«Орман» – тілсіз жаудың алдын алады
Облыста жыл сайын жаз айларында орман алқаптарында жиі орын алатын өрт оқиғаларының алдын алу, оны ауыздықтау мақсатында «Орман» деп аталатын кең ауқымды акциясы биыл да ұйымдастырылды. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Бүгінгі таңда облыстағы орман қорларының аумағы 56 265 га-ды құрайды. Ішкі істер, Экология және табиғи ресурстар министрліктерімен бірлескен жоспар шеңберінде жүзеге асырылуы тиісті іс-шаралар тізбесі бекітілген. Соны басшылыққа ала отырып, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы, «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы өңірлік филиалы, полиция департаменті, «Жаңа жастар» орталықтары бірлесіп, атқарылатын жұмыстардың жоспарын жасақтады. Жоспарға сәйкес, әрбір аудан, қала өз аумақтарында жұмысқа кірісті.
Осылайша, акция аясында жазғы ойын-сауық демалыс орындарында 12 рет рейд жүргізіліп, 500-ден астам азамат профилактикалық түсіндірме жұмыстарымен қамтылды. Барлығы 9 орында өрт қауіпсіздігіне байланысты көрнекіліктер ілініп, бірнеше жүздеген ескерту парақшасы таратылды. Алғашқы өрт сөндіру құралдарының қалай қолданылатындығы жөнінен тәжірибелік сабақ өткізілді.
Дәулетқали АРУЕВ