Жарнама
Экономика

ЖЫРҒА АЙНАЛҒАН ЖАНАРМАЙ

Мұндай жағдай алғаш рет болып отырған жоқ. Өткен жылдары (2011 жылдың қысында) және (2012 жылдың жазында) мұнай құнының тап осылай төмендеуі екі рет қайталанған. Алайда, біздегі баға тек қана көтерілуге бейім. Еліміздің Ұлттық экономика министрлігінің бекітуімен жанар-жағармайдың шекті бағасы, соның ішінде халықтық сұранысқа ие АИ-92/93 бензинінің бәсі (128 теңге) бірден 13 теңгеге қымбаттағанымен, жанармай тапшылығы әлі де жойылар емес. Неге?..

— Аға, бірде-бір жанар-жағармай бекетінде бензин жоқ…

— Талонға да жоқ па?

— Иә, талонға да!..

Бұл – еліміздің Ұлттық экономика министрлігі жанар-жағармайдың шекті бағасын тамыздың 21-інде (1 литр үшін: дизель отыны – 115 теңге, АИ-80 – 89 теңге, АИ-92/93 – 128 теңге) бекіткеннен кейін бір айға жуық жалғасқан нақты жағдай. Әсіресе, халықтық сұранысқа ие АИ-92/93 бензинінің бәсі бірден 13 теңгеге қымбаттағанымен, жанармай тапшылығы жойылар емес. Неге?

Жалпы, бензин бағасының көтерілуі тұрмысқа қажетті барлық тұтыну тауарларының бәсіне тікелей әсер ететіні сөзсіз. Азын-аулақ жалақысы мен зейнетақысына ғана қарап отырған қарапайым жұртшылыққа бататыны да осы жағы. Салыстырып қарасаңыз, сауда орындары қазірдің өзінде азық-түліктің бағасын біртіндеп өсіре бастады. Айтатын сылтаулары – «тасымал құны қымбаттап жатыр», «автокөлікке бұрынғыдан көп төлейміз», «бұрынғы бағамен сатар болсақ, нендей пайда көреміз?»…

Жанармай бағасының көтерілетіндігін жыл сайын әбден запы болып қалған автокөлік жүргізушілері тамыз айының басында-ақ сезіп, өзекті мәселе етіп көтерді. Өйткені, сол кездің өзінде жанармай бекеттерінде АИ-92/93 бензині бірде бар, бірде жоқ бола бастаған еді. Бірақ, министрліктер өкілдері биік мінберлерден «тамызда баға көтерілмейді» деп мәлімдегенімен, сол тамыздың соңы тақырға отырғызып тынды. Қайта-қайта брифингтер өткізіліп, бұл ахуалдың себеп-салдарлары түсіндіріліп жатты.

Энергетика министрі Владимир Школьниктің айтуынша, еліміздің бірқатар өңірлерінде, әсіресе, шекара маңындағы облыстар аумақтарында АИ-92 бензиніне тапшылық қатты сезілген. Өйткені, сол аймақтардан көрші елдердің көліктері біздің арзан жанармайды тасып әкететін фактілер көрініс берген. «Қазір жанармай нарығындағы ахуалды тұрақтандырудың барлық шаралары алынуда. Еліміздің базаларында АИ-92 маркалы бензиннің 95 мың тоннасы сақтаулы тұр» деді ол.

Алғашқы брифингтердің бірінде «ҚазМұнайГаз» қайта өңдеу және маркетинг» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Ерболат Қожабаев Ресейдің қымбат бензинін сатып алу экономикалық тұрғыдан тиімсіз болғанын алға тартты. Атап айтқанда, мемлекеттің бағаны шектеу саясатының салдарынан мұнай өнімдерін жеткізетін оператор тек өткен екі айдың өзінде 800 миллион теңге шығынға батыпты. Ал, тасымалды шектеуге тағы жол жоқ. Қазақстандағы үш мұнай өңдеу зауыты сұранысты толық қанағаттандырмайды. Айталық,  «ҚазМұнайГаз» қайта өңдеу және маркетинг» АҚ таратқан мәліметке сүйенсек, жаңағы үш зауыт жылына 1,9 миллион тонна АИ-92 маркалы бензин мен 4 миллион тонна дизель отынын өндіреді екен. Ал, елдегі нарық сұранысын өтеу үшін жылына АИ-92-нің 2,8 миллион тоннасы, дизельдің 4,6 миллион тоннасы қажет. Осы айырмашылық Ресейден келетін мұнай өнімдерінің есебінен жабылып келген екен.

