан аударыла көшкенін, сол дүрмектің ішінде өз отбасының да болғандығын баяндайды.

Ал, жазушы, сыншы, ақын Сатыбалды Даумов «Зеңгір көгім» атты өлеңінде:  

… Жерден шыққан «саңырауқұлақ» бұлттарға,

Сен де менше қарадың ба таң қалып?…

… Құм Нарыннан бір-ақ күнде жұрт көшіп,

Полигонға айналғанда құт бесік… — деп, батыс өңірінің, Нарын құмындағы 1952 жылғы  бірінші жарылысты осылай сипаттайды. Жазба авторының өзі – сол оқиғаның куәгері. Ол сол жердегі Азғыр орта мектебін 1953 жылы бітіріп, Алматыға оқуға кетпес бұрын орын алған оқиғаны өз көзімен көрген-ді.

Бұл зұлматты мен де көрдім

Мені 1965 жылы медицина институтын  бітіріп келгенде, Атырау облысы, Құрманғазы ауданының Нарын құмындағы Азғыр өңіріне, Сүйіндік кеңшарының туберкулезге қарсы ауруханасына бас дәрігер етіп тағайындады. Сол жерде бес жыл қатарынан қызмет етіп, біраз жағдайларға куә болдым. Ол кезде мен рентгенолог-радиолог емеспін, емдеу факультетін бітірген жай ғана дәрігермін.

1968 жылдың жаз айында, айналадағы барлық бөлімшелік емханалардың дәрігерлеріне  «жедел жәрдем машиналарымен, толық медициналық құралдарымен Азғыр ауылына (кеңшар орталығынан 25 шақырымдағы ферма орталығы) келсін» деген нұсқау келді. Барсақ, тікұшақтармен, әскери машиналармен келген бір топ әскери адам, ішінде генерал да бар, бүкіл ауыл адамдарын, түгелімен ауылдан 2-3 шақырымдай жерге, далаға көшіріп тастаған екен. Сол жолы жерасты сынақ жасалған, жарылыс кезінде жер аздап теңселіп, сілкінгендей болды. Біршама уақыттан кейін үйлеріне барған адамдардың еш нәрселері бүлінбегенімен, 7 жылдық мектептің қабырғасы жарылып, саман тастан салған медициналық амбулаторияның төбесі түсіп қалған екен. Бар-жоғы екі айдың ішінде әскери адамдар, финдердің құрама үйлерінің көмегімен мектеп, жаңа амбулатория салып берді. Халық аса қуанып, тойлап жатты…

Кейін білдік, Азғыр жерінің астында кристалды Азғыр тұзының (калий хлор) қалың қабаты бар екен, сол ауылдан 1,5 шақырым жердегі қабаттың ортасын ойып, 165 метрлік тереңдікте, ядролық бомбаның зарядын салып, жерасты жарылыс жасап, жер бетіне шығатын сәулелік негіздерін зерттеген екен. Әрине, мен оны рентгенолог-радиолог болғаннан кейін ғана білдім. Азғыр полигонындағы бірнеше жарылыстардың килотонналық мөлшері онша «үлкен» болмағанмен, жарылыс эпицентрі салыстырмалы жақын болуына байланысты оның зардабын осы күнге дейін ауыл адамдары әлі кешіп келеді.

Ядролық жарылыстың қасіреті мен зардабы жөнінде айтпай-ақ қояйын, ол туралы ақпараттар көп, бұл мәселе жөнінде халқымыз жалпылама таныс. Сорақылығы сол, бастапқы уақытта жарылыс болатын жерге жақын орналасқан отар-отар малды, малшы ауылдардың тұрғындарын көшірмей, сынақ-тәжірибе ретінде зерттеу жұмыстарын жасады. Соның кесірінен біреулер қаза болып, қалғандары осы күнге дейін азабын тартып отыр. Қиыны сол, бұл – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын қасірет…