Десек те, әлемдік нарықта мұнайдың бағасы түсіп жатқанда бұл негізгі себеп бола қояр ма екен? Өзімізше сараптама жасап көрелік:

Шекті бағаларды реттеу қағидасы бекіткен анықтамалар бойынша мұнайдың әлемдік нарықтағы бағасы, біздің жағдайымызда сәйкесінше уақыттағы «Датированный Брент» (Brent Dtd) стандартты сортының шетелдік валютадағы орташа бағамы есептеледі. Осы тұрғыдан алғанда, осыдан бір апта ғана бұрын, атап айтқанда, 9 қыркүйекте Brent маркалы мұнай құны бір баррельге шаққанда 100 доллардан түсіп кетті. Мұндай жағдай алғаш рет болып отырған жоқ. Өткен жылдары (2011 жылдың қысында) және (2012 жылдың жазында) мұндай жағдай екі рет қайталанған. Алайда, біздегі баға тек қана көтерілуге бейім.

Мұнай және газ секторындағы экономист-сарапшы Сергей Смирнов http://lsm.kz сайтына берген сұхбатында «бұл жағдайға жанармай түрлерінің тек бөлшек саудадағы бағасының реттелуі себеп» деген пікір білдіріпті. Өйткені, көтерме саудадағы бағасын жеткізуші белгілейді. Маманның айтуынша, «ҚазМұнайГаз өнімдері» дизель отынының көтерме бағасын 103 теңгеден бірден 110 теңгеге көтеріп жібергенін айтады. Сөйтіп, реттелмейтін көтерме баға бөлшек саудадағы жанармайдың құнына жақындап қалған. Сондықтан, бөлшек саудадағы ғана емес, көтерме саудадағы жанармай бағасын мемлекеттік реттеу қажет. Сергей Смирновтың сөзіне қарағанда, АИ-92 бензинінің жаңа шекті бөлшек саудадағы бағасын 128 теңге етіп белгілеу сұраныстың 40 пайызын құрайтын ресейлік импортқа қатысты мәселені шешпейді.

Біріншіден, АИ-92 маркалы бензиннің Ресей мен Қазақстан шекарасындағы құны – 125 теңге. Бөлшек саудадағы компанияларға бұл бағамен әкеліп сату тиімсіз екені айдан анық.

— Бұл сомаға тасымалдау, өнімді сақтау, операциялық басқа да шығындарды қосқанда жанармайдың құны 150 теңгеден асып кетеді. Яғни, ресейлік бензинді сатып алу тиімсіздігі осыдан көрінеді. Ендеше, бұл еліміздегі тапшылықты жанармай құю бекеттерінің қожайындары тудырып отырмағанын байқатады, — дейді экономист-сарапшы С.Смирнов.

Екіншіден, «Қазақстанның отын қауымдастығы-1» қоғамдық ұйымының мамандары Журналистер үйінде болған баспасөз мәслихатында таяу болашақтағы бензин бағасының белгісіз болып отырғанын мәлімдеді. Қауымдастықтың заңгері Жақсылық Жаңқаловтың пікірінше, мұнай тапшылығын бұрынғы мүдделес министрліктер мен ведомстволар, операторлар мұнай ресурстарын иеленгендермен бірлесіп, қолдан жасап отырғандай әсер қалдырады. «Қауымдастық сол кездегі Мұнай және газ министрлігі мен Бәсекелестікті қорғау агенттігіне және мүдделес мемлекеттік органдарға Ресейден жанар-жағармай әкелуді шектеу елімізде мұнай өнімдері тапшылығына соқтыратынын әлденеше рет ескерткен. Өйткені, еліміздің жанармай нарығының 40 пайызы импортқа тәуелді» дейді Ж.Жанқалов.

Оның мәліметтеріне жүгінсек, Ресейден мұнай өнімдерін жеткізуші оператор – «ҚазМұнайГаз» ЖШС 2014 жылға арналған мұнай өнімдерін жеткізу кестесі бойынша маусымда 112 мың тонна және шілдеде 50 мың тонна АИ-92 бензинін әкелуі тиіс еді. Алайда, маусымда небәрі 15 мың тонна, шілдеде 12 мың тонна ғана импортталыпты. Бұл – кестедегі көлемнің 16,7 пайызы ғана. Міне, Ресейдің жанар-жағармай нарығының Қазақстан тұтынушыларына жабық болғанының кесірі — осы.

Үшіншіден, сарапшы С.Смирнов мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту шешімі кеш қабылданған деп санайды. «Бұл шаруа әлдеқашан қолға алынуы керек еді. Өйткені, Ресей зауыттарының бәрі дерлік Еуро-4 және Еуро-5 стандартындағы өнімдерді шығаратын болса, біз әлі Еуро-2 бензинін малданып жүрміз. Сондай-ақ, біз тұтынатын сұйық отынның 50 пайызға жуығы Ресейде өңделеді, ал біздегі көрсеткіш – 18 пайыз ғана…» дейді ол. Оның үстіне, еліміздегі зауыттарды жаңғырту жұмыстары 2015 жылдан 2018 жылға, яғни үш жылға ұзарды. Сарапшының пікірінше, ішкі нарықтағы бензин тапшылығы 2019  жылға дейін созылады-мыс.

— Міне, осындай себеп-салдарлардың шешілуі бірыңғайланғанша, бензин бағасының тағы да өсетіні қапысыз. Одан басқа амал жоқ, — деп тұжырымдады ойын мұнай және газ секторындағы экономист-сарапшы Сергей Смирнов. – Себебі, қыркүйекте қажетті 300 мың тонна АИ-92 бензинінің орнына 160 мың тонна ғана бөлінді. Дизель отыны да сұраныстан екі есе кем берілген. Тапшылық болған жерде баға қашанда өсіп отырады ғой…

Шынында да, көзі аз, өзі қат нәрсенің бәрі қымбат тұратындығы – жазылмаған заңдылық. Оның үстіне, нарықтың  жағдайында мұның өзіндік белең алатыны тағы бар. Сонда «бензин бәсі қай шамаға барып тоқтайды?» деген сауалдың басы әзірге ашық тұр…

P.S.Әрине, елдегі мұнай-газ нарығындағы қазіргі ахуал үкіметтік құрылымдарды да алаңдатпай отырған жоқ. «KAZENERGY» қауымдастығы арнайы ұйымдастырған «дөңгелек үстел» басындағы талқылауға Энергетика министрлігінің, Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының, Қазақстан отын қауымдастығының өкілдері, сондай-ақ, жанармайды көтерме және бөлшек саудаға жеткізушілер де қатысты. Күн тәртібіндегі бүкіл қоғамды толғандырып отырған мәселені жан-жақты саралаған олар Ресейден келетін жанар-жағармайдың кейбір түрлерін импорттауға шектеулерді алып тастау және бұл істе бір ғана операторды болдырмау қажеттігіне бәтуаласты.

Сонымен қатар, Ресей мен Қазақстан арасындағы көтерме сауда бағасындағы айырманы теңестіру арқылы жанар-жағармай нарығындағы жағдайды тұрақтандыру жөніндегі Үкімет қабылдаған шараларды мақұлдады. Мұнай өнімдерін жеткізушілердің оны тарату рәсімдері мен талаптарын белгілеу арқылы облыстық әкімдіктердің жанар-жағармайдың таралу ашықтығын қамтамасыз етуі қажеттігі де осы басқосуда баса айтылды.

Осындай нақты алынып жатқан шараларға қарағанда, бүкіл елді алаңдатқан ахуалдың оң нәтижесі боларына үміттіміз. Өйткені, сөзіміздің басында айтқанымыздай, жанармай бәсінің көтеріле беруі тұрмысқа қажетті тауарлардың бағасына да әсер ететіні анық.

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button