Академик А.Д.Сахаров сутегілік бомбаны ойлап шығарып, зертханада тәжірибелік, ең кіші көлемде жарылыс жасағанда, жарылыс күшінің күштілігінен айналасындағы зертханалық ыдыстарды сындырғанын көріп, шошып кетіп, бұны тек қана бейбітшілік мақсатта қолдану керек деп түйген. Ол кезде бұл құпия зертхана  Қорғаныс министрлігінің стратегиялық бағыттағы ракеталық әскери бөліміне қарайды екен. Сол бөлімнің басшысы, артиллерия бас маршалы М.И.Неделин келгенде, академик А.Д.Сахаров: «Митрофан Иванович! Бұл жаңалықты  қару ретінде қолдануға болмайды, өте күшті, қауіпті, бұны тек бейбітшілік мақсатында қолдану керек», — деп айта бастаса, маршал: «Сөзді тоқтатыңыз да, өз жұмысыңызды жасаңыз. Қару ретінде қолданамыз ба, қолданбаймыз ба, ол – біздің жұмысымыз», — депті.

Үлкен қозғалыстың бастамасы

Семей полигонын айтсақ, оны жабу ісіне көп еңбегін сіңірген ақын, қоғам қайраткері  Олжас Сүлейменов бастаған қозғалысты айтпай кетуге болмайды. Ол 1989 жылы  халықаралық ядролық қаруға қарсы «Невада – Семей» қозғалысын құрып, бірнеше жыл әлемнің жүз мыңдаған адамдарының антиядролық қозғалыстарын қолдады. Жер жүзі бойынша радиацияның тіршілікке тигізетін қатерлі әсерлерін дәлелдеп, басты ядролық державалармен тайталасты. Мәскеуде, Стамбулда, Нью-Йоркте және басқа да қалаларда қауіпті болса да акция-шерулер жасап, жер үстіндегі барлық бес полигондағы ядролық қарулардың сынамаларын тоқтатты. Ал, осы болып жатқан жағдайларды халыққа танымал етіп отырған арнайы «Полигон» атты бөлімі бар, «Халық конгресі» газеті де 1989 жылы дүниеге келіп, ол ядролық жарылыстың қасіреті мен зардабын әшкерелейтін мақалалар мен очерктерді әр нөмір сайын жариялап отырды.  Кеңес үкіметі кезінде бұл антиядролық қозғалыс мүшелері мен журналистердің, яғни, ерлердің еңбегі еді. Бұл үлкен қозғалыстың бастамасы болатын! Міне, сол «Невада – Семей» қозғалысының пайда болғанына да биыл ақпанның 28-де  25 жыл толды.

Егемендік алғаннан кейін, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті  Нұрсұлтан Назарбаев – ядролық қарудан бас тартқан бірінші президент.

Иә, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ақылдылығын, көрегендігін осыдан көруге болады, себебі – үлкен ресурсты термоядролық қаруы бар, көп елдерді күш арқылы қорқытып,  өз сөзін өткізе алатын, билігін жүргізе алатын елден, ақылға салып, ойлап- пішіп, тек бірлік арқылы бейбітшілік жолмен дамуды таңдап алған біздің Елбасы ғана. Қазір бұл бағыттың дұрыстығын уақыттың өзі дәлелдеп келе жатыр және дәлелдейді де.

Түйін:

Бұл жазбамда барлық термоядролық сынақтарға ғылыми-тәжірибелік тұрғыдан  баға беруді мақсат тұтқан жоқпын. Тек адамзатты жаппай қырып-жою құралдарын жасаудың, сынаудың, сынақтарды тоқтатудың қысқаша тарихымен таныстырып, алдағы уақытта ондайға жол бермеуге, дүние жүзі халықтарының соғыссыз, бейбітшілікте өмір сүруіне тікелей еңбек сіңіріп жүрген жүз мыңдаған антиядролық қозғалыстың белсенді мүшелерімен қатар, жер жүзі бойынша аттары шыққан өз еліміздің ерлерін қазіргі ұрпақтың есіне салуды көздедім.

Еркін Шайқымов,
дәрігер рентгенолог-радиолог, 
Батыс Қазақстан Мемлекеттік медицина
университетінің профессоры,
Ақтөбе облысы.
(Арнайы «Атырау» газеті үшін).

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button